Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тыңайтқан жердің берері мол - АРҚА АЖАРЫ

Тыңайтқан жердің берері мол

Бүгінгі таңда егіншілік саласын өрге бастырудың маңызды бір жолы жыртылған жердің жоғары өнімділігін сақтау үшін топырақтың құнарлылығын ұдайы арттыру болып табылады.

Сондықтан, минералды тыңайтқыштарды топыраққа сіңіру арқылы жоғары және сапалы өнім алуға болады. Яғни, қара шірікпен және минералдық тыңайтқыштармен өте жақсы қамтамасыз етілген топырақтағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің түсімі құнарсыз жерлердегіден 20-40 пайызға артық.
2007-2014 жылдар аралығында облыс бойынша егістік алқаптардың 3501,34 мың гектары немесе 65,1 пайызы осы мақсатта зерттелді. Жүргізілген осы агрохимиялық зерттеулер нәтижесінде  егістердегі қара шірік құрамы төмен алқаптар 2717,57 мың гектарды немесе 77,6 пайызды құрады. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы пайдаланылған егістік алқаптардағы қара топырақты жерлерде қара шіріктің бастапқы құрамының 36 пайызы, ал,  қара топырақты және күңгірт-сарғылт топырақты жерлерде 32 пайызы жоғалғаны белгілі болды. Егіндікөл, Қорғалжын, Астрахан және Целиноград аудандарында қара шіріктің құрамы төмен болса, Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарында ол біршама жоғары.
Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы жылдары егістік алқаптарында тыңайтқыштарды қолдану көрсеткіші мүлдем төмендеп кетті. Облыс бойынша егістік алқаптарында минералды тыңайтқыштардың ең көп мөлшері 1986 жылы 191200 тонна мөлшерінде қолданылған. Оның ішінде Зеренді ауданында 8,8 мың тонна, Жақсы ауданында 14,4 мың тонна тыңайтқыш енгізілген екен. Ал, 1995 жылдан бастап минералды тыңайтқыштарды қолдану күрт азайған болатын. Өткен 2014 жылы егістікте он мың тонна шамасында минералды тыңайтқыш қолданылды, оның 4,5 тоннасы немесе 45 пайызы Жақсы ауданының үлесінде. Өзге аудандарда бұл көрсеткіштер көңіл көншітпейді.
Жалпы, бүгінгі күні облыс бойынша әр гектарға шаққанда 1,86 келі тыңайтқыштан ғана келеді. Бұл әрине, өте аз көрсеткіш. Мұны астық шығымдылығымен есептейтін болсақ, гектарына 0,3 центнерден келеді. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары рекордтық өнім алған кездеріміз де болды. Бұған әрине, топырақтың табиғи құнарлылығы арқасында қол жеткізіп отырмыз. Топырақтың құнарлылығы астықтың өнімділігі мен сапасына да игі әсер ететінін естен шығармағанымыз абзал. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысында егістік алқабының әр гектарына 3,29 келі, Солтүстік Қазақстан облысында әрбір гектарға 2,86 келі минералды тыңайтқыш қолданылды. Сондықтан, бұл деңгейге жету үшін 2015 жылы минералдық тыңайтқыштарды 1,5-2 есе көбейту қажет. Агрохимиялық зерттеулер нәтижелері топырақ құнарлылығының әрі қарай төмендеп бара жатқанын көрсетеді. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне де кері әсерін тигізуде.
Мәселен, 1986-1990 жылдары Ақмола облысында дәнді дақылдардың орташа өнімділігі әр гектарынан 14 центнерден айналса, 2009-2014 жылдар аралығында 11 центнерге дейін төмендеп кеткен. Топырақ құнарлылығының төмендеуіне негізгі себептер – минералдық тыңайтқыштарды аз қолдану және органикалық тыңайтқыштарды қолданбау, сонымен қатар, бір және көп жылдық екпе шөп алқаптарын қысқарту болып табылады. Жер пайдаланушылардың басым көпшілігі 20 жыл бойы бірде-бір рет минералдық тыңайтқыштарды қолданбай келеді. Осының салдарынан топырақтың құнарлылығы күрт төмендеуде. Мұнымен қатар, егістік алқаптарында қара шірік құрамын арттыратын және топырақтың биологиялық белсенділігін күшейтетін көп жылдық шөптердің болмауы топырақ құнарлылығының әбден тозуына әкеліп соғуда. Егер егістік алқаптардың құнарлылығын арттыру үшін 1 гектар жерге 45-50 келі тыңайтқыш қолдану керек болса, біздің облысымызда ол орташа есеппен 1,8 келіден аспайды. Тіпті, өткен жылы топырақты тыңайту шаралары Ақкөл, Ерейментау, Жарқайың аудандарында мүлдем қолға алынбаған.
Жер пайдаланушылардың егістік жерлерінде жүргізілген агрохимиялық зерттеулер нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының агрохимиялық қызметтері әр алқаптағы минералдық тыңайтқыштар мен қара шірік құрамы бойынша деректер мен картограммалары бар агрохимиялық қорытындылар беріп отырады. Оған қоса, жер пайдаланушыларға минералдық тыңайтқыштарды қолдану және топырақ құнарлылығын сақтау жөніндегі іс-шаралар жоспарымен қоса, топырақтың агрохимиялық нәтижелері туралы қорытындылар ұсынылады.
Сонымен қатар, Жер кодексінің 92 бабы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2011 жылдың 4 қарашасында қабылданған «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидаларында» ауыл шаруашылығы өндірісінде жерді 3 жылдан артық үздіксіз пайдаланбау, оны тыңайтқыштармен тыңайтып, мұқият өңдеп отыру қарастырылған.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының агрохимиялық қызметі мемлекеттік органдарға жер пайдаланушыларды қолдап, оларға  минералдық тыңайтқыштар мен техника сатып алуға, басымдылыққа ие болып келетін майлы және дәнді дақылдарды өсіруге жеңілдетілген несие, лизинг пен субсидия беру үшін мемлекеттік қолдау көрсетуге ұсыныс жасап тұрады. Агрохимиялық зерттеулер жүргізу барысында жер қабатының сапасыздығы мен экологиялық күрделі жағдайдың орын алғаны анықталған жағдайда мемлекеттік органдарға талдау қорытындылары тапсырылады.
Егер жерді пайдаланушылар агрохимиялық зерттеулер мәселелеріне, минералдық тыңайтқыштарды енгізу мен олардың түрлері, топырақ құнарлылығын сақтау және жемшөп сапасын анықтау жөніндегі ұсынымдарға қызығушылық танытатын болса, агрохимиялық қызмет орындары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қашан болсын, көмек-қолдау көрсетуге дайын.
Ерболат БАЗЫЛЖАНОВ,
«Агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік  орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар