Мен Еркешті сағынып жүрмін

Беу, дүние-ай десеңші, уақыт шіркінде тұрлау да, тоқтам да жоқ. Таудан аққан тас бұлақтай екпіндей ағып, бұлықси толқып, жан-жағыңа қарауға да мұршаңды келтірмей, зулап, зырлап өтіп барады. Жалғыз-ақ ерекшелігі суда өрнек қалмаса, адамда із қалады. Бәрін де бірдей емес, ел үшін еңбек еткенінде ғана. Ал, уақыт жүйрік, тым жүйрік. Атам қазақ мұндайда «туған ай туралған етпен бірдей» деп тегін айтты дейсіз бе. Егізімнің сыңарындай күн кешкен, ет жақын туысымдай сырласқан, мұңдасқан, қынабынан суырылған алмас қылыштай жарқылдап жүретін, жадырап күлетін, елі үшін сан талай ауыртпалықты көтерген, табаны тастан таймаған тарланбоздай күнді түнге, түнді күнге ұластырып қисапсыз еңбек еткен, ел ардағы Еркеш бауырымның да мынау жарық дүниеден көшкеніне жыл толып қалыпты-ау.

Біз бір-бірімізді отыз жыл білетін едік. Өзіміз ғана емес, жанұямызбен ішіктің ішкі бауындай араласып, қалтқысыз сыйласып, бір-бірімізге қапысыз құрмет көрсетіп, ардақтап, аялап, әзіз жанымызды, ғазиз жүрегімізді әлпештеп күн кештік.
Жасымыз да шамалас еді. Еңбек жолымыз да ұқсас-тұғын. Егізімнің сыңарындай Еркеш бауырым совхоз директоры болса, мен де екі совхоздың директоры болдым. Аудан әкімі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығы қызметтерін атқардық. Қай қиырда жүрсек те илегеніміз бір терінің пұшпағы – туған елімізге, Отанымызға, қасиетті жерімізге, кемеңгер халқымызға адал, қалтқысыз қызмет етіп, маңдай терімізді сіңіру болатын. Солай еттік те. Сол еңбегіміз ел тарапынан еленіп, қаншама атақ-абыройға, қошемет-құрметке ие болдық.
Ел ардағы Еркеш жайында жан жүрегім егіліп естелік жазамын деп ойлаппын ба? Шындықтың дидарына тура қарап, ақиқатқа жүгінетін болсам, мен бүгін көңілім құлай сүйген Еркешті сағынып жүрмін. Асыл азаматтың орны үңірейіп тұрады екен, ортайып тұрады екен, сынық сүйем толмай тұрады екен. Мен бүгін Еркештің жоқтығын қатты сезініп жүрмін.
Ел мұратын мақсат тұтқан Еркеш ел қамын жеуші еді, елдің жайын ойлайтын. Өзі де жігіттің жайсаңы, білгір, білімді, көшелі, кемеңгер азамат еді ғой, шіркін. Әсіресе, ауыл шаруашылығының жай-күйін, тыныс-тіршілігін бес саусағындай білетін маман еді. Щучье ауданына қарасты  Ұрымқай кеңшарында бас агроном болып жүргенінде Еркештің атақ-даңқы сол кездегі кең байтақ Кеңес Одағына түгел тарады. Өйткені, ауыл шаруашылығы техникаларын мейлінше тиімді пайдаланатын, мүлтіксіз қызмет істейтін жаңа үдемелі әдісті тәжірибеге мықтап енгізді. Соның арқасында егін орағын мерзімінен әлдеқайда бұрын аяқтап шығатын.
Ал, қазақтың «ер азамат отызында орда бұзар, қырқында қамал алар» дейтін тәмсілі тура менің бауырым Еркешке қаратып айтылған тәрізді. Нақ 28 жасында Зеренді ауданында «Тыңның 25 жылдығы атындағы» кеңшарды ұйымдастырды. Кеңшар ұйымдастыру айтар ауызға ғана оңай. Әйтпесе, ешқандай материалдық-техникалық базасы жоқ, ғимараттары, мал фермалары, машина-трактор шеберханалары, әлеуметтік-тұрмыстық нысандары салынбаған жерде жаңадан совхоз ұйымдастыру екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келмейді. Бұл бір ердің ері сыналатын зілмауыр салмақ, қатал емтихан, қатыгез сын болатын. Сол сыннан Ұрымқайда тәжірибесі толысқан, бойында жігер, көзінде өшпес оты бар, ал, көкірегінде ғалым-агроном, іскер басшы ретіндегі білігі мен білімі жалын атып тұрған жас жігіт шашасына шаң жұқтырмай, абыроймен шыға білді.
Сол кеңшарда істеп жүргенінде қаншама тұрғын үйлер салынды. Ел ішіндегі жол асфальтталды, көшелер жарықтандырылды, қыздың жиған жүгіндей көркем де әсем етіп көгалдандырылды. Мәдени-әлеуметтік нысандар салынды. Ал, мал фермасы ше? Ондай мал фермасы ауданды айтасыз облыстың өзінде некен-саяқ болатын. Қаншама жыл сауыншылар қол еңбегіне сүйеніп келсе, ендігі арада сүт фермасындағы біртұтас жүйе арқылы сауылған сүт бір бөшкеге жиналып, сүт зауытына аттандырылатын-ды. Жинақы әрі кіршіксіз таза. Ал, қырындағы егістік алқабы ғалым агроном Еркеш Баяхметовтың ізденімпаз, білгірлігінің арқасында қара сұлыдан арылып, мол өнім бере бастады. Мол өнім болғанда гектарына 25-28 центнерден. Сол кезде бұл Көкшетау облысындағы ең үздік көрсеткіштердің бірі болатын.
Кеңсе, зәулім де салтанатты сауда үйі, бірнеше дүкендер, мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Еркештің екі тізгін, бір шылбырын қолға алып, жоқтан бар құрап, жер үстіндегі жұмақтай етіп жайнатқан совхозы көркемөнерпаздардың әуелеген әнімен, спортшылардың жарыстағы қыздырған сәнімен жарқырап, жайнап жататын. Дулы да шулы, атақты да абыройлы, әсем де көркем, сәнді де салтанатты мекен еді.
Ерекеңнің осы елден ерек іс-қимылын көңіл таразысына салып ойлағанымда алдымен, оның бойындағы сансыз сарабдал қасиеттер туған жерден дарыған-ау деп ойлаймын. Менің бауырым Еркеш жақсы мен жайсаңның қасиетті құт бесігі, әйгілі Айыртаудың топырағынан, қазақтың көгіне қыран ұшырған Сырымбеттің бауырынан. Еркеш сол кезде Казгородок, кейін Сырымбет деп аталған орта мектептен білім алды. Осы мектепте атақ-даңқы Алашқа жайылған Шота Уәлиханов, Еркін Әуелбеков, ел ардағы, менің ағам Кәкімбек Салықов, Аманолла Рамазанов, Қазақ үкіметін ұзақ жыл басқарған Бәйкен Әшімов, 14 жыл республиканың білім саласын басқарған, даңқты ұстаз, әйгілі тәлімгер, министр Қажыахмет Балахметов  тәрізді игі жақсылар өсіп жетілген. Жақсылар жол бастаған ұлы көштің ортасында елге тұлға, жұртқа қамқор болған Еркеш бауырым да бар. Мен де сол ардақты ел азаматтарымен дәмдес, табақтас болдым. Көкіректеріне дархан даланың бар қасиетін жинаған игі жақсылардың өне бойларынан Сарыарқаның самал желіндей болып бойыңа шым-шымдап тарайтын ізетті қасиетін, ізгілік нұрын көрдім, өнегелерін ұқтым, өсиеттерін таныдым. Сырымбеттің тауындай атақ-даңқы алысқа жайылған ажарлы ағалардың базарлы сәттеріне, ел қамын жеген ойлы да өзекті әңгімелеріне, заманның ауанынан сыр аулаған сұхбаттарына куәгер болдым. Жақсымен жүздесудің бір сәті жылға бергісіз мағыналы ғұмыр. Еркеш екеуіміз осындай ел ардақтыларының қатарынан табылып, сапында жүргенімізді өзгеше қасиет, айрықша құрмет санадық. Қалай мақтасаң да тұратын қазақ аспанының жарық та жарқын, өлмес жұлдыздары тәрізді біртуар азаматтардың өкшесін басып келе жатқан кейінгі жастарға берер батасы, айтар аманаты аз емес еді. Батаның жайы түсінікті, ал, аманаты ел іргесін бекемдеу, керегесін кеңейту, елдің елдігін, ердің ерлігін сақтау.
Еркештің бойындағы әуел бастан қалыптасқан қасиет, алпыс екі тамырда атой салып ойнаған ыстық қан, туған елге деген шетсіз, шексіз іңкәр махаббат осы бір құнарлы топырақтан қуат алған-ау. Еркеш өзінің елдес ағаларын керемет жақсы көретін, сыйлайтын, ардақтайтын.
Отыз екі жасында халық депутаттары Щучье аудандық атқару комитетінің төрағасы болып Бурабайдың баурайындағы жалпақ жұртқа қаншама еңбегін сіңірді. Сарыарқаның сайын даласындағы үзіліп түскен бір шөкім моншақтай әдемі, әсем, қазақ даласының Швейцариясы атанған, әйгілі Абылай атам ту тіккен Бурабайдың баурайына кімдер келіп, кімдер кетпеген. Әсіресе, жаз айларында Қазақстанды былай қойғанда, кешегі Кеңес Өкіметінің одақтас республикаларынан мәртебелі қонақтар дүмеп келіп жататын. «Сырт көз сыншы» дейді емес пе, солардың бірі болмаса бірі мақтаған Бурабайларың осы ма десе, суық сөз еттен өтіп, сүйекке жетпей ме? Жаныңа жадаулық түсірген, жүрегіңе жүк түсірген дақ болар еді. Сондықтан да, ел мерейін әрдайым ойлай білетін, ойлап жүретін Еркеш Баяхметов Бурабай баурайындағы ел тірлігін жақсартып, еңсесін елден ерек биіктету қамымен жан аямай жұмыс істеді. Аудан орталығының өз басы, совхоз орталықтары, тіпті, шалғайдағы шағын елді мекендердің ажар-келбеті жақсарып, өңі кіріп, асқан сән-салтанатқа ие болмаса да, соған жете ғабыл деңгейде дами бастады. Елді мекендердің арасында таспадай тартылған жол салынды. Ауыл-ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып, қаншама құрылыстар жүргізілді. Еркеш қай жерде жүрсе де, қай қызметте істесе де алдымен халықтың қамын ойлайтын. Ауданның экономикалық қауметін арттыра отырып, соған қоса елдің де еңсесін көтеруге тырысты, Толайым табыстарға қол жеткізді. Сол табыстары арқылы өзі де шырқау биікке шығандап көтерілді.
Еркештің тағы бір қисапсыз еңбек еткен кезі Көкшетау қаласының әкімі болған сәт. Ол кезде Көкшетаудың бюджеті өте аз болатын. Сол аз қаржыны үнемдеп, көзін тауып жаратып, қиын-қыстау кезеңнен аман алып шықты. Қалалық аурухана, мәдениет сарайы, білім және мәдениет саласының ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді. Орталық көшелер абаттандырылып, қатты жамылғысы қайтадан жаңартылды. 
Орта және шағын бизнес дами бастады. Қияндағы шағын қалаға қалталы инвесторлар тартылды. Көкшетаудағы кәсіпкерлердің шығарған заттары, халық тұтынатын тауарлары республикалық көрмелерде жүлделі орындарға ие бола бастады. Осының барлығы іскер басшының ілкімді істерінің, ойлы да анық жоспарларының жүзеге асуынан еді.
Еркеш кісімен сыйласа білетін. Әсіресе, өнер адамдарына жақын еді. Ән Меккесі Айыртауда туғандықтан болар. Өзгеден өнері асқан, таланты толайым тұлғалардың жанынан табылатын. Қазақтың біртуар азаматы, сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен сері үшеуіміз айнымас дос болдық. Әттең, достарымның екеуі де қайтпас сапарға аттанып кетіп, арттарындағы тірекшісі, жоқшысы болып жалғыз қалдым. Сәкен сері Көкшетауға ат басын бұрған сайын елде екеуі бар деп бізді іздеп келетін. Артына өлмес шығармалар қалдырған заңғар жазушыға Еркеш Баяхметұлы Көкшетау қаласының әкімі болып тұрған уақытында пәтер бергізді. Өмірінің соңғы жылдары туған елі Көкшеге туын тіккен тұлғаның жанында жүріп, әсерлі әңгімесін, әуезді әнін, өзге жұртқа айтыла бермес жүрек шымырлатар сырын тыңдайтынбыз. Ұлының ұлылығын ұғыну мақсатында! Қазақтың жақсысы мен жайсаңы, тіпті, барша азаматы осындай болса ғой дейтінбіз. Жалғыз Сәкен сері ғана емес, өнер адамдары да Еркештің шарапатын көрді. Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актерлеріне пәтер бөлді.
Тағы бір жан аямас дос болған Алаштың айтулы азаматының бірі, ақын Серік Тұрғынбекұлы. Серік Тұрғынбекұлымен Еркешті алғаш таныстырған мен едім. «Жақсыдан жаттық жоқ» демей ме. Бір көргеннен-ақ бір-бірімен бауырласып, араласып кетті. Еркештің ұлы Нұрлан шаңырақ көтергенде сонау Өскеменге құда болып барып қайтты.
Еркештің артында қалған жан жары Мырзабике қасиетті қара шаңыраққа ие болып отыр. Балалары әке жолымен абыройлы еңбек етіп, ел құрметіне бөленуде. Жақсының артында қалған тұяқ, мағыналы, мазмұнды ғұмырын жалғастыратын өмірінің жалғасы. Соларға амандық, бақыт тілеймін. Еркеш өмірден өтсе де, күні бүгінге дейін дәм-тұзымыз араласып, сырлы да сырбаз, адал сыйластығымыз үзілмей келе жатыр. 
Еркеш туралы айтылар әңгіме, еске алар есті сөз – естелік, оның жан дүниесін, бітім-болмысын, адамгершілік асыл қасиеттерін, ізгілігі мен инабатын жіпке тізгендей етіп баяндайтын толымды дүние болашақтың ісі. Мұрат қажы майын тамызып, адамгершілік асыл қасиетін, кісілік болмысын сипаттап жазған екен. Өте тамаша. Кейінгі ұрпақ өзіне өнеге алатын, үлгі тұтатын деңгейде. Жан досымның жылдық асының алдында қадау-қадау ой айтып, қадірі мен қасиетін көрсету – мұрат.
Мен Еркешті  сағынып жүрмін. Мен Еркешті іздеп жүрмін. Жоқ іздеген жолаушыдай төңірегіме тегіс көз салатыным Көкшенің көкорай қырқаларынан ел ардағы Еркештің ерен тұлғасы, биік бітімі көрінер ме дейтіндіктен шығар.
Күні кеше ғана үзеңгі қағыстырып, бірге жүрген, асыл армандарымыз, биік мұраттарымыз бір арнада тоғысып жататын азаматыңнан айырылу отыз омыртқаңды опырып, қырық қабырғаңды қаусатып кететін, қасіреті кәтепті қара нарға жүк болатын жай екен. Сондай күйде сондай ауырлықты бастан кешірдім. Тағдырдың салған ісіне шара бар ма. Ендігі тілек ол дүниенің жақсылығы. Пейіште нұрың шалқысын, ардағым, азаматым, бауырым Еркешім!

Қайыргелді ӘКІМБЕКОВ,
Астана қаласының тұрғыны, «Нұр Отан» партиясының Астана қаласындағы
Алматы аудандық филиалы саяси бюросының мүшесі.

Суретте: Еркеш Баяхметұлы зайыбы Мырзабике Досымқызы   және досы Қайыргелді Әкімбеков, ақын-жазушылар Сәкен сері Жүнісов, Серік Тұрғынбекұлы, Ақселеу Сейдімбековпен бірге.

Елімнің жігіті еді еркесіндей

(Еркештің рухына)

Дүние-ай,
Еркеш десе,
Еркеш еді.
Елінің
Ерек тұлға –
Еркесі еді.
Сол жерді жүрегімен шын сүйетін,
Бұйырды –
Көкшетаудан жер-төсегі.

Бұйырды Көкшетаудың топырағы,
Өшірмей жүрегінің отын әлі.
Дүние-ай, ортамызда жүрер еді,
Бұйырған тірлік дәмін татып әлі.

Текті еді,
Тіні берік – терең еді.
Ер еді,
Еркін жүрген
Ерен еді.
Бәріне үлгеруге құмар болып,
Әлі де ел-халқыма керек еді.

Азамат,
Болған емес басында мін,
Азайып бара жатыр асылдарым.
Білмеймін,
Көз тиді ме,
Сөз тиді ме,
Көріп ем, екі жақсы қосылғанын.
Жігіттің асылы еді, абзалы еді,
Еңбегін маңдай термен жазған еді.
Шынымен,
Жанартаудың сөнгені ме,
Алаулап,
Ақ жалындай маздап еді.

Жан еді,
Жаны құмар ұғысуға,
Шаршамай атқаратын жұмысын да.
Ертістің жағасына барып еді,
Туған ел –
Өскеменнің шығысында.

Ұқсап бір ұлан-асыр көшкен елге,
Құда боп барған едік Өскеменге.
Деуші едің,
Разымын ұрпағыма,
Арманға жетеді адам көксегенде.

Өмірдің жолыққандай базарына,
Қайран боп тіршіліктің ғажабына.
Осы деп жарым менің
Құдай қосқан,
Қараушы ең –
Мырзабике ажарына.

Ортада жүруші едің төре, бек боп,
Жақсыға жаның жақын ере кетпек.
Тамсанып талай маған айтып едің,
Құдам мен құдағиым керемет! – деп.
Дүние-ай, соның бәрі өтті-кетті,
Ойға алған орындамай көп тілекті.
Қай кісі бұл қазаға шыдап тұрар,
Қайғысы езіп кетті ет-жүректі.

Тік тұрған Көкшетаудың өркешіндей,
Елімнің жігіті еді еркесіндей.
Тәңірден күні-түні сұрасам да,
Ер жігіт болмас енді Еркешімдей.

Асып ең талай-талай арман-белден,
Жүруші ең жолықтырып  тарланды елмен.
Келместің кемесімен кетіп қалдың,
Өзіңнің Сәкен ағаң салған жолмен.

Өшпейді жүректердің оты жанды,
Толтырып ақ шуаққа осы маңды.
Әрине, оңай емес ойлағанға,
Артында туған-туыс, досы қалды.

Көкшетау баптаған ел қырандарды,
Сол үшін үзілмейтін жыр-ән қалды…
Жер-Ана Көкшетаудың топырағы,
Тербетіп бесігінде тұрар Мәңгі!
Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар