Істің көзін тапқан

Талапты жас Ұлан Жексенбеков жетекшілік ететін Жаңажол ауылындағы «Нұртай КМ» ауыл шаруашылығы кәсіпорны 2012 жылы құрылған.

Шаруашылыққа ат басын тірегенімізде Ұлан Қобланұлы бізді жайдары қарсы алып, жаңа ғана жиналып, қапталған 25 тоннадай картоптың түрлерін көруге шақырды.

Өнімді Астана қаласында көтерме бағамен сатуды көздеп отыр екен. Биылғы жылы алғаш рет 2 тоннадай қызанақ пен қияр өсіріп, астаналықтар мен жерлестерінің көңілінен шыққан көрінеді. Келесі  жылы бұл өнімнің  алқабын кеңейтуді көздеп отырғанын жеткізді. Ауыл  шаруашылығында астық өсірудің түрлі қиыншылықтары болатыны  жасырын емес. Егістік алқапты өңдейтін ауыл шаруашылығы техникаларын өз қаржысына сатып алыпты.   Жоғары сапалы орама шөптің екі маясы үйіліп, мал жемі қоймаға құйылды. Мал қорасының біреуі қайтадан қалпына келтірілсе, екіншісіне қажетті құрылыс материалдары жеткілікті екен.
Қазіргі кезде 70 бас ірі қара малдың тұқымын асылдандыру мақсатында жергілікті тауар өндірушіден Ангус тұқымы сатып алынды. Бұған қоса, 300 бас қой  өсіруде. Келешекте асыл тұқымды Еділбай қойы мен 100 бас қазақтың ақ бас сиырын  сатып алу көзделген.
Осында бие сауылып, қымыз дайындалады. Емдік қасиеті бар бағалы сусынды Астанада сату ұйымдастырылған.
Мал шаруашылығы саласы механикаландырылғандықтан осында жергілікті жерден үш адам ғана  тұрақты жұмыспен қамтылған. Көктемнен бас-тап күзге дейін тағы да 10 адам  ақылы жұмысқа тартылады.
– Округ аумағында жұмыс істеп жатқан ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының арасында «Нұртай КМ» ұжымының қадамы құтты. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің аясында  олар 100 баланы тегін тамақтандырып, ауылдық мектепке, зейнеткерлерге демеушілік көрсетуде. Осы шаруа қожалығы қыстың күні өз техникаларымен ауылдың негізгі жолын тазалап отырады. Жаңажол ауылының  тұрғындарын Торғай округі орталығына жеткізіп, алып келу мәселесі де оң шешімін тауып отыр, – дейді селолық округ әкімі Ж.Бидалов. 
 Шағын ауылының  өркендеуіне өнегелі ісімен  атсалысып, ыдырап кетуден аман сақтап, бизнес саласында тасы өрге домалап отырған шаруа қожалығының басшысы Ұлан Қобланұлына ауыл тұрғындарының айтар алғысы мол екенін аңғарамыз.

Раушан БАРЖАҚСЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар