облыстық прокуратурада өткізілген «Ашық есік» күнінде аз болмады
Осы шара аясында облыс прокуроры Мұратбек Исадилов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Қабылдауға Зеренді ауданының тұрғыны Дмитрий Фоленвейдер Көкшетау қаласының Васильковка шағын ауданындағы өзінің пәтерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы заңсыз жекешелендіріп, барлық құжаттарды рәсімдеп алғанын айта келіпті. Алайда, қолында пәтерінің құжаттары бар көрінеді. Осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Президентіне де шағымданыпты. Бұл іс облыстық прокуратураға жүктелген екен. Сондықтан, пәтер иесі істі қайта тергеп, заңды жылжымайтын мүлкін қайтарып алғысы келеді. Шағым иесіне облыс прокуроры осы мәселені жіті қадағалауға алатынын жеткізді.
Ал, Юрий Васильев әкесін қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат үйіне орналастыра алмай отырғандығын алға тартты. Бұрын әкесі тұрған пәтер қожайындары Украинаға көшіп кетіпті. Бірақ, олар кез-келген уақытта елге оралуы мүмкін. Өз үйінің тар болуына байланысты әкесіне дұрыс күтім жасауға мүмкіндігінің жоқ екенін айтып, көмектесуді өтінді. Ал, Зеренді ауданының тұрғыны Дмитрий Куликов ата-анасы мен өзінің жеке үйін бәз біреулер өртеп жібергенінен хабардар етті. Өкінішке орай, құқық қорғаушылар үй аумағы 15 шаршы метр деп көрсеткен. Нақты дәйектерге қарамастан, ол тергеудің дұрыс жүргізілмегендігіне налиды. Өңір прокуроры бұл мәселеге қатысты да қосымша тексерістің болатынын жеткізді.
Өзінің арызымен келген Қайрат Жақыпов бірнеше ай бойы құрылыс фирмасында жұмыс істеп, еңбекақысын ала алмағандығына шағымданады. Фирма әкімшілігі қаражаттың жоқтығына байланысты жұмысшыларға ақшаны уақытылы аудармай, еңбекақыларын там-тұмдап қана беріп отырған. Өкінішке орай, жұмысқа орналасарда келісім-шарт жасалмаған болып шықты. Арызданушы бұл мәселе бойынша прокуратура мен салық комитетіне өтініш жолдаған. Ал, олар азаматтық тәртіппен сотқа шағымдану керектігін ескерткен. Бұл ретте, Қайрат Жақыпов мәселе сотта қаралған кезде облыстық прокуратура қызметкері бақылаушы ретінде қатысса екен деген өтінішін білдірді.
Ал, Қуанышбек Сүлейменов төрт жыл бойы жер телімін ала алмай жүргендігін айта келіпті. Ипотекалық несиемен үй алуға оның мүмкіндігі жоқ көрінеді. Сондай-ақ, прокурордан әділдік іздеп келген Мулдаит Оразов жер теліміне қатысты шыққан сот үкіміне наразылығын білдірді. Ол сот жалған құжаттарға жүгініп, шешім шығарған деген ойын жеткізді. Соттың жіберген қателігі түзетіліп, қайта тергеу жұмыстары жүргізілсе деген осынау тілек бойынша облыс прокуроры тиісті құрылым басшысына нақты тапсырма берді. Сөйтіп, қабылдауда болған азаматтар прокурор алдынан өз өтініш-тілектерінің жерде қалмайтындығына сенім білдіріп шықты.