Олқы соқпас дарын еді

жүйрік математик, ұлағатты ұстаз Балташ Сыздықұлы Дүйсенов туралы осылай деуге болады

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің 2015 жылғы 17 ақпандағы  №20 санында Астана қалалық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Мұрат Абдрахмановтың «Ереймен еліне еңбегі сіңген» және Ерейментау ауданынан Балжан Сыздықованың «Сағыныш» атты мақалалары жарияланды. Бұл мақалалар Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Балташ Дүйсеновтің өнегелі өмір және еңбек жолдарынан сыр шертеді. Мен де осы мақалаларға үн қосуды өзімнің асыл азаматтың аруағы алдындағы әріптестік парызым деп білдім.

 Газетте жазылғанындай, Балташ Сыздықұлы қайда жүрсе де оқу ісінен бір сәт қол үзбеген ұстаз. Оқуға зеректігі, әсіресе, есепке ерен жүйріктігі мектеп қабырғасында байқалған ол жоғары оқу орнында қатарластарынан оқ бойы озып, Лениндік стипендия алып жүреді. Кезінде Ресейден жер аударылып келген П.Персидский, В.Сапа сынды әйгілі академиктер зейінді шәкіртке назар аударып, оның ғылымға бет бұруын қалайды.  Алайда, ол ұстаздық жолды таңдайды. Өйткені, бұл – өзінің жүрек қалауы, биік арманы болатын. Осы жолға Бәкең бүкіл саналы ғұмырын сарп етіп, бойына біткен тума талантын сарқа жұмсап, өмірде үлкен із қалдырған жан. Оның  осындай бір үлкен педагогтық дарыны, оқу-тәрбие ісіне жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізуінде жатыр. Мәселен, оның «Халық аузындағы есептерді сабақта пайдалану», «Дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстар» тәрізді зерттеу материалдары бірауыздан әдіскерлердің көңілінен шығып, қолданысқа енгізіледі. Ұзақ жылдар жоғары оқу орындарының математика кафедраларымен тығыз байланыста болып,  мұғалім кадрларын даярлау ісіне де атсалысады. Осыған қарап, кезінде ғылым саласына бой ұрса, осы күнгі есімі елімізге танымал оқымыстылар қатарынан орын алар еді-ау деп ойлайсыз.
Осы орайда, кезінде Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде басшылық қызметтердің бірін атқарған белгілі журналист Ілияс Қарагөзиннің Бәкеңнің 60 жасқа толуына арнаған:
Шын талант жарып шығар өз күшімен,
Табылам деп халқының өз ішінен.
Жүргеніңде өзің де, байқамастан,
Алғыс алып көгердің әр кісіден, –
деп келетін мағыналы жыр жолдарын еске алмақпыз. Небары 67 жасында өмірден озған ардақты азаматтың қайтыс болғанына 10 жыл толғанда аруағына ас беріліп, құран бағышталды. Сол жиында қарындасы Балжан Сыздыққызы өзі құрастырып шығарған «Іздейтұғын Ереймен бар артыңда» атты естеліктер кітабын ағайын-туыстары мен дос-жарандарына таратып берді. Бұл кітапта жиырма шақты адамның Балташ Сыздықұлына арнаған жүрекжарды лебіздері жарияланыпты. Олардың көбі Бәкеңнің өз алдынан дәріс алған шәкірттері. Біразы ұстаздық жолды таңдаған. Айталық, Бөгенбай батыр атындағы орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Күміс Шәріпова өз сөзін «Балташ Сыздықұлының қыруар еңбегінің арқасында қазақ орта мектебі аяғынан нық тұрды. Ереймен тарихында бұрын мұндай таза қазақ мектебі болмаған» деп түйіндейді.
Ал, Жеңіс Бөдешов «Орден тарихы» деген естелігінде өз атына келген орденнің басқа біреуге табыс етіліп, өзіне орденнің орнына медаль берілгенін қынжыла жазады. Көрінер көзге жасалған мұндай қиянатқа  жаны күйінген Балташ Сыздықұлы Мәскеуге дейін сұрау салып, мәселені жеріне жеткізе тексеріп, сол кездегі Ерейментау ауданы басшыларының құйтырқы әрекетін әшкерелеу арқылы шындыққа көз жеткізеді.
Бұл өңірде есепке ол кісіден жүйрік адам болмағандығы туралы бір әңгіме ел аузында осы күнге дейін сақталған. 1984 жылы Новодолинка орта мектебінің директоры Леглер Балташ Сыздықұлына келіп, мектеп бітірушілерге орталықтан жіберілген есепті  осы төңіректегі бүкіл математиктер жабылып шығара алмағанын айтып, көмек сұрайды. Бәкең қолма-қол отыра қалып, әлгі есепті бар-жоғы 5 минутта шығарып берген екен дейді.
«Ер есімін елі шығарады» дейді дана халқымыз. Ал, халқы енжар, марғау болып, қызғаншақтық пен іштарлыққа бой алдырған елде азаматтардың өспей, өмірден озғандарының да есімдері біртіндеп көмескі тарта беретіні, сөйтіп, ұмыт қалатыны айдан анық жай. Осы орайда, көңілге кірбің түсірген бір келеңсіз жәйтке тоқталмай өте алмадым. 2001 жылы Балташ Сыздықұлы ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған салтанатты жиналыста баяндама жасайды. Алайда, сол жолы біраз азаматтар марапатталып, Бәкеңнің есімі аталмай қалады. Жиналған халық үнсіз қалды. «Неліктен бұлай болды, неге Дүйсеновтің еңбегі еленбеді?» – деп көзіне жас алғандар да болды. Ағатайым үйге қатты шаршап оралды, бірақ, сыры ішінде кетті. Ал, менің көңілімде содан бері жазылмастай сызат қалды» деп жазады қарындасы Балжан жоғарыдағы кітабында. Сондағы халық алдында берілмеген медаль абзал азаматтың ауыр науқасқа ұшырап, өмірмен қоштасар сәтіне небары 3-4 сағат қана уақыт қалғанда үйіне әкеліп тапсырылған екен. Мұндай өрескел әрекеттің нақтылы себебін білмей тұрып, анау-мынау деуден аулақпыз. Бірақ, осы бір жағдайлар келешекте қайталанбай, бәрімізге де сабақ болса екен дейміз.    
Биылғы 2015  жылдың 24 маусымында Балташ Сыздықұлы Дүйсеновтің туғанына 80 жыл толады. Осыған орай, ардақты азаматтың халық ағарту ісіне қосқан үлесі мен қоғамға сіңірген еңбегі ескеріліп, өзі ұзақ жылдар бойы тұрған көшеге және өмірінің соңғы кезіне дейін сабақ беріп,  дамып, нығаюына лайықты үлесін қосқан №1 орта мектепке есімі берілсе, тіпті, алдына мүсіні қойылып, соңында қалдырған ғылыми еңбектері жеке кітап болып жинақталып, баспа жүзін  көрсе, нұр үстіне нұр болар еді. 2010 жылдың 27 мамырында Ерейментау қаласының Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебі мен №1 орта мектеп ұжымдарының 60 қызметкері дәл осындай өтінішке қолдарын қойып, оны педагогикалық кеңестің отырысында бекітіп, облыстық оқу бөліміне жолдаған екен. Алайда, мәселенің оң шешімі әлі де табыла қоймағанға ұқсайды. Осы жағдайларға аудандық әкімшіліктің, Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі, облыстық білім басқармасы басшыларының назарын аударып, еліне еңбегі сіңген белгілі тұлғаның есімі ұмыт қалмай, лайықты құрмет көрсетілсе екен дейміз.

Нәдия МҰСАЙБЕКОВА,
еңбек ардагері.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар