Сіз қарттар үйіндегі қарияларға зейнетақыларының бір бөлігін ғана беру жөнінде көтерілген мәселеге қалай қарайсыз?

Жуырда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпованың қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік мекемелерде күн кешіп жатқан қариялардың зейнетақыларының жартысынан көбін қысқартып, олардың күнкөрісіне тек 30 пайызын ғана қалдыру жөнінде Парламентке ұсыныспен шыққаны белгілі.

Майперуаш БАЙМОЛДИНА,
зейнеткер:
–Үкімет осындай шешім қабылдар болса, ол тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен аяу-лы аналары мен ақылшы әкелерін ай-күннің аманында сыйғызбай, қарттар үйіне апарып тастап, олардың зейнетақыларын қағып алып отыратын ардан безгендерге сауап болар еді. Біз балалық, жастық шағы соғыстан кейінгі жылдарға тұспа-тұс келген ұрпақтың өкіліміз. Бірақ, қандай қиындық көрсек те, әке-шешемізді өкіметке тапсыру туралы ой миымызға кіріп-шыққан емес. Оңай болған жоқ, жанталасып жүріп, шалымызбен бес перзент тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде әлгі замандастарымның күйіне түспегенімді сол берілген тәлім-тәрбиенің дұрыстығынан деп білемін. Қазір тұңғышымның өзі  55-ке келіп қалды.  Менің де зейнетақым бәріне жетеді деп айта алмаймын. Жетпегенін сол балаларым, немерелерім жеткізіп, көмектесіп тұрады.
Қазақта «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ!», – деген аталы сөз бар. Бір адам сыйған жерге екеу де сыяды. Қарттар үйіндегі қариялардың бар керек-жарағы мемлекеттің мойнында емес пе? Өткенде теледидардан қарттар үйіндегілер зейнетақыларын аларда қымбат-қымбат көліктер қаз-қатар тізіліп тұрады деп көрсетіп жатыр. Әлгілер өздері керек қылмаған ата-аналарының азын-аулақ зейнетақыларын сыпырып әкетеді екен. Бұларды өйтіп тайраңдатып қойғанша, ақшаны Үкімет өзіне алып қалсын. Ол ешқайда кетпейді ғой. Сол қариялардың өзіне жұмсалады.

Галина ГОРКУШЕВА, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Шортанды медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры:
–Бұл мәселенің бізге, біздің тұрғындарымызға тікелей қатысы бар. Ал, енді оған қатысты жеке өзімнің, ұжымның көзқарасына келер болсақ, біз бұл бастаманы толығымен қолдаймыз.  Неге десеңіз, арнайы есепке жіберілген зейнетақылардың 70 пайызы көкке ұшып кетпейді. Ол дәл сол әлеуметтік мекемелердің жағдайын жақсартуға жұмсалатын болады. Нақтырақ айтар болсам, дәрі-дәрмек, азық-түлік, тазалық құралдары  сол қаржы есебінен сатып алынады. Бүгінде толықтай ақылы болып кеткен тіс емдетуді де аталған қаражат арқылы жүзеге асыруға болады. Бұдан басқа, қарттарды шипажайлық-курорттық емге жіберіп тұруға мүмкіндік туар еді.
Енді біздің мекеме жайлы бірер ауыз айта кетсем, осы бағытта 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Мекеме әкімшілік-басқарушылық, медициналық және қызмет көрсетуші персоналмен толық қамтамасыз етілген. Қазір бізді ұдайы қамқорлық пен жақсы медициналық-әлеуметтік күтімді қажет ететін отыз жан   паналауда. Олардың тағдыры әр қилы. Бірінің ет жақыны болса, екіншісінің ешкімі жоқ. Кейбірінің зейнетақыларын бала-шағалары олжалап  жатады. Жасыратыны жоқ, сол қарттардың қаражатын оңай табыс көзіне айналдырғандар жетерлік. Бұл бір жағынан осындай мойны ештеңеге жар бермейтін жалқаулардың санын азайтуға сеп болар ма еді?!. Осының бәрін көріп отырғаннан кейін аталған ұсыныс дұрыс деп ойлаймын.

Әлібек БАЙМАҒАМБЕТОВ, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты:
–Бүгінгі әлемде орын алып жатқан экономикалық қиындықтардың бізге де әсер етпей қоймайтыны белгілі ғой. Мен мұны содан шығып отырған үнемдеудің бір тәсілі деп пайымдадым. Дегенмен, ол қай жыртығымызды жамауға жетеді дейсің. Сондықтан да, қарттардың аузынан жырудың қажеті жоқ. Олар да өмір бойы ел игілігіне еңбек еткен  жандар, олар да басқалар сияқты бейнетінің зейнетін көруге құқылы. Онсыз да жандары жаралы аға ұрпақты  енді азын-аулақ тиын-тебенінен айырмай-ақ қояйық. Есесіне  әкімшілік шығындарды, күнбе-күн ұйымдастырылар ретсіз шараларды, шетелдерге жасалар қажетсіз іссапарларды қысқартайық. Міне, қыруар қаражатты содан үнемдеуге болады.
Менің әлі есімде, осы қалада Қарттар үйі болғанда, онда бірде-бір қазақтың шал-кемпірі болмайтын. Бірақ, кейінгі жылдары жағдай өзгеріп барады. Көздері мөлтілдеген сол жарым көңіл жандардың қатары қазағы болсын, басқасы болсын, күн санап артып келеді. Осы мәселеге қатысты деректерді сараласам, Ресейде сол мекемелердегі қариялардың 70-80 пайызы бала-шағасы бар адамдар екен. Ал, бізде бұл жағы әлі белгісіз жайт. Елімізде осыған нақты сараптама жоқ. Адами тұрғыдан алсақ та, заң аясынан қарасақ та, сені дүниеге әкеліп, осы күнге жеткізген адамдарға қамқорлық көрсету міндетің. Бірақ, көп жағдайда бізде олай бола бермейді ғой. Міне, осының алдын алу үшін біз бала бақша, мектеп, ауруханаларды көптеп салуымыз қажет. Сонда  балалар, қарттар үйлері мен түрмелердің саны азаяр еді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар