Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Аға» деуші едік - АРҚА АЖАРЫ

«Аға» деуші едік

Кезінде қалалық «Көкшетау» газетінің 2006 жылғы 18 мамыр күнгі санында белгілі журналист Әуез Көбенұлы Өтеевтің туғанына 80 жыл толуына орай, «Алыптың ұлымен жүздескенде» атты мақала жарияланған екен.

Сол мақалаға тағы бір назар аударып едім, 1966 жылдың 10 наурызынан бастап, қашан ол кісі өмірден өткенінше сыйласып, алдын кеспей «ағалап» жүрген күндер еске  оралды. Себебі, сол уақыттан бастап, ағаның қол астында табаны күректей 10 жыл бойы тату-тәтті, береке-бірлігі мол дегендей, бірге еңбек еткен едік.  Ол жылдары облыстық радио арқылы  бір сағат 30 минут хабар таратылатын. Соның басым көпшілігі орыс тілінде берілетін де, қазақ тілінде ең соңынан небары 10 минуттық, кейде одан да аз ғана хабар ұсынылатын.
Әуез Көбенұлын қазақ жігіттері мен қыздары тек «ағалап» өткенін жоғарыда айтып өттік. Ол кезде жігіттерден менімен Әнуар Ажығұлұлы Ысқақов екеуіміз, қыз-келіншектерден Мәриям Кенжеахметқызы, Гүлсім Сүтбаева, Ғалия Тоқбаева, Екатерина Шаврина, Маргарита Козловалар болды. Дикторлардан Шәкен Бәкенова эфирге шығып тұрды.
Ағамыз тек біздер ғана емес, барша ұжым сыйлап, құрметтейтін абыройлы, салмақты, тау қозғалса қозғалмайтын дегендей, жақсы адам болды. Неге десеңіз, ол кісі мейлінше адал, ақжарқын, жұмысқа жан-тәнімен берілген, біреуді алаламайтын, өте парасатты, алдына қойылған нендей міндет болса да абыроймен орындайтын жан еді.
Ол кезде айтулы дата күндерінде республикалық эфир арқылы радиофестивальдер ұйымдастырылатын. Оған барша облыстардың таңдаулы деген журналистері, ақындары мен әншілері жиі қатыстырылатын. Біздің облыстың дайындаған материалдарының «үздіктер» қатарынан көрінуіне ақындар Еркеш Ибраһимнің, Нұрмияш Көбеновтердің қосқан үлестері мол болушы еді. Біз сөз етіп отырған Әуез Көбенұлының өзі де бұл хабарларға тікелей қатысып, кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп отыратын.
Елді облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитеттері басқарып тұрған уақыт қой. Партия десе елең етіп, істеп жатқан жұмыстарымызды сырып тастап, құлақ түре қарайтын мезгіл еді. Бюро мәжілісі бола қалса,  таң асырмай ол туралы хабарды лезде эфирге шығару басты міндетіміз болатын. Ал, ол хабар негізінен, орыс тілінде дайындалатын да оны қазақ тілінде аударып беру біздерге жүктелетін. Бұл әрине, келіп, түсіп жатқан өзге хабарлардан ерекше, басқа болатын. Күрделілігі де, жауапкершілігі де мол болушы еді. Республика және облыстық партия ұйымдарының алдына қойылған міндеттер айтылатын мұндай хабарларды қазақ тіліне аудару да оңайға түспейтін. Өйткені, оларды  нақпа-нақ аудармасаң, тыңдаушылар тарапынан сын-ескертпе естуің мүмкін.
Міне, осындай жағдайлар орын алмас үшін, ағамыз бюро үстінде отырып, хабарларды екі тілде бірдей жазып, біреу арқылы беріп жіберетін. Ол кісінің жазуы сондай әдемі, тізіп қойған маржандай болатын. Ал, дикторлар болса, материалдарды эфирге машинкаға жазылған қағаз арқылы оқи беретін. Компьютер деген ол кезде атымен жоқ екені белгілі. Ағадан келген хабарлар компьютерге бергісіз тартымды жазылғаннан кейін, сол қалпында оқыла беретін. Бұл міне, Әуез Көбенұлының елден ерекше бір асыл қасиеті дер едім. Ол кісінің екінші бір қасиеті суретші екен. Оны кейіннен білдік. Адамның кескін-келбетін, түрін өзіне қарап отырып, кейде қарамай да қағаз бетіне салып бергенде таң-тамаша қалушы едік.
Әуез Көбенұлы Өтеев ағамыз қоярда-қоймай жүріп, облыстық партия комитетінен облыстық радио хабарларын қазақ, орыс тілдерінде таратуды елу де елу пайыз қылу жетістігіне ие болды. Мұның өзі қазақ тілінде хабар тарататын журналистер санын ұлғайтуға мүмкіндік беріп еді. Бұл да ағаның ұлт мүддесі үшін жасап кеткен бір жақсылығы болды.

 

Алыптың ұлымен жүздескенде

 

Ал, енді «Көкшетау» газетінде жарияланған жоғарыдағы «Алыптың ұлымен жүздескенде» деген материалдың бір айтылмай қалған тұстары бар екен. Неге десеңіз, Балуан Шолақтың баласы Құдайбергенмен болған әңгіме жазылған магнитофон таспасындағы дауысты мен өз құлағыммен естіп, тыңдаған едім. Ол тұсын ағамыз неліктен айтпады, немесе қалай қалыс қалдырды екен деген ой ойға оралады. Енді мен сол тұсын оқырмандарға айтып беруді ұйғардым.
Құдайберген марқұмның ол кезде Көкшетау қаласының іргесіндегі Үлкен Жамантұз, қазіргі Кенесары ауылында тұрып жатқан кезі. Ұмытпасам қартың тоқсан жастың ауылын жағалап қалса керек.
– Менің тоғыз жасар кезім еді, – дейді Құдекең. – Әкем Балуанға еріп, бір жәрмеңкеге келдік. Базар толы халық. Бәрі ығысып, әкеме иіліп сәлем береді, құрмет көрсетеді. Жандарына барып, дәм татуға шақырады. Бір уақытта орыстың сап-сары болып киінген бір жандаралы жолықты. Жанында 14-15 жасар ұзынтұра баласы бар. Әкемді көрген жерде әлгі жандарал әдейі бұрылып келіп, сәлем берді. Аз-кем амандықтан соң: мынау кім, өзіңнің балаң ба? – деп мені нұсқап сұрағаны бар емес пе. Әкем:
– Иә, өзімнің балам, – деп мені басымнан сипап қойды.
– Нешеде?
– Тоғызға биыл толады.
– Қалай, өзің сияқты күресе ме?
– Күреседі, неге күреспесін!
– Менің мына баламмен күресе ме?
– Күреседі.
– Жыға ма?
– Неге жықпасын, жығады ғой,–деп әкем сеніммен жауап берді.
– Ендеше, ал, ұстастырайық.
– Ұстастырсақ, ұстастырайық.
Екеуіміз ұстаса кеттік. Әлгіндей болмай орыстың сорайған баласын жамбасқа алып, жерге бір-ақ соқтым. Шаң бұрқ ете қалды. Қызараңдаған әлгі бала үсті-басын қағып жатыр.
–  Әй, Балуан, жарайды! Балаң жақсы екен. Мә, мынау оған берген сыйым болсын, киім әпер, – деп бір қағаздарды беріп жатты. Негізі, ақша болса керек. Сонда әкем:
– Қасқырдың баласы алты айлық кезінде тоқты алып келді, – деді. Сонда әлгі жандарал:
– Пах, пах, – деп алақанын соғып, разы болып қалды.
Әңгімесін аяқтаған Құдакең ара-тұра домбырасын дыңқылдатып, тартып қояды. Көп кешікпей екінші әңгімені бастады.
Балуан Шолақтың жолы жабылып, Қараөткел түрмесінде жатса керек. Бір күні бір саба қымызы мен бір қойдың піскен еті бар бір адам келіп тұр. Балуанның тағамды әкелген кісіде жұмысы жоқ, әлгі сыйды алып қала береді. Екінші күні дәл сондай тағамды әлгі адам тағы да алып келіпті. Сонда Балуан шыдай алмай оған:
– Өй, сен өзің не қылған адамсың? Күнде бір саба қымыз бен бір қойдың етін қайдан ала бересің?–деген екен. Сонда әлгі адам:
– Бұл Сізге Ғалия ханымның жіберіп жатқан тамағы ғой. Ризалықпен қабыл алыңыз, – дейді. Сол арада екеуінің шүңкілдесіп, сөйлесіп тұрғанын ұнатпаған бір ұзынсары күзетші:
– Немене әңгімелесіп, жайбарақаттанып тұрсыңдар, бұл әңгімелесетін жер емес, тапқан екенсіңдер шүйіркелесетін жерді, –деп винтовкасының дүмімен тамақ әкелген жігітті қойып жібергенде, анау ұшып түсіпті. Сол арада балуанның өне бойын ашу-ыза кернеп кетіп, басымен күзетшіні беріп кеп жібергенде, кескен теректей тыраң етеді. Мұны көрген басқа күзетшілер жүгіріп келіп, Балуанға ұмтылады. Балуан Шолақ келгенін келген сайын желкеден алып, мысықша лақтыра береді. Күзетшілердің көптігі сондай сол арада көпенедей болып, үйіліп қалады…
Міне, «Көкшетау» газетіндегі «Алыптың ұлымен жүздескенде» деген  мақаланы оқығанда менің ойыма кезінде Әуез Көбенұлы Өтеев мырза Балуан Шолақтың баласы Құдайбергеннің аузынан магнитофон пленкасына жазып алған, бірақ, мақалада қамтылмай қалған осы тұстар оралған еді. Осындай жаныңды сергітіп, селт еткізер әңгімелерді эфирге көп таратушы едің, Әуез аға!
Айтпақшы, ағамыздың өзі де жасында балуан болған деседі. Өте денелі, зор, десе дегендей-ақ еді ғой. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, – дегеннен артық не айтайық!..
Жанатай БЕКЕНОВ,
ардагер журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар