Осы күні баспанасы бар адам шынында да бақытты адам. Өйткені, қазіргі жастардың дені жалдайтын пәтерлерде тұрып жатыр. Ал, жайлы пәтерге қол жеткізу үшін қаншама жыл тірнектеп қаржы жинауың керек.
Айналаңда қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Ал, әрбіреуінің тағдыры өзгеше бір әлем. Тек сол әлемде олар әрқилы өмір сүруде.
Көше бойынан жүк сөмкесін сүйреткен бір қызды көрдім. Жабырқаулы. Қасынан өтіп бара жатып әлдебіреумен телефон арқылы сөйлескен сөзін құлағым шалды. Әдейі емес, әрине. Амалсыз кідіруіме тура келді. Мәселенің мән-жайын сұрағанымда, барар жері жоқ екен. Ауылдан келгеніне бірер айдың шамасы болса керек. Жалдамалы пәтерде тұрып, қиындық көргенге ұқсайды. Пәтер иесі үйден қуып шыққан соң амалы таусылып, ауылға бет алған.
Қазір тұрғын үй мәселесі өте өзекті болып тұр. Өйткені, пәтер беруші де, пәтер жалдаушы да көп. Жалдаушылардың дені жастар. Азын-аулақ жалақыға күн көріп, оған қоса, үйдің төлемақысын өтейді. Біреудің ар-намысына тиюден аулақпын, дегенмен пәтер жалдаушылардың көбі қазақтың ұлдары мен қыздары. Талай рет орта жасқа келіп қалғандарды да жолықтырдық.
Қазақта «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген сөз бар. Сол жалдап тұрған үйіңнің иесі болғандықтан, шектен тыс өктем сөйлейтіндері де бар. Айтуға тіл қысқа. Біреудің қас-қабағына қарап, күн көру деген осы.
Өткенде бір танысым отбасымен ауылдан қалаға келіп, уақытша тұра тұратын баспана іздеді. Баласының денсаулығына байланысты дәрігерлердің бақылауында болғысы келеді. Шынын айту керек, жалдайтын пәтер таба алмай бір аптадай жүріп қалды. Пәтер жоқ емес, бар, бірақ бағасы тым қымбат. Үй иелерінің бірі заң бойынша келісім-шартқа отыруды жөн санаса, енді бірулері баланы көргенде ыршып түсіп, маңайына жолатпайды. Қазіргі таңда коммуналдық төлемсіз бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны шамамен 45-50 мың теңге болса, екі не үш бөлмелі пәтерлер 65-пен 80 мың теңге аралығында тұрады. Тіпті, еврожөндеуден өткендері жүз мыңға дейін барады. Тағы бір айта кететін мәселе, бұл күнде тәуліктік пәтер жалдау қызметі мен пәтерлер бюросының саудасы одан сайын қыза түскен. Тәулікке тіпті, сағатқа берілетін мұндай пәтерлерге әсіресе, жастардың сұранысы жоғары көрінеді. Олардың түрлі мерекелерде бас қосып, ішімдік ішіп, сол үйді ойын-сауық отауына айналдыратыны жасырын емес.
Қажеттілік көбейген соң, сұраныс та арта түсуде. Бірігіп екі не одан да көп бөлмелі пәтердің бір бөлмесінде бірнеше адамның жалдап тұруы белең алған. Олардың әрқайсысы шамамен 10-15 мың теңге төлейді. Қыстырылысып, қымтырылысып, әйтеуір, осылайша күн көруге мәжбүр. Басқа амал жоқ. Өйткені, қалтаңның көтергені сол ғана. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер» дегендей, осылайша баспана мәселесі бас ауруына айналып отырған жайы бар.
Бірақ, көңілде көш жүре түзелер деген сәулелі үміт те жоқ емес. Өйткені, Елбасымыз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынатынын айтқан болатын. Барынша төмен пайызбен баспана алу оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың баспанамен қамтамасыз етілуіне жол ашады деген сөз. Ол күннің де ауылы алыста емес деп сенеміз. Бірақ, қазіргі таңда пәтерін жалға беру арқылы біреудің бір ай бойы еңбекпен тапқан жалақысын шыбық басын сындырмай, үйде отырып, тауып отырғандар да жоқ емес. Егер меншігіңде бір емес, бірнеше пәтерің болса, жаныңды қинап жұмыс істеудің де не қажеті бар.
«Заманың түлкі болса тазы боп шал» демекші, осы күні жалдамалы пәтер қызметін ұсынатын арнайы бюроларда пәтердің неше түрлісін тауып береді. Ал, пәтерақысын төлеуге қиналған кейбір адамдар түрлі қылмыстарға да барып жатыр. Сондай сұмдық жайттың бірі – төлемақыдан қысылған әйелдің баласын саудаға салғаны. Жаңалықтардан бұл да көпшіліктің есінде болар.
Иә, жалдамалы пәтер талайдың қалтасын қағуда. Өзінің аты-жөнін атамауды жөн көрген Әсем есімді қала тұрғыны осы орайда, өз ой-пікірімен бөлісті.
– Екі жыл бұрын жолдасым екеуіміз ауылдан қалаға бала-шағамызбен көшіп келген едік. Екі қолға бір күрек тауып, жұмысқа орналастық. Өзіміздікі деген үй болмаған соң, пәтер жалдап күн көрудеміз. Ай сайын алатын жалақымыз жанғабыстан қалмайды. Тіпті, кейде пәтерақыға да жетпей қалады, – деп жыларман болады ол.
…Жоғарыда айтылған жүк сөмкесін сүйреткен қызды да қинайтыны пәтер мәселесі. Бір айлық төлемақысын төлеп қойса да, үй иесі сөзінде тұрмай, келісілген уақытынан бұрын қуып шыққанға ұқсайды. Айтқан уәжі, 5 мың теңгесін артық төлейтін «квартиранттарды» алмақ. Ең өкініштісі, қу құлқын мен қара бастың қамы үшін осындай қадамға барып жатқандар қаншама?!. Сонда әлгіндей әлсіз жандарды кім қорғамақ? Міне, шымбайға бататыны осы. Қашан қазақ баспанаға жариды? Өз жерінде үйсіз-күйсіз жүру кімге оңай дейсіз. Әлі де болса, елімізде тұрғын үйдің жеткіліксіз салынатындығын, үй деп ауыз ашқан замандастарыңның қатары азаюдың орнына көбейіп бара жатқандығын ойлағанда, көңіл құлазып кетеді…