Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абыройлы азамат 1 - АРҚА АЖАРЫ

Абыройлы азамат 1

Бар саналы ғұмырын өңір экономикасын дамытуға арнаған абзал жандардың бірі – Көшек Сәменов. 

Көшек ағамыз бұрынғы Көкшетау облысындағы таза қазақ елді мекендерінің бірінен саналатын Ортағаш ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Қайырбай қырық бес жыл бойы механизатор болып, егіншілік саласында жұмыс істеген адам. Анасы Гүлжиян жас кезінде сауыншы болып, кейін балалы-шағалы болған соң отбасының отанасы ретінде отағасының жағдайын жасап, өмірге әкелген алты баласының тәрбиесімен айналысуды жөн көрген. Қос бәйтерек сол кездегі өмірдің ауыртпалықтарына шыдап, балаларының барлығына жоғары білім алуларына мүмкіндік жасаған.

Осындай өнегелі шаруа отбасынан шыққан Көшек Қайырбайұлы жасынан Жанайдар Мусин мен Мәди Хасенов нағашыларындай жазушы болсам деп армандайтын. Дегенмен, әкесінің сөзін далаға тастамай, нағашысы Мәдидің ақылымен сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түсіп, агроном-экономист мамандығын алып шығады. Ең алғашқы еңбек жолын бұрынғы Көкшетау ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарында агроном болып бастайды да кейін сол жерде экономист болып жұмыс істейді. Сол кезде аталған кеңшарда директор, кейін аудан, облыс басшылығына дейін көтерілген Чапай Әбутәліпов оның жұмыстағы тәртіптілігі мен алғырлығын, талапшылдығы мен іскерлігін жоғары бағалап, әрі қарай қызмет бабымен өсуіне зор ықпалын тигізді.
Сөйтіп, 1976 жылдың ақпан айында «Молодежный» совхозына бас экономист болып ауыстырылды. Ол жерде уақытпен санаспай, аянбай еңбек етіп, кеңшардың экономикасын зерделеп, талдап, оны көтеру мақсатында игі істерді жүзеге асырды. Кеңшар еңбеккерлерінің жалақылары үстінен сыйақы беруді қолға алды. Бұл істе кеңшар директоры Валентин Волков, бас бухгалтер Александр Петров, бас инженер Амангелді Бекхожин сияқты азаматтардың да еңбектері зор болды. Осындай өз ісіне деген жауапкершілігі мен жұмысшылардың еңбегіне әділ баға беруінің арқасында 1979 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бас экономист болып ауыстырылды. Сол кездегі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Моисей Чжен мен оның экономика жөніндегі орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Қасымхан Құсайыновтардан тәлім-тәрбие алып, тәжірибесін ұштай түсті. Содан кейін, аргоөнеркәсіп бірлестігінде, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданында бір адамдай елеулі де абыройлы қызметтер атқарды.  Сонда Шалқар көлінің экологиясын сақтау үшін көл жағасына орналасқан мал фермаларын басқа жерге көшіру жұмыстарын қолға алған еді. Айыртауға Украина, Белоруссиядан асыл тұқымды ірі қара мал әкелу, қой, қара мал басын көбейту жолындағы жұмыстарды да асқан жауапкершілікпен атқара алды. 
Қайта құру кезеңі басталған кезде облыс орталығына көшіп келіп, заман талабына сай бірқатар шаруалардың басы-қасында жүрді. 1999 жылы Бұланды ауданының сол кездегі әкімі Асқарбек Үйсімбаевтың бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Табандылықпен жұмыс істеу нәтижесінде ауданның өндіріс көлемін 3 есеге, салық түсімін 2,5 есеге арттырды. Тұралап қалған өндіріс орындарында жұмыс қайта жанданып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына игі ықпал етті.
2003 жылы Ақмола облыстық экономика басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметіне ауысып, өңірімізде шағын бизнестің дамуына өз үлесін қосты. Екі мәрте Америка Құрама Штаттарында іссапарда болып, шет ел экономикасының тыныс-тіршілігімен танысып, кәсіпкерлік саласы бойынша тәжірибе алмасты. Ол жақта үйреніп келгендерін өңіріміздің шағын бизнес өкілдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
2004 және 2007 жылдар аралығында Көкшетау қалалық мәслихатында, қалалық жер қатынастары бөлімінде жұмыс істеді. Бұл қызметтерде ол депутаттар жұмысы мен сайлаушылар аманаттарының орындалуына, комиссия отырыстарының уақытында сапалы өтіп, туындаған өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысты. Көкшетау қалалық әкімдігінің жер бөлімінде қызмет атқарғанда қала саябақтарына түгендеу жүргізіп, бір жүйеге келуіне зор ықпалын тигізді. Көптеген жеке кәсіпкерлер мен ұйымдардың жер алып, жұмыстарын дұрыс жолға қоюына көмектесті. Бүгінгі таңда «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сол абыройлы қызмет үрдісін одан әрі іскерлікпен жалғастырып келеді. 
Осындай еңбекқор жандар қоғам ісінің алға басуына көп дәнекер болатыны белгілі. Олай болса, жас ұрпақ та мұндай ағаларының тындырымдылығы мен ақжарқын мінезінен үлгі алып, белсенділіктерімен танылса, нұр үстіне нұр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар