Мемлекет алғысының шынайы көрінісі

Ақордада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында мемлекеттік наградалар мен әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты шараны ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз азаматтарының еңбегі арқасында мемлекет құру, экономиканы нығайту, әлеуметтік даму, елдегі достық пен тұрақтылықты сақтау ісінде зор табысқа жеткенін атап өтті. 

– Жыл өткен сайын жетістіктеріміз еселеп артып келеді. Бұл да экономика, саясат және мәдениеттің барлық саласындағы еңбектің нәтижесі. Бүгін біз құрмет көрсетіп отырған жандардың бәрі кәсіпқойлығы арқасында өз ұжымдарында үлкен сый-құрметке және даусыз беделге ие болды. Мемлекеттік марапаттар олардың өлшеусіз үлестерін көрсетеді, – деп атап көрсетті Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев өз еңбегімен, табыстарымен көзге түскен азаматтарды мемлекеттің лайықты бағалап отырғанына тоқталды.
– «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы өз өнері арқылы елімізді дүние жүзіне танытып келе жатқан Айман Мұсақожаеваға берілді. Ол өнерді шебер меңгеріп қана қоймай, қайраткерлігімен де көзге түсті. Бүгінде өзі басқаратын Ұлттық өнер университетін еліміздің маңдай алды музыкалық оқу орнына айналдырды. Ол жаңа елордада консерватория ашу ісіне алғашқылардың бірі болып  үн қатты. «Әлем әртісі» атағына ие бола отырып, ол барлық халықаралық конкурстарға белсене қатысып келеді. Болашақта оны әсіресе, өскелең ұрпақ тәрбиелеуге байланысты көп жұмыс күтіп тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы наградалармен тек өз қызметтік міндеттерін адал атқарғандар ғана емес, күш-жігері мен денсаулығын аямастан одан да үлкен іс тындырған жандар марапатталып отырғанын айтты. Олардың ішінде Елбасының қолынан «Құрмет» орденін алған Ақмола облысындағы «Хлебороб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бригадирі С.Әбдікәрімов та бар.
– Өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Рүстем Мусин отқа оранған үйден екі бірдей бүлдіршінді көтеріп алып шықты және тағы бір адамды құтқарып қалды. Осы жанқияр ісі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады, – деді Қазақстан Президенті.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі 97617 әскери бөлімі байланыс торабының сержант-нұсқаушысы Р.Суханов ие болды.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградалармен түрлі қызмет саласының өкілдері марапатталғанын айтты.
– Бүгін жоғары наградалар ғалымдарға, мемлекет қайраткерлеріне, бизнес, қоғамдық ұйымдар өкілдеріне, мәдениет пен өнер, білім беру және денсаулық сақтау саласы қайраткерлеріне, өндірісшілерге, әскерилерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне беріледі. Олардың әрқайсысының Қазақстанның игілігі жолындағы адал жұмыс тәжірибесі, шын мәнінде мақтан етуге тұратын еңбегі бар, – дей келе Мемлекет басшысы,  жоғары наградаларды бір топ өнер қайраткерлеріне де тапсырды. Олардың ішінен өнердегі ерен еңбегі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовты, «Парасат» орденімен марапатталған Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, композитор К. Дүйсекеевті, тағы басқаларын атап өтуге болады.
Қазақстан Президенті бүгінде мемлекет отандық мәдениет мен өнерге жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанына тоқталды.
– Бұл саланың рөлі аса маңызды. Экономикада қиындық болған жылдары біз өнер мен мәдениетімізге іс жүзінде ешқандай көмек көрсете алған жоқпыз. Қазір жағдай өзгерді. Тұрмыс жақсарды, тиісінше халықтың рухани сұранысы да артты. Нағыз тұлғаны нақ осы әдебиет пен өнер тәрбиелейді. Көркем шығарма қазіргі қоғамда өмір сүретін жаңа адамды қалыптастырады, –деді Нұрсұлтан
Назарбаев.
Елбасы Мемлекеттік сыйлық Тәуелсіздігіміздің негізіне айналған ұлттық қозғалысқа арналған «Тар кезең» тарихи романы үшін жазушы Қ.Мұханбетқалиұлына берілгенін айтты.
– Бұл сыйлық «Кешіріңдер келгенімді өмірге» өлеңдер жинағы үшін ақын Г.Салықбаеваға, «Реквием» вокалды-симфониялық шығармасы үшін композитор Балнұр Қыдырбекке беріледі. Мемлекеттік сыйлыққа  «Песня – душа моя» жеке концерті үшін әнші Пантелей Кесоглу лайық деп танылды. Сондай-ақ, авторлар ұжымы – Асқар Мырзахметов, Бақытжан Әшірбаев, Насир Рустамов, Әмірхан Шүменов, Нұрлыжан Бөкебаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Шымкенттегі тарихи-монументалдық саябақ кешені үшін осы сыйлықпен атап өтілді, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барлық марапат иелерін құттықтай отырып, сыйлықтар мен наградалар атқарған қызметке, қазіргі нәтижелерге және болашақ жоспарларға деген мемлекеттің алғысының көрінісі болып саналатынын атап айтты.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар