Ауысып-түйіссек, Омбы қазаққа тіпті жақын

 Қазақстанның жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнату мақсатында Ақмола өңіріне келген Федор Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің делегациясы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен  Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде болып, келіссөздер жүргізіп, өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімшарттарға қол қойды.

 

Алғашқы күні өңіріміздегі іргелі оқу орны – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тыныс-тіршілігімен танысқан омбылықтар келесі күні А.Мырзахметов атындағы университетте болды. Осыған байланысты өткен жиында университет президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Сағынтай Елубаев білім ордасының оқытушылары мен студенттерін Омбыдан келген делегация құрамымен таныстырып, алдағы уақытта білім ордалары ма-мандар даярлау мақсатында ынтымақтаса жұмыс істейтіндіктерін жеткізді. Енді іргелі білім ордаларының профессорлық-оқытушылық құрамы арасында тәжірибе алмасу, бірлескен білім бағдарламаларын жасау, атап айтқанда, қос диплом жобасын іске асыру, ғылым және білім бағдарламаларына қатысып, ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізу мен ұйымдастыру мәселелері ешбір кедергісіз жүзеге асырылатын болады. Бұған дейін білім ордаларының арасында орнаған өзара байланыс бүгінде ресми түрде орнатылып, келісімшарттар жасалып, одан әрі нығая түсті деуге болады. Облыстағы аталмыш оқу ордасының профессорлық және оқытушылық құрамы Ресей жеріндегі университетте ғылыми тәжірибеден өтуге жол ашылғандығына, академиялық кездесулер мен дәрістерге екіжақты шақыртуларды ұйымдастыруға мол мүмкіндік туғандығына ризашылық танытты.
Ғылыми-техникалық және оқыту-әдістемелік ақпараттармен және басылымдармен алмасу да студенттер мен оқытушыларға көптеп көмегін тигізетіні айқын.
– Біздің университет қабырғасында түрлі ұлт өкілдері қызмет етеді, сондай-ақ білім алушылар қатары да аз емес. Білім және ғылым жолында ізденіс үстінде жүрген азаматтар, әсіресе қазақстандықтар үшін дінге, тілге, ұлтқа бөліну мүлде жоқ. Баршамыздың көздегеніміз білімді ұрпақ, білікті маман даярлау. Сол себептен, Ф.М.Достоевский атындағы мемлекеттік университетпен бірлесіп, жобаларды жүзеге асыруда ұтпасақ, ұтылмаймыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сағынтай Елубаев.
Сондай-ақ, Ф.М.Достоевский атындағы мемлекеттік университеттің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Алексей Валерьевич Якуб өз кезегінде:
– Біздің де университет қабырғасында түрлі ұлт өкілдерінің студенттері білім алуда. Оның ішінде Қазақстанның, яғни  Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарынан келген білім алушылар қатары көп. Сондай-ақ, осы сіздердің университеттеріңізді былтыр ғана бітіріп, біздің университеттің аспирантурасына түскен үш студент білім жолында алғырлық танытып, үлкен ізденіс үстінде жұмыс жасауда. Білім ордасының қабырғасында қандастарыңыз Бауыржан Тынысов жетекшілік ететін қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Халықаралық жобалар бөлімінің меңгерушісі Алексей Сорокин екеуінің бастамасымен, осындай университетпен танысып, жұмыс істегелі отырмыз. Бірлескен жобаларымыз алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп сенемін, – деді.
Өз елдеріндегі және біздің жақтан барған студенттердің басын бір арнаға тоғыстыратын қазақ тілі мен мәдениеті орталығы бірнеше жылдан бері осы білім ордасында табысты жұмыс істеп келе жатқан көрінеді. Ұлты қазақ, оның жетекшісінің ректордың өзі бастаған делегация құрамында болуы біз үшін мерей болса керек. Бауыржан қандасымыздың айтуынша, бұл орталықта студенттер өз халқының тарихын, салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын үйреніп, ұлттық жобаларын жүзеге асыратын көрінеді. Бұл жолда жастарға бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп отыратын білікті мамандар да бар болып шықты.   
Суреттерде: келісімшартқа қол қою сәті; меймандар оқу үдерісімен танысты, оң жақтан бірінші омбылық қандасымыз, делегация мүшесі Бауыржан Тынысов.
Суреттерді түсірген Т.ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар