Алтайдың арғы бетінде…

әңгіме

– Орыстар келіпті!
Осы бір тосын хабар Алтайдың арғы бетінде, қоянжон қожыр таулардың арасында  жатқан шағын ауылды елең еткізді. Елең еткізбегенде қайтсін, бұлардың Рақымбайдан басқасы, тірі орысты бұл жарық дүниеде көрген де емес. Өз көргенінен гөрі өзгенің айтқанына көп сенетін қазақтың баяғы мінезіне бағып, «ойбай, әскер екен», «жо-жоқ, балықшылар дейді» деген қауесетті желдей гулеткен. – Не қылғанмен де бұл тегін әңгіме емес. Кімісі болса да әйтеуір, біреулері осы бетке келген ғой шамасы, – деп Рақымбай іштей топшылап қойған. Көптен бері Абай мен Шәріптің «әңгімесі» бәсеңсіп, өсек-аяңның оттығына шырпы таппай отырғанда  орма ауыз  әлдекімдерге мына жағдай  көктен тілегені жерден шыққандай әсер еткені тағы рас.

Ауыл арасының желбуаз қыдырма сөздері жоқ екен десеңіз, қателесесіз. Ақбалшықтың маңдайына біткен жалғыз шекіс*  Баймаған жайындағы әр алуан сөз ауыл-ауылды қыдырып, оның қызығы да азайып, тұздығы дәмсізденіп біткен. Ол, ол ма, Бөлкеш суайттың небір «хикаялары» да таңғалдырудан қалған. Бөтен құлақ, бөгде біреу болмаса,  көпшіліктің дені «Әй, соны қойшы» деп қолды бір-ақ сілтейтінді шығарған. Қалай айтқанмен де ел-жұрттың есін алатын бір әңгіме керек-ақ болып тұрған. Аңқ еткен ауыздар ашулы, елең етіскен құлақ біткен түрулі. Ала қыстай алыс-жуықтан «тұшымды» өсек-аяң ести алмай әбден қор болған қайран, ел көктемнің көкөзегіне ілініп, арқа-басы кеңи бастағанда міне, суатқа құлаған малдай шөліркеп орыстар туралы әңгімені сан-саққа жүгіртіп әкеткен. Басқасын қайдам, аузы күйген үрлеп ішедінің күйін көп кешкен Рақымбай мен Тәпен молда ғана тіксініп қалған болатын. «О, Жаратқан Ием, жар бола гөр, пәлесінен аулақ, аулақ!», – деп іштей күбірлеп тәсбиғын тартып қоятын Тәпеннің жөні бір басқа. Ал, Рақымбай болса, анау жылдары орыстың құқайын бір кісідей көрген, соның оғынан әзер деп аман құтылған  осы ауылдағы жалғыз адам. Осы хабар Рақымбайдың ескі жарасын тырнап, ұмыт бола бастаған ауруын қайта қоздырғандай ауыр күрсінді.  Қызыл қуып, ақ қашқан аласапыран заманда Алтайды асып, бас сауғалаған Бакичтің әскері Өрмегейті мен Қобда бетіне өткен болатын. 
Қамсыз жатқан жемтігін тарпа бас салған жыртқыштай                                                                                                               көздері қанталап, азуларын ақситып айбат шеге келген. Апанынан бөлтірігін алдырған қасқырдай аласұрған ақтың әскері жайбарақат жатқан бейуаз елдің зәре-құтын ұшырды. Жыландыны бойлап, Қобда ішіне ентелей кірген суыт жүрістерімен Ботамойыннан қаптай құлап, Ақбалшыққа аз күн аял қылған-ды. Қошағаштан бермен қызыл әскер Байкаловтың қолы келе жатыр дегенді ести сала, жанұшыра жанталасқан Бакич әскері «жыланнан түк тартсаң да олжа» дегендей, жарамды ат-көлік, ас-суды ала кетуді де ұмыт қалдырған жоқ. Анау заманнан бері атаға, руға бөлініп, өзара қырқысқан  Шерушінің жуандары да ала қойды бөле қырқып, бірі қызылдың жолын тосса, енді біреулері «ақтың» айтқанына көніп, айдағанына жүрді. Оқпанды мылтықтарын шошайтып, жалаң қылыштарын жалаңдатып келген ақ орысқа жол көрсетіп, жөн сілтегенсіп, қысқада өшін, ұзында кегін қайтарып алмаққа жанығып жүргендер баршылық еді. Солар бір топ шерікті Сүйінбайдың ауылының үстінен түсірген. «Екі ұлы Дөрбет пен Дәлел Қошағаштағы қызылдардың жансызы» дегенді құлақтарына әбден құйғаннан соң ба, кім білсін, құтырған төбеттей тап берген қарулы әскер ауылды азан-қазан етіп, қатын-баланы шулатып, кемпір-шалдарды кемсеңдетіп, ауыл ағасы Мұқыны көздерінше атты да, Дөрбет пен Дәлелді және оларға жамағайын тағы екі адамды байлап-матап ат артына өңгерген. Соның бірі осы Рақымбай болатын. Қатудан екіге айырылған әскер аяқ-қолдары байлаулы Қажыбек пен мұны Бұратыдан ары қарай алып жөнелген. Дәм-тұздары таусылмапты, су ішерлері бар екен, Қажыбек екеуі ноғай солдаттың көмегімен қапысын тауып қашып шыққан. Биік жарқабаққа жабыса еріп жатқан үйдей  кеуек мұздың астын паналағанда тұрқы қысқа Рақымбайды арқасына көтеріп тұрған Қажыбек болатын.  Сол Қажыбек те ана жылы қызыл орыстың оғына ұшып, шаһит болды. – Жарықтық адамның қайсары еді-ау! – Рақымбай күбірлеп марқұмға дұға қылып, бетін сипады да, орнынан тұрып тысқа беттеген.
Ш ым үйдің алдындағы алаңқайға жаңадан тіккен қараша құрым киіз үйдің есігін серпи ашып, далаға шыққанда көктемнің жанға жайлы салқын самалы сарайын ашып жібергендей болды. Үшқараның басына қарай домалап бара жатқан мамырдың шуақты күні де ерекше мейірін төгіп тұрғандай. Оң қолын көлегейлеп, өзен бойына көз тастаған. Тым-тырыс дүниеде алаң болар ештеме жоқтай. Тек қана өзенді өрлеп, суыт жүріспен бара жатқан екі аттыны көзі шалды. Жазбай таныды. Біреуі шекіс Баймаған, ал, екіншісі  шабарман  Қабдыразақ.
– Айдың күні аманында Аққабақта несі бар бұлардың. Осы жүрістері тегін емес-ау, – деп іштей ой түйді де, – Балам, торы атты ерттеп әкелші, – деп он үш жасар ұлы Дәулетке бұйыра сөйлеген.
Аққабаққа келіп қостарын тігіп жатқан орыстардың мән-жайын білмекке Баймаған мен Қабдыразақ хошуун** бастығы Тұраханның  тапсырмасымен шұғыл аттанды. Баймағанның артық-кем оспадар мінезінен зәтте болған хошуун бастығы бұдан гөрі естілеу ғой деп Қабдыразақты әдейі қосып жіберген. «Иттерді, бәлем… көрсетем оларға!» деп кіжініп атқа қонған Баймаған Қарасудан өте бере денесінің аздап қалтырағанын сезді. Тоңатын да күн емес. Шеке тамырлары солқылдағандай, жүрегі де өрепкіп өзді-өзіне келе алмай отырса да, дұшпан көз қылып қасындағы Қабдыразаққа сездірмеуге тырысып келеді. Қабдыразақ Баймағанның шикіл сары жүзіне барлай қарап алып. – Осыны көңірсітіп жүрген әлгі Жұманбай болды ғой. Оның айтқанына сену де қиын. Өтірік болса жақсы. Әгәрәки рас болып шықса  не істейміз, а? Орысша әжептәуір Рақымбайды атқосшылыққа алсақ дұрыс болар еді. Өзі орыстармен «дәмдес» болған жырынды қу ғой, а?–деп  қапталдаса түсті. Орыстың әңгімесі аз болып келе жатқандай, енді мынаның Рақымбайды қоса тіркестіріп, әдейі қыжыртып келе жатқанын түсінбейтін Баймаған ба? «Қарашы, қу аяқтың. Бұл ма, бұл, Қабдыразақ іштен шалады» – Баймаған шырт еткізіп жерге бір түкірді де. – Немене, білдей бір шекіс тақияңа тар болып келе ме? Әркім өз жөнін білу керек. Тайсақтасаң табаныңды жалтырат! – деді.
– Байекесі-ау, соншалықты шала бүлінгенің не тәйірі. Әгәрәки… дегенім  ғой. – Шабарман күмілжіп, қипыжықтап қалды да, таңертеңгілік кеңсе алдындағы Жұманбайдың  судай сапырған желқуық әңгімесін еріксіз есіне түсірді.     
Жұмсақ ауыз Жұманбай хошуун кеңсесінің алдындағы көкмайсада өз білгенін өтірікке жанып-жанып алып, желдей есіп, желбіретіп отыр. – Қасқыр жегір кер байталды іздеп Ботамойынға қарай қас қараймай тұрып шықпасым бар ма. Жол-жөнекей Бәтіханның үйіне соқтым. Ел ұйқыға ілінбей жетіп алайын  деп сыдыртып отырып, Аққабақтың тұсына енді іліне бергенім сол еді, жарқабақтың астынан оқыс бір от жалт етті. Жануар қарагер де есті ғой, ол да осқырынып, жалт бергені.
– Астапыралла!
– Шайтан болмасын.
– Тоқтаңдаршы, тәйірі, өзі айтсын. – Ескі тымағының  сол құлағын түріп емініп, Жұманбайдың ауызына кіріп кетердей болып отырған Мүлгісін  ұмсына түсті… – Сосын? Иә, деген…
– Ауып түсе жаздағаным. Таз ашуын тырнап алады демекші, қарагерді сары ала қамшымен осып-осып жібермесім бар ма. Көзіне шайтан көрінді ме, сол-ақ екен, мөңки  жөнелмесі бар ма.  Күндіз мөңкісе жөн-ау, түнде мөңкіген аттың үстінде кім отырып көріпті,  мен де бас-көз демей ұрып келемін, боқтап келемін,  ол да мөңкіп келеді.
– Ойпырмай, әлі жығылған жоқсың ба? – Ертегі тыңдап отырған баладай аңқиып қалған Мүлгісін шалдың шолақ танауы делдиіп, қылдай мойны ұзара түскендей.  Құлағы мүкіс Мүлгісіннің мына сөзі қалай да бір қитық таппай отырған қутыкеш жігіттерге дөп болды. – Әу, Мүсеке, сіз де қайдағы-жоқты сұрайсыз-ау, Жұмекең ана жылы елу екі рет мөңкігенде қыңқ демеген. Құдай-ау, оның қасында бұл тәйірі сөз болып па. – Қоқымның шиқ етіп күліп жібергенін көбі сезбей қалды. Қабдыразақ Қоқымға «тиыш отыр, бүлдіресің» деген ишарамен бүйірінен қамшымен түртіп қалды. Оны елең қылған Жұманбай жоқ, жіберіп тартып, жіберіп тартып  отыр. – Мөңкіген  қалпы  Аққабақтан төмен қарай бір-ақ ырғымасы бар ма. – Өзі қопаң етіп қозғалып та алды.
– Астапыралла! – Мүлгісін жағасын ұстап маңайындағыларға алақ-жұлақ қарады. Ақырын күткен өзгелер тым-тырыс. Екі аяғын бірдей көсіліп жіберіп, шынтақтай жантайған  Қабдыразақ бір тал жыланқияқты бырт еткізіп үзіп алды да, езуіне қыстыра салып, миығынан күле қарады. Пұшпақ тымағын маңдайына түсіре  киген ол көзін сығырайта қарап қалған.
– Бәлем, бәтшағарға да жан керек екен. Тік етіп төрт аяғымен топ ете түспесі бар ма. Есімді жиып, көзімді ашсам, айналам азан-қазан, у-шу. Кілең орыс. Тегіс үрпиісіп қалыпты. Қараң-құраң еткен еңгезердей біреуі шылбырыма жармаса түспесі бар ма.  – Кет, өй! – деп қамшымды оңтайлай бергенім сол еді, –Жұманбай, кампан, – деп ыржиып қарап тұр. Ойбай-ау, бұл кім еді деп дағдарып мен тұрмын. Есіме түсе кеткені, анау жылы Ақкөлге кіре тарта барғанда тамыр болған Тимопей екен. – Жұманбай, молодес – деп қояды.
– Пай-пай, итің зерек-ақ екен. Өйтпесе орыс бола ма? – Мүлгісін барқыт шапанының етегін қағып жіберді.
– Тіфу! – Қабдыразақ езуіндегі қияқты шырт түкіріп орнынан атып тұрды да, – Жұмеке, басқасы шын-ақ болсын, тап осыңыз шылғи өтірік. Осыны сөз деп тыңдап отырған біз де… – деп қолын  сілтей бұрылды. – Әй-әй, сен, сен… Қабеке өйтіп, сен өйтіп… – деген Жұманбай тұтығып сөйлеп, шекіртке басын қақшаң еткізді.   
Шиқ-шиқ күліп, өре түрегелгендерге бағжия қарап қалған Мүлгісін шал да еріксіз қиралаңдап етегін қағып, орнынан тұрған. Әңгімесіне әбден қызынып алған Жұманбай ә дегенде аңтарылып қалды да, шоқайып отырған қалпында. – Ей, сол орысты  өздерің көрсеңдер, қайда жүрсіңдер?! Бұл қырт қазақты сендіру қиын, енеңді… – деп қолтығына қысқан жаман тымағын жерге атып ұрған.
Жұманбайдың осы әңгімесі  Тұраханның құлағына да жеткен. «Өтірікшінің шын сөзі зая – деген.  Жұманбайдың көп өтірігінің бірі деп отырғанда түндік бауы босаң тұрлаусыз елді бүлдіріп алмасам жарады» – деген секем оймен хошуун бастығы шекіс Баймағанды бүгін шұғыл шақыртқаны  сол еді. Енді міне,  онымен бірге Қабдыразақ та еріксіз еріп келеді.
– Атаңа нәлет орыспен ойнамайтын неме ғой. Әй-шәйға қаратпай жайратып салса… – Осыны ойлағаны мұң екен, төбе құйқасы шымыр ете қалды да, сол жамбасында салпаңдап келе жатқан маузердің кабурын қалай сипағанын өзі де аңдамай қалды. Онысын Қабдыразаққа сездіргісі келмеді. Өтірік қоқиланып жөткірінген болды.
– Әгәрәки Жұманбайдың өзін ертіп шыққанда… – Қабдыразақ күңк еткен. Елеген Баймаған жоқ. Соңғы кезде Тұраханның Қабдыразақты жан тартып, үкімет шаруасына жиі араластыратынына наразы болып жүрген шекістің де ішіне бір түйнек біткен. Сол себепті де, хошуунның  шабарманынан бойын аулақ ұстап, кезі келсе, қауып алғанды жөн санайтын.  Күн Теректінің үстіне қарай аунап, көлеңке басы ұзара бастаған шақта бұлар Аққабақтың үстіне мінбелеп те келіп қалған болатын. Иек астарынан көлбей көтерілген түтін көзге шалынды. Қалай болғанда да, әлде кімдердің бар екендігі шүбәсіз болды. Өзен бойы енді ғана көгеріштеп жасыл жиектенген. Күннің еміренген сәулесінен мамырдың жайлы, майда шуағы сезіледі.   Өзен бойын қуалап салқын леп ұрып тұр. Көк өзекке қатар тігілген сұр шатырлар, әредікте тұсалған  төрт-бес ат та алақанға салынғандай ап-айқын жарқ етті. Үлкен қостың алдыңғы жағындағы мосыдан  көкшіл түтін шалқи  көтеріліп, ирек-ирек  із тастап әуеге сіңіп жатыр.  Қабақтан төмен түсіп жаяу баруға жүрегі дауламай абдырап тұрған Баймаған мосыға таман келе жатқан орысты шақырмақшы болды. – Ой, әкеңнің… орысты не деп шақырушы еді? – Өзді өзі кіжінгендей  бұрқ етті де, – ей, ей! –деп шіңкілдек дауысымен шар ете қалды. Жарқабақтың үстінде жарбиып тұрған қыр қазағына тосырқай қараған әлгі дударбас селқос бір қарады да, арғы үлкен шатырға кіріп кетті.  Сәлден кейін әлгімен бірге еңгезердей біреу ілесе шығып, бұларға қарай асықпай адымдаған. Баймаған да байыпты адамның кейпін көрсетіп, көк шолақтың үстінде нығыздалып отыруға тырысқан болатын…    
Р ақымбай хошуун бастығының шақыртуымен келгенде кеңсе алдындағы бір топ ауыл адамдары қыран-топан күлкінің үстінде екен. Аққабақтағы орыстардың мән-жайын айтып Қабдыразақ жеткенде, қораланып тұрғандар қопаң етісе қалған. Ошарылған көптің ішінен әлдебіреу, – Уа, Жұманбай қайдасың, тамырың келе жатыр дейді. Құшынып тұрмай алдынан шығып, қарсы алмайсың ба? – деп барлығына естірте тіл қатыпты. Атының сулығынан ұстап тұрған Жұманбай апыл-ғұпыл қарагеріне міне салып, алды-артына қарамай, тымағының екі құлағы салпаңдап анандайда кетіп бара жатқан еді. Жұрт соған күліп тұрса керек. Рақымбай асықпай атынан  түсіп, кеңсе жаққа беттегенде есік қарсы ашылып, ар жағынан Қабдыразақтың басы қылт ете қалды. Бұлардың да келгені осы болса керек. Тыстағылар. – Әй, қой, бұлар әскер емес қой, иә, айтам-ау, өзіміз секілді қарапайым адамдар болса керек. Иә, мыналар балықшылар ғой – деп дабырласып жатты. Рақымбай  есіктен кіргенде кеңсе іші ала көлеңке еді. Төбеден шығарған кішкентай жыртық көз терезесымақтан кешкі жарық өлеусіреп түскендіктен, бөлме іші ала барқын күңгірттеу көрінген. Төрдегі жалғыз үстелде қонжиып Тұрахан отыр. Оң қапталдағы ұзынша орындықта Қабдыразақ. Ол сәл ығысып Рақымбайға орын берді. Амандық-саулық сұрасқаннан соң Тұрахан жағдайды түсіндірді. – Расында, Аққабақтағылар шатыр тігіп жатқан орыстар екен. Қабдыразақ Баймағанмен бірге барып, мән-жәйға қанығып қайтты. Кешікпей өздері де келіп қалар. Дақпырт қылатын ештеме жоқ, Сәбет елінен келе жатқан күйелектер (геолог дегені) екен. Жер зерттеп жүрміз дейтін көрінеді. Қобдадан алған мөрлі қағаздары бар секілді. Мініске ат, жүк артуға түйе керек депті. – Солай емес пе? – дегендей Қабдыразаққа барлай қараған. Ол да жұлып алғандай, иә-иә, Апанасаи деген керуен басшылары солай деп отыр – деп лезімде қоштап қойды. Хошуун бастығы тамағын  кенеп алып, – Рәке, көпті көрген адамсыз ғой, бауырлас Сәбет елінің адамдарына көмектесу борышымыз. Аз күнге түйеңізді бере тұрсаңыз… деп созалаңдап барып тоқтаған.
– Жөн-ау, бірақ жалғыз інгеннің боталағанына көп уақыт бола қоймап еді. Боталы інгенді жүкке жегу қалай болар екен… Малға обал да… – деп Рақымбай да екі-ұштылау жауап қатқан.
–  Не қылғанмен де,  басқаға қолқамыз жүрмей отыр. Шынында, сізден басқа түйелі адам да жоқ.  Бұл енді өкіметтің тапсырмасы деп ұқсаңыз болды – деп, бастық сөзінің аяғын нығарлап қойды. Төмен қарап үнсіз отырған Рақымбай жеңіл күрсінгендей дыбыс шығарып, – Жарайды,  өкіметпен қорқытпасаңыз да болар еді. Алсын, алсын… Ең жаманы ботасы аштан өлер… деп еріксіз келіскен сыңай танытты.  Бұлар көр-жөр әңгімемен отырғанда тыстағы дабыр-дұбыр қайта гулеп , екі-үш адам тізіле кіріп келе жатты. Баймағанның соңынан ерген екеудің бірі әлгі  Қабдыразақ айтқан Апанасаиы осы болса керек. Еңгезердей, қаба сақалды, шүңірек көз орыс ешнәрседен қынбай алшаң басады. Жүрісі кердең, кеудесі менмен. Сәл бас изеп, амандасқанның ишаратын білдірді де, қасындағы ноғай өңдес талдырмаш жігітке әлде не деп гүр етті. Сірә, тілмашы болар. Рақымбай солай ұқты. Рақымбай қаба сақалдының түнерген жүзіне телміріп қарап қалғанын сезе қойды да, лезде көзін тайдырып әкетті. «Орыс, орысқа ұқсай береді-ау. Мынау баяғыда  Бұратыда  өзіне тапанша кезеген ақтың описерінен аумайды екен. Тап сол дерсің. Кәпірдің сұрқы жаман еді. Мынау да соның аржақ-бержағындағы біреу болып жүрмесе игі еді». Көзін төмен салған болып қиығымен зілдене қараған. Бастығы иек қаққаны сол еді, әлгі ноғай деп отырғандары судай қазақша төгіле жөнелді. – Бұл кісінің аты-жөні Афанасий, біздің топтың жетекшісі. Өзі Совет елінде аты танымал әйгілі геолог. Ал, мен болсам қатардағы көмекшімін. Қазақпын… Негізі Қазақстаннанмын… – Жас жігіттің жігерлі үні саңқ-саңқ етеді. Ашаң жүзіне жараса қалған үлкенірек қой көздері ұшқын атады. Мінезінің  елгезек, жұмсақ екендігін аңғару қиын емес. Отырғандар бір сәт аңтарылып қалған.              
Таңданысын жасыра алмаған Тұрахан. – Ә, қазақпын де? –деп барлай қараған.  Сәл кідіріп барып, – қай жерінен боласың, бауырым? – дегенді де сұрап қалды. Басындағы берзент кепкасын умаждай ұстаған жігіт іркілместен, – ағасы. Сыр бойынан боламын… Естуіңіз бар шығар? – деп тақ еткізіп жауап қайтарды. Тұрахан сыр бойы дегенді аса жақсы білмесе де «Е, сол жақтанмын де» деп бір қойған.  Енді әңгімеге Рақымбай араласты. –Айналайын, исі мұсылман, қарға тамырлы қазақтың үрім-жұрағаты екенсің.  Жат көрме, біз де өзіңдей шет жайлап, қиыр кеткен қазақтың баласымыз. Сыр бойы дейсің бе, е, естуіміз бар.  Білуімше, Сыр деген үлкен дария болар. Атам қазақ «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» сол жерлермен босыпты. Біздің Абақ Керей баласы Сырдан Орға кетіпті дегенді баяғының көнекөздері  жыр қылып айтып отыратын еді. 
Қазақтардың қысыр сөздері жалықтырды ма, әлде өзінің ғадеті солай ма, кім білсін, Афанасий жерге бір түкірді де, күртешесінің төс қалтасынан темекісін алып тұтата бастады. Шыны көздері ақшиыңқырап, қазақтарға жақтырмай қарап отыр. Және бірдеңе деп дүңк ете қалды. Ащы темекінің қолқа қабар иісі тар бөлмені кеуледі. Афанасийдің қабарған жүзіне жасқана қараған көмекші қазақ қипыжықтаңқырап, салалы саусақтарын тізесінің үстінде ойнатып отырды да, – басеке, түйенің мәселесі шешілсе, біз жүрсек деп отыр мына кісі деп Афанасийді  меңзей тіл қатты.  Қаба сақалды орыстан бұл да тезірек құтылғысы келіп отырды ма, кім білсін, Тұрахан да ылп етіп Рақымбайдың ақ бас саулы інгенін беретіндерін айтып қалды. – Онда не тұрыс біз жүрейік, ағасы – деп тілмәш орнынан қозғала бергені сол еді, әңгіменің ау-жайын байқап отырған Афанасий апанынан шыға келген аюдай қорбаң етіп орнынан қозғалған. Шалқайған екі иықтың ортасына қолапайсыз қондыра салған кәукиген жүн-жүн басы жатаған дөңбек  үйдің  төбесін көтеріп әкетердей болып екі-үш  аттады да, тар, аласа есіктен бүктетіле еңкейіп шығып бар жатты. Рақымбайдың соңына ерген аз ғана топ аттарын сипай қамшылап енді солай қарай беттеген.
Т ілерсектері майысып, тостағандай көздері жәудіреп, жұмыртқадан жаңа жарып шыққан сары уыз балапандай үрпиіп, үрке қарап, мына дүние, мынау екі аяқты пенделерге тосырқап тұрған әппақ ботаны көргенде, әлгі тілмәш қазақтың есі әбден шықты. Ақ ботаны айналып, толғанып жүр. – Кіп-кішкентай ботақаным! Әппақ болып туа қалғанын! Тостағандай қос жанарың қандай! Тіфу-тіфу, тілім тасқа! Қорықпа менен, кәне, кел, келе ғой. Көс-көс! – деп, бейне адам баласына тіл қатқандай үйіріле жөнелген. Әлсіз аяқтарымен жер тіреп тұрған бота да кішкентай басын әншейін кегжитіп, мейірлене қараған. Ол ботаның мойнынан құшақтап, алақанымен басынан, жұп-жұмсақ ернінен  ақырын еркелете  сипады. Орыстың геологиялық экспедициясының құрамында жүрген мынау «ноғай шатыс» жас қазақтан  мұндай өлермен малсақтықты көрген қыр қазақтары аң-таң болысып қалды.   –Қайтсін енді, мал қадірін білетін қазақтың баласы ғой, айналайын! – деп Шәуей кемпір де кемсеңдеп,  шұлауышының ұшымен көздерін сүртті. – Алла-ай деген мұншама малжанды болар ма!.. – деген дауыс та естіліп қалды. Ақ жаулықты әйел-аналардың мейірлі жылы сөздері  көңілінде тоттанып, тобарсыған  күйді елжіретті ме, тілмәш қазақ кенет  саңқ етіп, – апа, мен бұл ботаны осыдан он күн бұрын түсімде көргенмін. Нанбайсыздар ма, рас айтамын.  Бұл – сол, сол ғой! Жақсы түстің өңіңде орындалатыны рас екен, о, ғажап! Білесіздер ме, бала кезімде менің әпкемнің  осындай ақ ботасы болған. Ой, өмір-ай деген!..
Балаша қуанған жігіттің жүзінен нұр төгіліп, көздерінен  шаттықтың ұшқыны шашырағанымен, лезде ғайып болып, жүзі сынық тарта қалды да, Шәуей кемпірге қаратып, – апа, түйенің сүті бар ма? Бір тостаған беріңізші, – деп өтіне тіл қатты.
– Өйбүй, көтек, қара басып ұмытып барады екенмін-ау, қазір-қазір. Рақымбай, бала-ау, мына қонақтарға үйге түсіңдер, қонақ болыңдар демейсің бе? – деп сөйлей берген қара кемпір бүгежектеп құрым үйге қарай  жөнелген.   
Бір аяқ шұбатты шүйкедей кемпірдің қолынан алған әлгі жігіт басына бір-ақ төңкерген, сосын тамсанып сәл тұрып, жеңімен екі езуін сүртті де, – апа, рахмет, дәмді екен! – деп ықыласын білдірді. Рақымбайдың ұлының қолындағы шыны аяққа ат үстінде кіржиіп, кекірт қарап тұрған Афанасийге, – пейте, пейте, верблюжье молоко. Очень вкусно! – деп ақ жарыла тіл қатты. Бірақ, ол онан сайын тыржиып қолын сілтеді де, – да, ну! Прекрати, поехали! – деп жемге қонған қарақұстай ат үстінде күжірейіп  отырған қалпынан танбады. Өртеңнен лауға алған екі атпен бірге саулы інгенді бұйдалап, жүрердің алдында геолог қазақ Рақымбайдың баласы Дәулетті өзіне шақырып алып, – міне, мынау вольфрам деген асыл тас. Менен естелік болсын, інім. Кейін есейгенде геолог боларсың, мүмкін – деді де жас баланың жұдырығындай аппақ жылтыр тасты берзент күртешесінің қалтасынан алып берді. Батар күннің алқызыл нұрына  шығылысып, күлгін түске еніп, жалт-жұлт еткен асыл тасқа таңырқай қараған бала ишарат етіп басын изеуге ғана шамасы келді. Ертең-ақ, ауыл балаларына көрсетіп, көздерін  қызықтыратынына шын қуанып тұр. Жетекке алған екі ат, бір түйемен қозғала бергені сол еді, саулы ақ бас інген де, ақ бота да боздап қоя берді.  Әсіресе, жылаған бала секілді ішін тарта ышқына боздаған жас ботаның үні төбе құйқаны шымырлатты. Өкіметтің алдында дәрменсіз  Рақымбай да, оның кәрі шешесі мен әйел, бала-шағалары да дәрменсіздің күйін кешіп, енесіз қалып бара жатқан  ботаны айналсоқтай берген. Ақ бас інгенді боздатып жетегіне алған тілмаш қазақ та жан-дүниесінің алай-дүлей болып кеткенін Афанасийге сездірмеуге тырысты. Тым алыста қалған балалық күндердің көмескі суреті қылаң беріп, өз ауылы, боздаған табынды түйе, марқұм Қыдырәлі көкесі тартып отыратын қара қобыздың бебеу қаққан зарлы үні құлағына келгендей болды. Жүрегін ыстық жалын шарпып өткендей құсалы шер буды. Ел-жерін сағынды, ата-анасын аңсады, асық жарын көргісі келді.  Алыс қиырда, Алтайдың арғы бетінде жүрген болжаусыз бұлдыр тағдырына налыды. Ауылдан ұзамай тұрып, арт жағына қимай бір қарады да, – алаң болмаңыздар, бота жетім қалмайды. Түйені өзім жеткізіп беремін! – деп айқай салды. Енесі мен ботаның зарлы үніне құлақтары тұнған мұндағылар оның айтқандарын толық ести алмап еді. Осы бір бейтаныс жылы жүзді қазақ баласына деген ықылас пен тілеулестік қана оны желеп-жебеп жүретіндей көрінген. Тек Рақымбай ғана  екі тізесі  аттың екі қапталын жауып бара жатқан алпамсадай зәрлі орыстан тіксініп қалып, «Кәпірден қосшың болса, қасыңда  қайраулы қара балтаң  болсын» деген бұрынғының сөзін  есіне түсірген  һәм жас жігітке ақжолтай сапар тілеген…
…Рақымбай шошып оянды. Түсінде әлгі тілмәш жігіт жетім ботаны жетектеп келіп тұр екен дейді. Өңі бозарыңқы, жүзі сынық. Әлде бір нәрсені айта алмай тұрғандай. Мүмкін, оның тілі жоқ, әлде мұның құлағы естімейді. Әйтеуір, бұлдыр дүниенің ортасында екеуі де қиналып жүр. Рақымбай түсін жақсылыққа жорымақшы болды. «Түс-түлкінің боғы» деп алаң көңілін алдарқатып көрді. Алайда, көңілінде бір күдік ұялап, байғыздың үніндей түн болса мазасын алатын болған. Бәйбішесіне де тіс жарып ештеме демеді.
А ққабаққа бір түнеп, Теректіні өрлеп кетті деген орыс экспедициясынан хабар-ошар болмай кетті. Арада екі жұмадай өткенде Теректінің шатқалында бір адамның өлігі жатыр деген суық хабар  бейбіт елдің берекетін алған тосын оқиғаға себепші болды. Баймаған, Рақымбай бастаған төрт-бес адам Теректінің құйғанында жарты денесі суға батып жатқан тілмаш қазақтың өлі денесін тапқан. Көк желкесіне тас, әлде ауыр сүйменнің қатты соққысы тигенге ұқсаған. Ә дегенде екі көздері тастөбелеріне шығып, қатты сасқалақтап қалған олар денесі бұзыла бастаған мәйітті құрым киізге орап ауылға алып келді. Тәпен молданы шақыртып, бейтаныс жас жігіттің өлігін ақырғы сапарына дайындаған. Болған жағдайды баяндау үшін Баймаған Қобдаға жедел аттанбақ болған. Тұрахан мен Баймағанның сырғақсығанын байқаған Рақымбай өлікті өз үйінен шығаратын болып шешті, Алладан сауап, аруақтан  разылық болар деді. Жиналған жамағаттың алдында Шәуей кемпір ел-жұрттың сай-сүйегін сырқыратып, кәдуілгідей жоқтау айтты. Мәйітті жерлеуге келгенде марқұмның аты-жөнін білмейтіндері естеріне түсті. Қауым ел болып отырып, аты-жөнін сұрамағанымыз қиын болды ау, бұл не қазақшылыққа, не мұсылманшылыққа жата ма, өзі – деп өзді-өздерін сөгіп өкінішпен еске алды. Қабдыразақ болса, тілмаш жігіт өзінің аты-жөнін айтпай қойғанын жеткізді, осында бір гәп бар десті. Тәпен молданың келісімі бойынша Мұсылман баласы Тұяқ марқұмның рухына деп құран бағышталды, аз адамға ас берілді. Осы рәсімге Тұрахан да, Баймаған да келмей қалған. Алтайдың қиыр шетіне тағдырдың желі айдап келіп беймезгіл уақытта, беймағұлым жағдайда  мерт болған бейтаныс қазаққа Қобда өзенінің дәл жарқабағындағы жаңа зираттан  мәңгіліке орын бұйырды. Байғұс қазақтың қара басы қайда қалмаған… Рақымбай кенже ұлы Дәулетке берген жұдырықтай ақ тасты  марқұмның басына  белгі етіп қойған екен. Сол тас бертінге дейін жарқырап жатушы еді  дейді көз көргендер…

P.S Сол жылы күзде Тәпен молда мен Рақымбайды  Қобда қаласына ұстап әкетіпті, қайтып оралмапты. 
Сол жылы күзде  Теректінің басынан ақ бас інгеннің жемтігін Жұманбай көріпті. Сол жылы күзде жетім бота боздай-боздай құсадан өліпті.
Сол жылы күзде осы әңгіменің оқиғалық арқауын  маған айтып берген Молдабай мұғалім  Ақбалшықтың үш жылдық мектебіне қабылданыпты.
Алтайдың арғы бетінде баяғыда, барыс жылы, яғни 1938 жылы осындай бір жайсыз оқиғалар болыпты….
– Орыстар кетіпті!
Бірақ, бұл хабарды Жұманбай да айтпапты және ешкім де қызықтамаған…

Шекіс* – ішкі істер өкілі.
Хошуун** – сол кездегі әкімшілік аумақ.

 
Ерболат Баят

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар