Достық үйінде облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген ассамблея кеңесінің кезекті отырысында бірлігі жарасқан өңіріміздегі ұлтаралық келісім мен татулықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланып, этножурналистика саласында ұйымдастырылған байқаудың қорытындылары шығарылды.
Жиында Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы аясында ынтымақ-бірлікті бекем ету жайы облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-талдау орталығы төрағасының орынбасары Нина Митчинованың баяндамасына арқау болды. Ол өз сөзінде осынау жаһандық сын-кедергілер жағдайында ел бірлігінің мемлекетті тұтас етуші негізгі фактор болатындығын атап өтті. Хабарламашы бұл тұрғыда мемлекеттік бірегейліктің өңірлер татулығынан туындайтындығына ерекше назар аударды. Ең алдымен, төрт құбыламыз тең болуы үшін батыс пен шығыстың қағыспай, оңтүстік пен солтүстіктің бөліспей біртұтас идеяға біріге білгендері дұрыс. Сонда ғана біз мықты мемлекет боламыз. Яғни, қазір жершілдікке салынатын емес, жұрттың бәрін бауыр санайтын уақыт. Тек сол ғана біздің толағай табыстарымыздың кепілі болмақ.
Бұдан кейін Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Шахарман Бекмағанбетова өңірде 70 ұлт пен ұлыс өкілінің тату-тәтті күн кешіп жатқанын, осы бірлік туын биіктете түсу үшін 16 қоғамдық келісім кеңестерінің құрылғанын, сондай-ақ, 22 діни бірлестіктің барын айтты. Ол су тасқынынан зардап шеккен атбасарлықтардың атынан осы қиын жағдайда шама-шарықтарынша қол ұштарын берген этно-мәдени бірлестіктерге зор алғысын жеткізді. Осы орайда, облыс әкімі жыл аяғына дейін тағы төрт көпқабатты үйдің пайдалануға берілетіндігін айта келе, аталған құрылыс жұмыстарына қатысты БАҚ-тың орынды-орынсыз сынынан тұрғындардың дүрлігіп кетпеуін қамтамасыз ету ассамблея мүшелерінің міндеті екендігін тілге тиек етті. Қарқын мен сапаны қатар алып жүру көп уақытты талап ететіндіктен, міннің де болатыны хақ. Дегенмен, өңір басшысы бұл олқылықтардың ретке келтірілетіндігін алға тартты.
Ал, Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары Василий Горохводацкий аймақты 45 ұлт пен ұлыс өкілінің мекендегенін, өңірде екі этно-мәдени бірлестіктің барын жеткізді. Оның айтуынша, сандықтаулықтар өз бірлігін сөзбен емес, іспен дәлелдей білетін жандар. Мәселен, ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары көп аудан биылғы қиындау болған орақ науқанында бір-біріне техникамен болсын, еңбек күшімен болсын қол ұштарын беріп, берік достықтарын дәлелдеген. Красная поляна елді мекеніндегілер тіпті бір жылды спирттік ішімдіксіз өткіземіз деп шешіп, өскелең ұрпаққа мол өнеге көрсетуде.
Осы орайда, «КВЕЛЛЕ» неміс мәдени-ақпараттық орталығының жұмысы жөнінде оның төрайымы Елена Татаринцева баяндады. Ол өз сөзінде орталықтың үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық-ресурстық қолдау көрсетумен айналысатындығын, жуырда облыста қоғамдық ұйымдар жұмысынан жан-жақты ақпарат беретін сайттың ашылатындығын айтты. Осы азаматтық қоғам институттарының санатында этно-мәдени бірлестіктер де бар. Енді халық осы орталықтар жұмысымен ғаламтор арқылы таныса алады.
Отырыста облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов пен «Қазақстан корейлер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Көкшетау филиалының төрағасы Моисей Чжен сөз алып, өңір халқының достығын нығайтуда қолға алынуы тиіс шараларға қатысты өз ойларын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы жеңістің 70 жылдығы, Ата заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аталып өтілгелі отырған келесі жылда өңірлік ассамблея мүшелеріне айрықша жауапкершіліктің жүктелетінін атап өтті. Осы орайда, Сергей Кулагин этно-мәдени бірлестіктердің халықпен арадағы алтын көпір екендігін айта келе:
– Біз – бір командамыз. Сондықтан да, сөзіміз де, ісіміз де бір жерден шығуы керек. Біз тек біріккенде ғана биік белестерді бағындыра аламыз, − деп түйіндеді өз ойын.
Бұдан кейін облыс әкімі этножурналис-тика саласында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздарын марапаттап, оларға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлық табыс етті.