Саланы дамыту міндетін тиімді іске асыруымыз керек

Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға серпін беріп, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарларға құрылған стратегиялық құжат деп бағамдауға болады.

Ұлт Көшбасшысы еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуіне қатысты пайымдауларын ұсынды. Қазақстанның экономикасын өркенді дамытудың «Нұрлы жолын» белгілеп, анықтап берді. Оған қазақстандықтар ынтымақ пен бірліктің және ел мүддесі үшін аянбай еңбек етудің арқасында қол жеткізеді деп ойлаймын.
Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет дамудың жаңа бағдарламасын жасауға бағытталған ауқымды істерін аяқтады. Әрбір мемлекет бай-қуатты болу үшін өз экономикасын дамытуға тырысады. Әлемдегі экономикалық бәсекелестік пен қаржылық дағдарыс экономиканың жаңа бағыттарын қайта қарауды талап етіп отыр. Мұндай жаһандық құбылыс біздің өңірімізді де сырт айналып өтпейтіні белгілі.
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында көліктік-логистикалық, индустриялық, энергетикалық және әлеуметтік даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету желілерін жаңғырту және тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау үшін қаржы қарастырылған. Елбасы ауыл шаруашылығын дамытуды да басты назарда ұстап отыр. Мемлекет жыл сайын ауыл шаруашылығы құрылымдарына астық өнімдерінің сапасын арттыруға, көктемгі егіс пен орақ жұмыстарын ойдағыдай өткізуге субсидиялар мен өзге де тауарлық-материалдық құндылықтар бөледі. Осының арқасында биылғы жылы өңірдегі 4107,6 мың гектар алқаптың астығы толық жиналып, қамбаларға 4911 мың тонна астық, оның ішінде 523,6 мың тонна тұқым құйылды. Биылғы жылдың астығын өңдеумен 58 астық қабылдау кәсіпорындары айналысуда.  Сондай-ақ, облыс бойынша 173,1 мың тонна майлы дақылдар жиналып алынды. Жыл өткен сайын нарық сұранысына ие майлы дақылдар, картоп пен көкөністердің алқаптары ұлғайтылып келеді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкес-тер мен әртүрлі аурулардан қорғау басты назарда. Бұл бағыттарда да мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуде. Келесі жылдың көктемгі егісіне 575,4 мың гектар жер өңделіп, 728,7 мың гектар жер жыртылды. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу белсенді түрде жүргізілуде. Дилерлік компанияның базасында өнімділігі жоғары жаңа техникалар мен жұмыс істейтін механизаторлар оқытылуда.
Елбасы өз сөзінде мал шаруашылығы мен оның өнімдерін өңдеуді дамытып, жақын шетелдерге экспортқа шығаруды міндеттеді. Осы орайда, облыс бойынша қол жеткізілген табыстар баршылық. Бүгінгі таңда өңірдің барлық санаттағы шаруашылықтарында мал басы мен құс санының артуы байқалады. Мәселен, ірі қара мал саны 391,9 мың басты, жылқы – 138,2 мыңды, қой мен ешкі – 503,7 мыңды, шошқа – 115,2 мыңды, құс саны 4333,3 мыңды құрап отыр. Жыл басынан бері облыс бойынша 63,5 мың тонна ет, 302,7 мың тонна сүт және 480,5 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Ауыл тұрғындарынан сүт сатып алу жұмысы ұйымдастырылып, қазір сүт 184 пунктте қабылданады. Сол жерлердің көбісі тоңазытқыштармен қамтамасыз етілген. Облыста сиырлар мен қашарларды қолдан ұрықтандыру жұмысы қолға алынды. Малды қыстан қысылмай алып шығу үшін мол жем-шөп қоры қажет. Осы ретте биылғы жылы 1559,3 мың тонна шөп маяларға салынды. Бұл жылдық қажеттіліктің 150 па-
йызын құрайды. Өңір бойынша өзге де мал мен құс азығы толық қамтамасыз етілді. Бұл келесі жылы мал басы мен құс санын арттыруға мүмкіндік береді.
Облыста 2011 жылдан бері ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы орайда, жоспарлық көрсеткіштерге қол жеткізудің барлық шаралары кешенді түрде жүргізіліп отыр. 2010-2013 жылдары шетелдерден асыл тұқымды 12241 мың бас ірі қара мал әкелінді. Биыл осы өнімділігі жоғары ірі қараның саны 59,1 мың бас-ты құрады. Өңірде ет бағытындағы 23 репродуктор-шаруашылық жұмыс істейді. Оның 19-ы асыл тұқымды шетел ірі қара малын көбейтуде. Облыста 18 мың бас ірі қараға арналған 7 мал бордақылау алаңы ашылды. Сондай-ақ, 24 шағын және орта мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Мұнда тоғыз мыңға жуық мал бағылады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтары 16 600 бас сиыр мен 582 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Бүгінгі таңда 150 мал соятын нысан жұмыс істейді. Жыл басынан бері мал ауруларына қарсы егу, қан алу бойынша ветеринарлық алдын алу шараларының жоспары орындалды. Төрт түлік малдың біразына бирка салынды.
Өңірді дамытудың басым бағыты – Астана қаласы айналасының азық-түлік белдеуін құру болып табылады. Әр аудан бойынша осы белдеуді құруға қатысатын аграрлық секторды, көрсеткіштерді және кәсіпорынды дамыту бағыты анықталған. Облыста аталмыш белдеуді дамыту аясында 2009 жылдан бері 72 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Биыл ауыл шаруашылығы саласындағы 21 инвестициялық жоба қолға алынып, оның 11-і жүзеге асырылғанын айту кету керек.
Сөйтіп, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған Мәңгілік Ел мен оның тәуелсіздігін нығайтуды, экономикасы өркендеген елде өмір сүруге деген талпынысымызды қарқындатуды басты назарда ұстауымыз қажет. «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау әр қазақстандықтың азаматтық парызы деп санаймын. Еліміздің әлеуетін әлемге паш ететін игілікті істерге облыстың ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен еңбеккерлері өздерінің сүбелі үлестерін қосады деген сенімдемін.

Аманбек ҚАЛЖАНОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар