Астана қалалық туризм қауымдастығының ұйымдастыруымен Вячеслав орта мектебінің оқушылары Елордамызға саяхат жасап, көрікті жерлерді аралады.
Балалар алдымен Ұлттық музейде болып, Астана қаласының макетін тамашалады. Олар «Алтын адам» мен әр дәуірдің археологиялық ескерткіштерімен танысуға мүмкіндік алды. «Думан» ойын-сауық кешені мен «Джунгли» аттракционы да балаларға есігін айқара ашты. Тәуелсіздік сарайында 4 d форматында Елордамыз – Астана қаласының қалыптасу кезеңі туралы түсірілген фильм көрсетілді. Оның үлкен залында балалар «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің макетімен танысты. Балалар Астананың символына айналған Бәйтеректің ұшар басына шығып, Елорданың әсемдігін тамашалады.
Саяхат барысында оқушылар жақсы әсер алып, ерекше көңіл-күйге бөленді. Ұйымдастырушылар тарапына да айтар алғыстары зор.