Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Жауды жермен жексен етіп қайтамыз...» - АРҚА АЖАРЫ

«Жауды жермен жексен етіп қайтамыз…»

Кеңес Одағы келмеске кетсе де, сол жылдардағы тарихымыздың бізге беймәлім тұстары баршылық. Әріге бармай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыстың айналасындағы ақиқат әлі ашылып, айтылып болған жоқ. Хабарсыз кеткен жауынгер, жоғалған ұшақтар, теңіздің тұңғиығында қалған кемелер күні бүгінге дейін зерттелу үстінде.

Былтырғы жылы облыстық «Арқа ажары» газетінде (24 қыркүйек, №106) «Харьков қазаны» немесе жауға қарусыз шапқан боздақтар тағдырының ақиқаты» атты мақала жариялаған болатынбыз. Мақаланың жазылуына арқау болған жағдай 1942 жылы Ақмолада құрылып, Харьков қаласын қорғауда жойылып кеткен 106-қазақ атты әскерлер дивизиясының тарихы еді. Мақала жарық көрген күннің ертеңіне Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейіне Еңбекшілдер ауданы, Степняк қаласынан бір азамат хабарласты. Өзін ақмолалық дивизияның құрамында соғысқан Дәуіт Өскенбаевтың ұлы Еркін Дәуітовпін деп таныстырды. Ол да әкесі жайында қандай да бір ақпарат тапсам деген үмітте жүрген көрінеді.  
Қазіргі таңда Украинаның Харьков қаласында Макка Қаражанова басқаратын «Бірлік» қазақ жерлестер қоғамы аталған әскери бөлімнің тарихын зерттеумен айналысып жатқанын осыдан бұрынғы мақаламызда айтқан едік. Бұл дивизияға қатысты құжаттар соғыстан кейінгі жылдары әдейі жойылғаны да оқырман есінде. Харьков облысы Красноград және Кигичевка қалаларының маңындағы бауырластар зираты тегістеліп, ол жерлерге ағаш егілген.
Дәуіт Өскенбаевқа қатысты дерек табыла ма деген оймен Макка ханымға хабарластық. Макка Сағынғалиқызы әзірге анықталған 500 жауынгердің тізімінде мұндай фамилия жоқ екендігін, бірақ, жақында дивизияның қаржылық тізімі кездейсоқ табылып, жаңа есімдер қосылып жатқанын айтты. Құжаттың фотокөшірмелері «Бірлік» қоғамының ресми сайтында жарияланады, сол кезде қарап көрулеріңізге болады деген еді. Мақала авторы аталған құжаттың фотокөшірмесін қарап шыққанда Өскенбаев (Ускенбаев) тегі екі жерде кездесті. Взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарыпты. Бар дерек осы ғана.
Бертін Еркін ақсақал музейде қонақ болып, әкесі жайында бар білгенімен бөлісті. Әкесі Дәуіт 1908 жылы туған, сол уақыттағы оқыған, көзі ашық адамдардың санатынан көрінеді. Қызылжарда техникумды тәмамдап, «Чистяков» колхозының төрағасы қызметін атқарып жүргенде 1942 жылы наурыз айында әскерге шақырылыпты. Абзал әке майданға аттанғанда баласы бір жасқа да толмаған екен. 1948 жылы келген қара қағазда қайтыс болған уақыты 1943 жылдың қазаны деп көрсетілген.
– Анам 19 жасында жесір қалды. Мен жалғыз баламын үйдегі. Майданнан тек бір-ақ рет хат келіпті – деп сөзін жалғастырды Еркін Дәуітұлы. – Туысымыз Қосмағанбетов Қапезге жазыпты. Араб қарпімен жазылғандықтан, оқи алмадық. Кейін мешітке барып, сол жердегі арабша хат танитын бір адамға оқыттық. Хаттың мазмұны мынадай.

Амандық хат
Құрметті, жақсы көретін, бапа, мен Дәуіттен сағынышты сәлем! Қалай, аман-сау жүрсіз бе? Үй іші тегіс аман ба? Сақып, Клара, Күлшира, Рахметолла аман ба? Тәтеме хат жазғамын, алған шығар. Үй іші аман ба? Тәтем ауру-сырқаудан аман ба? Апам аман ба? Зейке, Ғалия, Мара, Бақыт аман ба? Бекқожа, Дүйсен, Марғуаш, Қабыкен, Мажи үйлері аман ба? Ал, бапа, мені сұраған үлкен-кішіге тегіс сәлем айт. Ал, менен амандық сұрасаңыз: Қамзе, Әліппен біргеміз. Тура «тойға» аттандық. Үйге әдейі хат жазғанмын Қорғаннан. Мына хатты 19 күні мамырда Свердловскіден жазып отырмын. Жауды жермен-жексен етіп қайтамыз деген талаппен келеміз. Ал, бапатайым, Еркін, Кәмәш далада қалмасын. Реті келсе Зұлқизаны көшіріп алыңдар. Еркінге хат жазғам жоқ. Амандықты Зейкеге толық түсіндіріп жазармын. Сұраған жанға менен сәлем айт. Аман көрісуге жазсын! Зейке, тәтем мен апамды ренжітпе, тәтемді ая. Мені ойлап жүрмесін. Көппен, халықпен көрген «ұлы тойға» кеттім, тегіс сәлем айт. Қош бол! Жазған – Дәуіт,19 мамыр, 1942 жыл, Свердловск қаласынан. Орныққан жерде тағы жазамын.

Оқып болып, Еркін аға біраз үнсіз отырды. Көңілі босап, көзіне жас алды.
– Жетпіс жылдан астам сақтадым. Енді осы хатты және әкемнің майданға дейін түскен жалғыз суретін батыр жерлесіміздің музейіне табыс етпекпін. Жас ұрпақ осы хаттарды көріп, оқып, бейбіт заманның басымызға қалай орнағанын біліп жүрсін. Ел қорғаған батыр жерлестерін мақтан етсін. Сіздердің Мәлік Ғабдуллиндей даңқты жерлесіміздің шығармашылығын, ерлігін насихаттау жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын! – деп игі тілегін білдірді. Сонымен қатар, Харьков қаласын қорғаушыларға  қойылатын ескерткіштің қаржы қорына көмек ретінде он мың теңге ақша аударды. 
Міне, бұл тек жалғыз отбасының басында болған жағдай. Ал, мұндай отбасылар елімізде қаншама. Іздеушісі, жоқтаушысы жоқ боздақтар осы күнге дейін «хабарсыз кеткендердің» қатарында жүр. Халық арасында хабар-ошарсыз кеткендерге деген көзқарас та әртүрлі. Бәлкім, «соғыс соңғы жауынгер жерленгенге дейін жалғасады» деген сөз рас шығар.

Нұрболат ӘЛМЕНОВ,
әдебиет және өнер музейінің
ғылыми қызметкері.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар