Билік пен халық арасында дәнекер

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген әкімдік мәжілісіне  мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл танытуы және өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелері арқау  болды.

Облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева баяндама жасады.
– Қазіргі уақытта үкіметтік емес секторы қоғамның бір жүйесі ретінде қалыптасып, кең ауқымды тапсырмаларды жауапкершілікпен атқарып отыр,–дей келе баяндамашы өткен мерзімде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Біздің өңірде бұл күнде 598 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған оң саясаттың нәтижесінде мыңдаған азаматтарды біріктіретін қоғамдық сектор еліміздің экономикалық және саяси дамуына, халықтың әлеуметтік қорғалуына ықпал ететіндей күшке айналды. Үкіметтік емес ұйымдар этномәдени, жастар, әлеуметтік қорғау, гендерлік саясат, емдік-профилактикалық, білім және кәсіпкерліктің дамуы, патриоттық тәрбие, мүгедектерді қолдау, спорттық және қайырымдылық шаралар мен басқа да қызмет көрсету бағытын ұстануда. Мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе іс-қимыл танытуы мемлекеттік тапсырыс болып табылады. Мәселен, биылғы жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы 20 пайызға өсіп, 103 миллион теңге құрады. Оның 60 миллион теңгесі облыстық бюджеттен болса, 43 миллион теңгесі аудандық бюджеттен қарастырылды.
Біздің облыста, сондай-ақ, 71 миллион теңге көлемінде республикалық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың да қарастырылғанын айтып өту ләзім. Оның әкімшісі облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы болып табылады. Биылғы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды бөлуге ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері, денсаулық сақтау және дін істері басқармалары қатыса алды. Сондай-ақ, Көкшетау қаласының әкімдігі, Аршалы, Ерейментау, Еңбекшілдер, Қорғалжын және Егіндікөл аудандарының әкімдіктері де мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға атсалысып отыр.
Сондай-ақ, баяндамада жүзеге асырылатын жобалардың бағыттары, халықаралық грант беретін ұйымдар конкурстарына қатысу жайы, ҮЕҰ қолдау көрсету және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес органдар арасындағы бірлескен іс-қимыл танытудың тиімділігін арттыру барысы кеңінен сөз болды. Баяндамаға көңілі толған өңір басшысы:
– Үкіметтік емес ұйымдар да, билік пен халық арасында дәнекерлік орнатуда үлкен күш. Алайда, облыс бойынша тіркелген 598 ҮЕҰ-ның нақтылы жұмыс істеп тұрғаны 150 екен. Бұл дегеніңіз мүмкіндіктер тиімді пайдаланылмай отырғандығын аңғартады. Ендігі жерде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырмайтын мемлекеттік органдар мен аудандық әкімдіктер міндетті түрде 2015 жылы бюджеттен ҮЕҰ-мен жұмыс істеуге қаражат қарастырулары қажет, –деді облыс әкімі Сергей Кулагин.
Ел болашағы жастардың қолында дер болсақ, бұл күнде мемлекеттік жастар саясаты өзекті мәселеге айналып отыр. Күн тәртібіне орай, баяндама жасаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Шахмардан Байманов жастар саясатын қаржыландыру, аймақ бойынша қабылданып отырған бағдарламалардың орындалуы, облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі кеңес, жастар бірлестіктері мен қор орталықтары, жастар мәселелері комитетінің жұмысына, мемлекеттік  әлеуметтік тапсырыстардың орындалуы, жастарды еңбекпен қамту және жастар саясатын жүзеге асыруда ақпараттық қамтамасыз ету жайына жүйелі тоқталды.
Баяндаманы мұқият тыңдаған өңір басшысы бұл мәселенің өзекті екеніне тоқталды. Бала бақшадан басталған тәрбие ендігі жерде жүйелі түрде жалғасын табуға тиісті. Оқу бітірген жас-тарды жұмыс пен қызметке орналастыру жайында ұдайы назарда ұстау қажет.
Күн тәртібіндегі мәселелерді қорытындылай келе, облыс әкімі ауа райының күрт суытуына байланысты сала басшыларына нақтылы тапсырмалар берді. 
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар