Ол күндердің даңқы өшпейді

Жаңа жыл қарсаңында бүкіл еліміз бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қолдау жөнінде Жалпыұлттық акция  болып өткені белгілі.  Соған орай, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне Қазақстанда тұратын 5115 соғыс ардагері Елбасының өздеріне арналған құттықтауы мен Жаңа жылдық сыйлықтарын алды.  Сөйтіп, біздің елімізде миллиондаған халықтың құрбандығымен келген Ұлы Жеңіс мерекесін атап өту шаралары күні бұрын басталып кетті. Мұның өзі тәуелсіз мемлекетіміздің  сол бір сұрапыл жылдардың бар ауыртпалығын қайыспай көтеріп, қасиетті жерімізді зұлым жаудан аман-есен сақтап қалған аға ұрпақ өкілдеріне деген риясыз құрметін көрсетсе керек.

Осы бір қам-қорлық шарасы облысымыздың Қорғалжын ауданында да өзінің жарқын көрінісін тапты.
Аудан әкімі Қайыр Рыскелдинов ортамызда аман-есен жүрген қос соғыс ардагері Ақыш Абдрахманұлын және Кеңбидайық ауылының тұрғыны И.Банчужинді үйлеріне барып, Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, Елбасының атынан мерекелік сыйлықтарды тапсырды. Қарттарға ұзақ ғұмыр, ашық аспан, бала-шағаларының қызық-қуанышын тілеген аудан әкімі оларға аға ұрпақтың ерлігі кейінгі ұрпақтар үшін әрқашан үлгі-өнеге екенін жеткізсе, қос ардагер де өздеріне деген осы шынайы қамқорлығы үшін Елбасына алғыстарын жаудырып, бір жасап қалды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты. 
Қорғалжын ауданы.
Суретте: соғыс ардагері Иван Банчужиннің шаңырағында.

Целиноград ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеев те Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, гүл шоқтары мен сый-сияпаттарын табыс етті.
Ардагерлерді қолдау акциясы өз жалғасын тауып, аудан әкімі ардагерлер Алексей Николаев, Семен Шестаков, Сергей Глушков пен еңбек ардагері Амангелді Айнақұловтың шаңырақтарына барып, оларға Елбасының құттықтау хатын тапсырды.
Сұрапыл соғыстың  аяқталғанына биыл жетпіс жыл толып отыр. Бұл оқиға адамзаттың тарихында орны толмас қайғыға айналған еді. Сол себепті, Ұлы Отан соғысының ардагерлері  Елбасының назарынан тыс қалмай, әрдайым  оның ерекше ықыласы мен қамқорлығына бөленіп келеді. Демек, ержүрек сарбаздар жас ұрпақтың жадында қайраттылық пен Отанға деген адалдықтың мәңгілік үлгісі болып қала бермекші.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Целиноград ауданы.

Ерлігі ескерілген

Алдағы мамыр айында адамзат баласына орны толмас қайғы-қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыстың да кеңес халқының  жеңісімен аяқталғанына 70 жыл толғалы отыр. Өзінің қанқұйлылығымен адам жанын түршіктірген бұл соғыстың да әлі ашылмай жатқан ақтаңдақ беттері көп. Ол тұтас халықтарға да, сол қиянкескі майдан даласында шыбын жанын аянбаған есіл ерлерге де бірдей қатысты.

Соның ішінде зұлым жауға қарсы сұрапыл шайқастарда ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп, түрлі себептермен өздеріне тиесілі орден, медальдарын ала алмаған майдангерлер де баршылық. Сондай деректердің біразы қазір ғаламтордың арқасында жалғанның жарығына шығып жатыр. 
Жуырда немерелері Интернет арқылы бұл күнде өмірде жоқ Ұлы Отан соғысының ардагері Тасым Шәкіровтың да 1945 жылдың 15 қаңтарына қараған түнде Польша жеріндегі Пулавы елді мекенінен батысқа қарай Легензув деревнясы аумағында барлаушылар құрамында жаудың үш әскерін жер жастандырғаны үшін «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалімен марапатталғаны жөніндегі деректерге тап болған. 312 Қызылтулы Смоленск атқыштар дивизия-сы 1079 атқыштар полкының командирі, полковник Лихотвориктің осы бұйрығында Т.Шәкіровтың 1920 жылы туғаны, ал, 1940 жылдың 18 желтоқсанында Солтүстік Қазақстан облысы Бейнетқор аудандық әскери комиссариатынан Қызыл Армия қатарына шақырылғаны, 1941 жылдың 9 шілдесінен бастап Ұлы Отан соғысына қатысқаны атап көрсетіледі.
Өмірінің соңына дейін Бурабай ауданының Абылайхан  ауылында тұрған соғыс ардагері  көзі тірісінде өзінің бұл наградасы туралы білмей кеткен. Бұған тегі, жау қолына тұтқынға да түсіп, одан сытылып шығып, көрмегенді көрген майдангердің кейін ұрыс даласында жараланып, госпитальда емделуі, сөйтіп,  өзі марапатталған  медалін ала алмауы да  себеп болуы мүмкін.
Қазір Ақмола облыстық әскери комиссариаты Ресей Қорғаныс Министрлігінің мұрағатына осы жөнінде сұрау салып, медаль табыла қалған жағдайда оны салтанатты түрде балаларына тапсыруға ниет білдіріп отыр.
 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар