«Жасыл ел» жұмысымызды нәтижелі іске ұластырды

Кіші Түкті орман шаруашылығының ұжымы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы ел келешегі үшін бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек деген сөзіне сүйсініс танытып отыр.

Елбасы бұл Жолдауында Қазақстанда ғана емес, бүтін әлемде дағдарыстың дендей еніп, қиындық туғызатындығын жасырып отырған жоқ. Сол қиындықтан біз өзіміздің ел боламыз деген талпыныс, ынта-жігеріміздің арқасында шыға аламыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлттық қор құрылғандығы белгілі. Бұл да Елбасымыздың ел ертеңін ойлаған ыждағаттылығымен жүзеге асырылған дүние болатын. Енді соның игілігін көргелі отырмыз.       
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері еліміздің бағындырған белестері өте көп. Бұл уақыт ішінде біздің орман шаруашылығы саласында да бірқатар оң өзгерістер қанат жайды. 2005 жылдан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аймағымызда 20 жыл ішінде жалпы аумағы 15 мың гектардан астам жерге жасыл желек отырғызылды. 
Үкімет тарапынан экологиялық ахуалды жақсартуға да көңіл бөлінуде. Осы міндетті жүзеге асыруда Кіші Түкті орман шаруашылығының да үлесі бар деуге болады. Материалдық-техникалық базамыз жыл өткен сайын нығая түсуде. Президенттің тапсырмасымен  «Астана–Щучинск» автобанының бойына ағаш көшеттері отырғызылды. Орман  шаруашылығының 50 гектар алқабына өсірілген көшеттерді Астана, Алматы, Көкшетау қалалары мен облыстың  барлық аудандары алып, өңірлерін абаттандырды.   Көшет дайындауда 80 адам жұмыс істейді.  Орташа еңбекақылары   55-56 мың теңгені құрайды. Ауыл тұрғындарының дені  жұмыспен қамтылған. Көкшетау қаласында бой көтерген Достық үйі  ғимаратының маңайын облыстық орман шаруашылығы басқармасымен бірігіп, көгалдандыруға атсалыстық.
«Орман аймағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұтынушылардың сұранысы бойынша ағаш дайындайды.
Жолдауда  әлеуметтік салаға қатысты мәселелер де көпшіліктің ойынан дөп шыққандық деп білеміз.  Біздің өңірдің тұрғындары бірнеше жылдан бері жол жүрудің азабын бастан өткеріп келеді. Әсіресе, қыс айлары күшіне енген уақытта аудан мен облыс орталығына қатынау қиынға соғады. Егер жаңадан жол салынатын болса, екі қолына бір күрек таба алмай жұмыссыз жүрген жастар уақытша болсын, жұмысқа орналасып, азын-аулақ қаржы табар еді. Демек, ел ішіндегі республикалық, облыстық маңызы бар жолдарды жаңғыртудың ел экономикасына да, қарапайым халыққа да тигізетін шарапаты мол дер едік. 
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясаты әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жолындағы біздің нық қадамымыз»,  деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.  Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты мәселе екенін де ескерген  Елбасы  2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялады. Біздің ұжымда да бірнеше ұлттың өкілдері  еңбек етеді.  Президентіміздің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта  «Астана-Щучинск» автобаны бойында 2018 жылы отырғызылатын көшеттерді  өсіріп жатырмыз. Осы орайда, жасыл белдеуді көгалдандырумен бірге,  жол бойына да күтім жасаймыз. 
Мәңгілік елге бастар нұрлы жолда берекелі ісіміздің берік тұтқасы бірлігіміз бен татулығымыз, тыныштығымыз екені сөзсіз.

Сүйіндік ИСАБЕКОВ,
 Кіші Түкті орман шаруашылығының басшысы.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар