Полицияның үздік инспекторы

Қыр-сыры мол тәртіп сақшысы қызметін таңдаған Ермек Әділов кішкентайынан қарапайым адамдардың қорғаны болсам деп армандайтын. Сол арман оны алысқа жетеледі.

Орта мектепті бітірген соң «Көкше» академиясының заң факультетіне оқуға түсті. Жоғары білім алып, әскери борышын  өтеп келді. Қарағанды қаласындағы ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған Ермек келісімен, күзет мекемесіне жұмысқа орналасады. Кейін ішкі істер басқармасына жедел кезекшінің көмекшісі болып ауысып, патрульдік полиция қызметінде еңбек етті.
Кейін өзінің туған жері Зеренді аудандық ішкі істер бөлімінде  учаскелік инспектордың орны ұсынылғанда бірден келісімін берді.  Қазір полиция капитаны Ермек Әділов Қанай би және Мәлік Ғабдуллин ауылдық округтерінде осы қызметті атқарады. Бұл екі округке барлығы он екі елді мекен кіреді.
Осыншама ауылдардың тұрғындарына қызмет көрсету де оңай емес.  Бұған қалай үлгеретінін сұрағанымызда: «Бұл өңір маған бұрыннан таныс. Ауылдардың арасы да тым қашық  емес. Сондықтан, тапсырылған іске барынша адал қарауды есімнен шығармай, үлгеріп жүрмін» дейді. Жұмыста қиындық тумау үшін  учаскелік инспектор «Нива» көлігімен қамтамасыз етілген. Дабыл түсе қалса, діттеген жеріне жедел жетіп, істі заң аясында шешеді. Әр ауылда қоғамдық көмекшілері бар. Халықпен қоян-қолтық жұмыс істегенде қандай шаруа болсын жеңіл түсетіні анық. Ауылдық жердегі қылмыстың ішінен жиі ұшырасатыны – мал ұрлығы.  Өткен жылы да осындай бір ұрлық ашылып, Ермек Әділов кінәлілерді  ізін суыптай әшкереледі.
Жұмысындағы осы, басқа да жетістіктері бар, өткен жылдың қорытындысы бойынша ол Зеренді аудандық ішкі істер бөлімінің үздік қызметкері болып танылды. Жақында облыс әкімі Сергей Кулагин осы ауданға жұмыс сапары барысында өзі қатысқан аудан активінде Ермекке облыстық әкімдіктің Құрмет грамотасын тапсырды. Біз оған алдағы қызметіне де тек табыс тілейміз.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суретте: үздік полиция  қызметкері, капитан Ермек Әділов.
Суретті түсірген  автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар