Жапонияның Нарита қаласында спорттық және әскери самбодан өткен әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан құрама командасы 3 алтын, 1 күміс және 6 қола медальға қол жеткізді.
Сол үш алтынның біреуін біздің жерлесіміз, Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері, полиция капитаны Алмас Сүлейменов олжалады. Әскери самбодан 52 келіге дейінгі салмақта ол ақтық сында ресейлік Амыр Бакрасовты ұтып, ел мерейін өсірді. Жеңіске барар жолда Алмас балуанның алдында Украина мен Қырғызстан өкілдері Сергей Черный мен Мұхаметәли Ергешевтің тізе бүккенін айтып өткен ләзім.
Алмас Азаматұлы самбо және әскери самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол бұған дейін 2012 жылы Беларуссияның Минск қаласында өткен әлем чемпионатында дәл осы салмақта жеңіске жеткен болатын. Әскери самбошылар арасында жалпы командалық есепте алғашқы жүлделі үш орынға Ресей, Болгария және Қазақстан құрамалары көтерілді.