Адам да, қоғам да иманды болуы керек

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің үстіміздегі жылдың 18 қыркүйегіндегі №109 санында белгілі журналист Бақыт Смағұлдың «Кеудесі қазына қарттар қайда?!.» атты көлемді мақаласын оқып, бірталай ойларға батып, сондағы көңіліме оралған аз ғана пікірімді білдіруді жөн көрдім.

Иә, қазақ халқы қазыналы қарттарынан қай уақытта болмасын құралақан болған емес. Соңғы кездердегі өзім көрген Өзбек Елемесұлы, Баян Жанғалов, Әубәкір Әбуов, Мамыр Сағитұлы  сынды қазыналы қарттарымызбен қатар, әлі де соларға шендес қарияларымыздың бар екендігі, ортамызда жүргендігі қуантады. Әрине, олар да сонау бір кездердегі қатары қалың қара шаңырақ иелерінен қалған көненің көздері ғой. Егер өткенге көз жүгіртсек, еліміздің, жеріміздің қасиеті қашып, қазыналы қарттарымыздың көбесі сөгілуімен қатар, ұлттық қадір-қасиетімізден айырыла бастағанымыз қызыл империяның билеп-төстеуімен келген кеселдер екені даусыз. Оның бәрін тарқатып тәптіштеп жатудың қазір қажеті жоқ. Енді міне, өз билігіміз өз қолымызға тиіп, жоғалғанымызды тауып, жыртығымызды жамап жатқан заманда, адал ішіп, адал өмір сүруге, мәнін жоғалта бастаған сол қадір-қасиеттерімізді бағалап, бұлақтың көзін ашқандай еңбектеніп, соны ізденістерге түсуіміз керек.
Мен Бақыт Смағұлдың мақаласында көрсетілген көңілсіз де көріксіз іс-әрекеттердің орын алып отырғанына қынжыламын да, көтеріп отырған мәселелерінің дұрыс екенін қолдаймын. Осы орайда, ит мәселесіне байланысты өзім көрген мына бір жайды айта кетейін. Бірде іссапарға жүріп, өзіме белгілі бір азамат жол-жөнекей үйге кіріп шығыңыз деген соң табалдырығын аттаған сәтте, салпаң құлақ, көзі-басын жүн басқан, маймыл тәріздес ит төрде жатқан жерінен ырғып орындыққа шықты да, мені бөтенсінді ме, секіріп жинап қойған кереует үстіне мінді. Үйдің іші мүңкіп тұрған ит иісі. Тұншығардай келеңсіздікке тап болып, лоқсып, дереу тысқа шығып кеттім. Сыйлас та жақсы  азамат болса да, сол шаңыраққа қайтып бас сұққан емеспін. Өз басым үйде ит ұстап, көңіл көтергенді қолдамаймын. Асыранды иттер тек үйін ғана емес, бүкіл ауланы, үй маңын да жиркенішті ластайды. Кейбіреулердің көңіліне келсе де айтайын, әсіресе, көп қабатты үйлерде ит тәрбиелеп, итпен әуестенудің ешбір лайығы жоқ.
Енді айтылған жайлардың ажарына қарап, бірер сөзді ата мен бала, жалпы, ұлттық тәлім-тәрбие жағдайына ойыссақ, адам қай уақытта болмасын, өзі өмір сүрген ортасының құлы ғой. Әсіресе, қазақ халқы соңғы бір ғасырдан астам уақыт ішінде айтса нанғысыз бірнеше түрлі қоғамдық өзгерістерді басынан өткерді. Бір кездерде ата-ата болып, көшпелі дәуірдің соңғы баспалдағында тұрғанда ұжымдастыру саясатымен 4-5 ауыл бір колхоз болды, дәл осы тұста қуғын-сүргін, жер аудару, жазықсыз жазалау науқаны іске асырылды, одан Ұлы Отан соғысы киіп кетті. Одан 10-15 жыл өткенде ірілендіру мақсатында 2-3 колхоздан бір совхоз ұйымдастырылды.
Қазақ жері сырттан келгендермен толығып, ұлттық құндылықтарымыздан, тіліміз, дініміз, ділімізден айырылуға шақ қалғанда қыл бұрау үзіліп, империя омақа аса құлап, «өтпелі кезең» аталған дүрбелең туып, ел жұмыссыз сандалып, ауылдардың аспанын бұлт торлады, жастар жағы қалаға, бастары ауған жаққа сабылды.
Әлі есімде, сол кездері Көкшетауға бала-шағасымен көшіп келген, ағайындас жасы жүзге таяп қалған Сәмен деген ақсақалға сәлем бере барсам, көпті көріп, өмірдің талай қыспақтарын басынан кешкен ол «күнделікті нандарыңды айырып отырардай халге жетсеңдер болды, кейімеңдер, әлі бәрі де түзеліп кетеді, тек төзім керек», – деп отыр екен. Сол кісінің айтқаны келіп, бірте-бірте еңсеміз көтеріліп, аяқтан тұрып кеттік қой. Енді міне, мақалада жазылғандай, «сол аталар ұлағатын көрген ұрпақтың соңғы жұрнағы өзіміз» болып отырғанымыз рас. Ауылда болсын, қалада болсын, ұрпақ тәрбиесі аталары мен әжелерінің мойынынан өлгенінше түспейтін мейірімді жұмыс. Қазақта «Құлан өз қағынан өзі жерімейді», – деген қағида бар. Ақыл-есі, ден саулығы дұрыс, ұл-қыз тәрбиелеп отырғандардың кімі болсын, өз ұрпағын өздері өзекке тебе қойсын ба. Әйтсе де, Алланың сайтанынан адамның албастысы асып тұрған осынау алмағайып заманда, арамызда арақ ішіп, нашақорлыққа салынып, азғындық жолда жүргендермен алысып жатқанымыз да жасырын емес. Сондай келеңсіздіктердің салдарынан ұлтымызға жат қылықтар, тастанды бала, үйлене сала ажырасу, қисынсыз отбасының сиқын бұзу, үлкенді сыйламау, өзін-өзі өлімге қию сияқты келеңсіздіктер өкінішке орай, азайғанның орнына өршіп бара жатқаны қынжылтады. Осылайша тебіренгенде ұлы ғұлама Әл-Фараби бабамыздың осыдан мыңдаған жылдар бұрын «Адамға білім емес, алдымен тәрбие беру керек, тәрбиесіз білім апат әкеледі», – дегені неткен көрегендік деп ойлайсың.
«Қызға қырық үйден тыю», – дегендей, қазіргі дүрбелеңді дүниенің дауылында туындаған басқа да келеңсіздіктер, коррупция, лаңкестік, терроризм, экстремизм, діни, ұлтаралық алауыздықтармен күресу барысында адам баласы оларды ауыздықтаудың түрлі жолдарын іздестіру үстінде. Түптеп айтсақ, небір қатаң тәртіпте, қолданыстағы заңдарда көздеген нәтижелерге тереңдеп бара алмауда. Осыны болжаған кейбір ойшылдарымыз әр адамның, ортаның, тіпті, қоғамның иманды болуын алға тартады. Әрине, көп ұлтты біздің елімізде бұл оңай шаруа емес, дей тұрсақ та, дәстүрлі дін атаулының түгел дерлік жат қылықтардан аулақ болуды уағыздайтыны белгілі. Мәселе түгелдей намаз оқып, молла болуда емес. Имандылық дегеніміз – адалдық, тазалық, ардың, жанның, жүректің, тәннің тазалығы. Адамды сүю, адамға, еліңе, Отанына адал еңбек ету, патриот болуға мезгейтін ұғым екенін түсінген абзал. Олай, болса, ылайым жүрегімізге Алла тағала әрдайым иман ұялатып, әділ де ақиқаттылықты тілейік.
Енді тақырыбымыздың табанды мәселесі – ата мен немере арасындағы жарасымның арқауы хақында тағы да аздап ой өрбітсек, ол бәз-баяғы, біз қиялдағандай емес екендігін осынау үздіксіз дамып бара жатқан ғылым, білім, компьютер заманында ашық та тура айтудың қисыны келіп тұр. Мысалды өз басымнан келтірсем, ең кіші немереміз бала бақшаға барғанға дейін мен домбыра тартсам үніне құлақ қойып, ыңырсып қосылғанды ұнататын. Іштей мен де қуанатын едім. Биыл ол бірінші сыныпқа барды. Оқу өте күрделі, үш тілді меңгеруге ұмтылуда. Кіп-кішкентай күнінен өзім еркін білмейтін ұялы телефонды пайдалана біледі, қолында планшет деген бар, өзі ұнатқанын іздеп тауып, сурет салады, тамашалап отырады. Сәл қолы босаса, әртүрлі пәндерді игерумен машықтанады. Маған оның тіпті, бос уақыты жоқтай көрінеді. Жұмыстарынан соң күнара  әке-шешесі ролик, коньки тепкізіп әкеледі. Газетте жазылғанындай, біздің қауқарымыз шындығында немеремізді мектепке апарып әкелумен ғана шектелетін сияқты.
Мұнымен мен аталық парызымызды сырып қойдым деуден аулақпын. Өсіп келе жатқан жас бөбектеріміз бен жеткіншек бала шағамызды қолдан келгенінше тәрбиелеп, дінімізді, тілімізді, ұлттық қасиеттерімізді ұмытпауға, ардақтауға күш-жігерімізді жұмсаудың өзін зор бақыт деп санаймын.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар