«Большая опера» атты телебайқаудың үшінші маусымы биылғы жылғы 29 қарашада П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының Үлкен залында өткізілді. Ақтық сайыста көрермендердің ұялы телефон арқылы дауыс беру қорытындысы бойынша Салтанат Ахметова жеңімпаз атанды. Бұл әсіресе көкшетаулықтар үшін үлкен жеңіс. Өйткені, Салтанат осы өңірдің тумасы. Анасы Көкшетау қаласында тұрады.
Қазан айының басында басталып, «Россия – Культура» телеарнасы бойынша жүргізілген үшінші маусымның бағдарламасына он үміткер қатысты. Конкурсқа қатысушылардың шеберлігін байқауға әлемдік опера жұлдыздары – КСРО халық әртісі Елена Образцова, Вена операсының белгілі интенданты Иоан Холендер, «Геликон-Опера» мәскеулік музыка театрының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Дмитрий Бертман, Ресейдің халық әртісі Галина Калинина қазылық етті.
Сөйтіп, жобаның ақтық байқауына Белоруссиядан Илья Сильчуков, Ресейден Василиса Бержанская, Қазақстаннан Салтанат Ахметова қатысты. Олар Мәскеудің консерватория сахнасынан «Россия К» телеарнасының тікелей эфирі арқылы әлемдік опера өнерінің белгілі шығармаларын орындады.
Салтанаттың соңғы орындаған Л.Бернстайнның «Кандид» мюзиклынан Кунигунданың ариясы көпшіліктің көңілінен шыққандығын тыңдарман қауымның қол шапалақтауынан аңғаруға болар еді.
Салтанат Ахметова Көкшетаудың Біржан сал атындағы музыкалық колледжінде марқұм Жақып Көшкенбаевтың класында оқыған, Қазақ ұлттық музыка академиясында Қазақстанның халық әртісі Қорлан Қалиламбекованың класында оқып, Италияда өнер академиясында сынақтан өткен. Қазір «Астана Опера» театрының әншісі.
Совет ХАМИТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.