Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университе-тінде білім алушылардың тәжірибесін қалыптастыру мақсатында «Мейрамхана сервисі» оқу-тәжірибелік зертханасы ашылып, қызмет түрлерін ұсынды.
Мұны оқу-тәжірибелік үрдісті жаңғырту мақсатында қолға алынып отырған игі шара десе болады. Жалпы, мейрамхананың – туризм индустриясында алатын орны ерекше. Бүгінде сала бойынша көрсетілетін қызметтер түрі сан алуан. Аталмыш мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер үшін, әсіресе, туризм саласындағы мейрамхана қызметін жүзеге асыру ісінде мұндай зертхананың пайдасы зор болмақ.
Білім алушылар өздерінің теориялық білімдерін тәжірибемен тығыз ұштастыра білуде. Мәзір құру мен бюджетті есептеуге үйрету мақсатында ашылған зертхананың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров:
– Оқу жылының соңына дейін осы игі бастаманы жалғастыру ойымыз да бар. Осы тәріздес тағы да 20 зертхана ашуды жоспарлап отырмыз, – деді. Сондай-ақ, Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов та сөз сөйлеп, осынау игі бастаманың жемісті болуына тілек білдірді.
Іске қосылған зертхана қазіргі заман талаптарына сай қажетті заманауи құралдармен толық жабдықталған. Бұл жиында ас мәзірін дайындап, үстелді безендіру мен декорлауға қатысқан студенттердің көрсеткен қызметтерінің жоғары деңгейде екендігіне куә болдық. Тәжірибеден өткен болашақ мамандардың Қазақстан бизнесін дамытып, оның өркендеуіне өз үлестерін қосатындарына сеніміміз мол.
Іс-шара соңында келген меймандар назарына студенттер қауымы әсем әндерін тарту етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.