«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында «Партияның 50 тұлғасы» жобасы шеңберінде «Жұлдызды кездесулер» атты патриоттық акцияның тұсаукесері болып өтті.
Аталмыш шараның мақсаты саясат, мәдениет, құрылыс, медицина, спорт және басқа да салаларда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген облыстың бетке ұстар азаматтарын белсенді жастармен қауыштыру болып табылады. Соның бастамасы ретінде есімдері дүйім жұртқа белгілі спортшылар мен студенттер арасында кездесу ұйымдастырылды.
Осынау алқалы жиынға ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, XVII Азия ойындарының күміс жүлдегері Мария Грабовецкая, бокстан әлем чемпионатына қатысушы, Қазақстан Республикасының спорт шебері, республика чемпионы Дина Жоламан, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батырбек Оздоев, шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Николай Чеботько және бокстан жоғары дәрежедегі жаттықтырушы Александр Высоцкий қатысты.
Жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов түрлі спорт сайыстары мен өнер додаларында айрықша жетістіктермен көзге түсіп жүрген ұландарды дәріптеу және оларды өскелең ұрпаққа үлгі ретінде насихаттау қажеттігіне тоқталды. Біздің өңірде де қажымас қайрат танытып, ерен еңбегінің арқасында қомақты нәтижелерге ие болған жастармен мақтана аламыз. Бойларына небір асыл қасиеттерді топтас-тыра алған еңбекқор ұл-қыздарды жұлдыздар қатарына қосқан орынды-ақ.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина мен жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры Аян Шөкенов өткен 2014 жылдың спортшылар үшін жеңістерге толы болғанын атап өтті. Сондай-ақ, жаңа 2015 жылдың жос-парларымен ой бөлісті. Жиын барысында үздік спортшылар мен олардың бапкерлері Алғыс хаттармен марапатталып, жастарды қызықтырған сауалдарға тұшымды жауап қайтарды.
Алдағы уақытта да патриоттық акция өз жалғасын тауып, ең белсенді, дарынды жас партия мүшелері анықталып, оларға құрмет көрсетілетін болады.
Суретте: бокстан республика чемпионы Дина Жоламан және жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры Аян Шөкенов.