Ұлыс оң болсын!

Құрметті ақмолалықтар! Қымбатты жерлестер!
Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Халық санасында ежелден жыл басы саналған, елдің жадында Ұлыстың Ұлы күні болып қалыптасқан Наурыз қашан да елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі. Дін мен тілге бөлмейтін Наурыз мейрамы ұлысты ұйыстыруда, біздің басты байлығымыз берекелі бірлігімізді  көздің қарашығындай сақтауда үлкен рөл атқарып келеді. Пейілі Арқаның кең даласындай Ақмола облысының жұртшылығы да Ұлыстың Ұлы күнін игілікті істерінің нәтижелерімен, болашаққа деген толағай жоспарларымен  қарсы алғалы отыр.
Тарихы тереңнен бастау алатын Ақмола облысының 100 этностары мен ұлттары, 43 этномәдени бірлестіктері осы жалпықазақстандық Наурыз салтанатын бірге тойлайтын болады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың этникааралық байланыстар саласындағы байсалды саясатының арқасында елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық орнауда. Қоғамдағы рухани өркендеуге Елбасының халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»  Жолдауындағы алдымызға қойған міндеттер жетелейді. Мұның барлығы көктемді көтеріңкі көңіл-күймен және болашаққа деген сеніммен қарсы алуға мүмкіндік береді.
Ақмола облысы өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы сәттіліктерімен мақтана алады. Бүгінде барлық өңірлермен бірге, біздің облысымыз да ел экономикасын көтеруге атсалысып, агроөнеркәсіптік кешенді сәтті дамытып  келеді. Шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жүрген ақмолалықтар саны жыл санап өсуде. Біздің тұрғындарымыздың тұрмыс жағдайлары жақсарып, аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету күшейіп келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылуда. Біз тұрғын үй, мектептер, ауруханалар, бала бақшаларын, жолдар салудамыз. Алдағы жыл да еліміздің тәуелсіздігін одан әрі қарай нығайту үшін әлеуметтік-экономикалық басымдықтарды сәтті жүзеге асырудың жылы болатынына сенімдіміз.  
Құрметті ақмолалықтар, Сіздерді шын жүрегіммен осы келіп жеткен Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал, әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін!
Сергей Кулагин,
 Ақмола облысының әкімі.

 

 

Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді мерейлі мереке – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Ғасырлар қойнауынан қайта оралған Наурыз жыл басы, жаңару мерекесі ретінде көпшіліктің көңілін баурап алды. Мереке негізінен  жаңаруды бейнелейді. Мейірімділік пен сенімнің, достық пен бейбітшіліктің, сүйіспеншіліктің белгісі іспетті.  
Тәуелсіздік жылдары Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін шын мәнінде жалпыұлттық мерекеге айналды. Ол адамдардың рухани тазаруына, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға дәнекер болуда.  Ел тынысы кеңіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп отырған реформалардың арқасында жағымды өзгерістер молайып келеді. Адамдардың бойындағы ертеңгі күнге деген сенім нығаюда. Ұлтаралық қарым-қатынас нығайып, сыртқы саясатта да мерейіміз үстем болуда. Дәл Наурыз мерекесіндегідей жаңарған, жасарған сипат мол.    
Құрметті жерлестер! Сіздерге және отбасыларыңызға денсаулық, бейбітшілік пен бақыт тілеймін. Әр қазақстандықтың отбасында шуақты шаттық, мерейлі мейірім, үлбіреген ізет болуға жазсын. Бір-біріміздің жан жүрегімізді түсініп, бақытты болашақты бетке алған ниетіміз бір арнада тоғысып жатса, біз жеңбейтін қиындық болмауға тиісті. Арайлы шуағын шашып, мөп-мөлдір көктемгі пәк тазалығын дарытып жеткен жаңару мейрамы баршаға қайырлы, құтты болсын. Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын, жасампаз елдің баршасын!
Нина ДЬЯЧЕК,
Ақмола облыстық
мәслихатының хатшысы.                                         

 

 

Құрметті  жерлестер!
Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!  Наурыз – дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды.
Ардақты ағайын! Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Мереке құтты болсын!
«Нұр Отан» партиясы
Ақмола облыстық филиалының Саяси кеңесі.

 

 

Құрметті ақмолалықтар!
Баршаңызды  тіршілікке жан бітіре келген  жыл басы Наурыз мейрамымен құттықтаймыз. Бұл күндері барша қазақстандықтар сияқты ақмолалықтар да аса зор саяси өрлеу мен өсіп-өркендеу кезеңін өткеріп жатыр. Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға беріп, жаңа міндеттер белгілеп берді. Биылғы жылдың көптеген тарихи ерекшеліктері де бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты ел өміріндегі аса маңызды оқиғалар біздің көп этносты халқымыздың ел мүддесі жолындағы ынтымағы мен бірлігін одан әрі нығайтуға зор ықпалын тигізері сөзсіз деп білеміз. Ақмолалықтар алдағы Президент сайлауында аса зор белсенділік танытып, өз таңдауларын жасай біледі деген сенімдеміз.
Бүгінгі күні өсіп, өркендеп келе жатқан еліміз бен халқымызға, ұрпағымызға, әрбір отбасына әз-Наурыз өз жақсылығын, ырысы мен берекесін, дәулеті мен бақытын әкелсін.  Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!
Рәшит Әкімов,
Жабал Ерғалиев,
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының депутаттары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар