Көкшетау қаласындағы №13 «Экос» мектеп-гимназиясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған суреттер байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2003 жылы қабылдаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы конвенциясына сәйкес жыл сайын желтоқсан айында Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні аталып өтіледі. «Transparency International» халықаралық ұйымының деректеріне сүйенсек, еліміз жемқорлыққа жол беру индексі бойынша былтырғы жылы 140 орында болса, биыл он төрт орын ілгері жылжып 126 орында тұр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында жемқорлық әрекетіне жол бермеу бойынша батыл қадам жасау жөнінде үзбей айтып келеді. Десе де, еліміз бойынша осы кеселге тосқауыл қою әлі де көп жұмыс атқаруды тілейді.
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы мен Көкшетау қалалық білім бөлімінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және келешек жас ұрпақтың мұндай әрекеттен бойларын аулақ ұстау мақсатын көздеген суреттер байқауын ұйымдастырды. Бұл шараға Көкшетау қаласының мектептерінен 75 оқушы өз жұмыстарын ұсынды. Оның ішінде, 19 туынды Көкшетау қалалық №13 орта мектеп оқушыларының шығармалары көрінеді. Оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбына салған суреттерінен көп нәрсені ұғынуға болады. Әсіресе, Даниил Чабанның «Жемқорлыққа жоқ дейміз» атты суреті өзінің ерекшелігімен, тақырыпты ашу барысында қолданған тәсілімен ұнады.
Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша жүлделі орындарға ие болған оқушыларды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы Қуаныш Жапақов құттықтап, арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Бірінші орынды иеленген Көкшетау қаласындағы №14 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Даниил Чабан планшеттік компьютерімен, екінші орынға қол жеткізген «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығының тәрбиеленушісі Данияр Қайратов электронды кітапшасымен, үшінші орыннан көрінген Көкшетау қалалық №7 орта мектептің оқушысы Аружан Казова ұялы телефонмен марапатталды. Сондай-ақ, «Әулет» орталығының «Шебер қолдар» үйірмесінің тәрбиеленушілері Аружан Халелова, Елена Кондратюк, Шамиль Ихтислямов сияқты жасөспірімдер арнайы аталымдарды иеленді. Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.