Аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаевтың өңір тұрғындарымен есеп беру кездесуінде әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетіп, өзекті мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды.
Аудан әкімі есепті баяндамасын ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерден бастады. Өткен жылы аудан егін орағын облыста бірінші болып аяқтап, қамбаға 600 мың тонна астық құйып алған болатын. Қазір бұл өнім іске асырылып, осы жылдың егісіне қажетті тұқым қоры құйып алынды. Әсіресе, биылғыдай тұқым тапшылығы туындайтын жылы бұл тұқымды жоғары өнгіштік деңгейге жеткізіп қою маңызды болып табылады. Қазір аудан шаруашылықтары осы бағытта жұмыс істеуде. Сонымен бірге, ауданда өңдеу саласын да дамыту басты назарда ұсталуда. Осы орайда, мал өнімін өндіру жақсы жолға қойылғанын атап өтуге болады. Есесіне өнеркәсіп саласының дамуы көздегендей еместігін жасыра алмаймыз. Сондықтан, бұл бағытта да мақсатты жұмыстар қолға алынып отыр.
Осының бәрі өз кезегінде әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпалын тигізеді. Аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаев өз баяндамасында әсіресе, тиісті орындар алдына Державинск қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының жұмысын жақсартуды міндет етіп қойды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан да әртүрлі мәселелер көтерілді. Сын-ескертпелер мен өтініш-тілектер түсіністікпен қабыл алынып, оларды шешудің жолдары белгіленетін болды. Осының бәрі басшылық тарапынан аудандағы әлеуметтік мәселелердің түйінін оңтайлы шешуге деген ұмтылысты көрсетеді. Ең бастысы, экономикалық даму қарқыны арта түссе, тұрғындардың тұрмыстық жағдайлары да жақсара түсер еді. Аудан әкімі де осының маңызды екенін айтып, биылғы жылы атқарылатын міндеттерді нақты белгілей түсті.
Сұлтан ДӘУІТОВ,
Жарқайың ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.