Әрбір үйге тиімді

«Отау ТВ» спутниктік хабар тарату жүйесінің бүгінгі аяқ алысын және алдағы қолданыс аясын сұрастырып, білу мақсатында біздің тілшіміз «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының филиалы-облыстық телерадио хабарларын тарату дирекциясы директорының орынбасары Қайрат Әшеновке жолығып, әңгімелескен еді.

– Қайрат Бірімжанұлы, бүгінгі күнге дейін облыс тұрғындарын осы хабар жүйесімен қамтуда қандай жетістіктер мен іркілістер бар?  
– Бүгінгі таңда «Отау ТВ» спутниктік хабар тарату қызметін біздің өңірдің 55 мыңнан аса тұрғыны пайдаланады. Бұл абоненттердің көбі Қорғалжын мен Жарқайың аудандарында тұрады. Ал, бұл көрсеткіш Астрахан мен Аршалы аудандарында тек қана 24 және 21 пайызды құрайды. Әрине, бұл жағдай көңіл көншітпейді. Өңірде бұл жоба баяу жүзеге асырылуда. Біз үшін уақыттың талабына сәйкес келу өте маңызды болса да, радио мен телевидение қоғамның дамуымен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының телерадио хабарларын тарату жөніндегі өңірлік ұлттық операторы спутниктік, сандық эфирлік және интернет тарату қызметін ұсынады. Қазақстанның барлық аумағы спутниктік дабылмен толық қамтылған. Спутниктік жүйені пайдаланушылар қазақстандық телерадионың 53 арнасын тегін пайдаланады. Сондай-ақ, ең озық шетел телеарналарын көргісі келетіндерге ақылы мүмкіндік қарастырылған.
Сандық эфирлік телевидениені дамыту аясында өткен жылы 297 радиотелевизиялық станция пайдалануға берілді. Нәтижесінде сандық эфирлік хабар таратумен тұрғындардың 72 пайызы қамтылды. 2017 жылы 827 сандық радиотелевизиялық станция жұмыс істеп, сандық эфирлік дабылмен республика тұрғындарының 95 пайызы қамтылмақшы. Бұдан кейін ескірген хабар тарату жүйесі кезең-кезеңмен жабыла бастайды. Бұл уақыттың талабы.
– Тұрғындар арасында кең таралған кабелдік телевидениенің тағдыры не болмақшы, бұл операторлардан толық бас тартыла ма? «Отау ТВ» телевидение нарығында монополист болуы мүмкін бе?
– Кабелдік телевидение көбіне ірі қалалар мен елді мекендерде дамыған. Мұндай операторларды нарық қажет етіп отыр. Дегенмен, олар  біз ұсынып отырған қазақстандық арналарды тегін көрсетпейді. Біз өзімізді монополист деп есептемейміз. Телерадио хабарларын тарататын ұлттық оператордың алдында қала мен ауыл тұрғындарының арасындағы ақпаратқа қол жеткізу теңсіздігін азайту жөнінде стратегиялық міндет тұр. Сондай-ақ, ұлттық оператор мәртебесі тек сапалы қызмет ұсынуды міндеттейді. Өзге операторлар нарық қатынастары мен бәсекелестік аясында ығыстырылады.
 – «Отау ТВ»-ға қосылу мәселесінде өзгерістер бар ма? Спутниктік ұлттық телевидениемен қамту жыл сайын ұлғайып, көп кіріс түсіруіне байланысты «Отау ТВ» қызметі арзандамай ма?
– Қабылдағыш қондырғыларды сату және құрастыру бойынша делдалдық жүйе қызмет көрсетеді. Бұл қызметтің бағасы нарық жағдайынан, транспорт пен қажетті материалдар шығынынан қалыптасады. 2011 жылдың басына дейін Қазақстанда жұмыс істеген «Кателко Плюс» спутниктік телевидениесіне қосылу бағасы 60-80 мың теңге болса, «Отау ТВ»-ға қосылу құны 28 мың теңгені құрап отыр. Біз өз кезегімізде ұлттық сандық теле хабарларын тарататын жүйеге қосылу бойынша тұрғындарға ең қолжетімді жағдайды қамтамасыз ету үшін барлық шараны қолданудамыз.
– «Отау ТВ»-ға қосылу және оны пайдалану бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен зейнеткерлерге жеңілдік бар ма?
– «Қазтелерадио» акционерлік қоғамының барлық акциясы мемлекетке тиесілі. Барлық шығындар қатаң реттеледі. Компания жүргізетін әлеуметтік саясат әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға көмек көрсетуге бағытталған. Өткен жылы республика бойынша балалар үйі мен өзге де әлеуметтік мекемелерді «Отау ТВ»-ға қосуға мүмкіндік таптық. Жеңілдікпен қосу мәселесіне ешқандай қарсылық жоқ. Біз осы орайда, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен көпбалалы отбасыларына сандық хабар таратуға қосылу бойынша жергілікті атқарушы органдармен меморандумдар жасадық.
– Тұрғындар «Отау ТВ» кіретін ақылы пакетпен көптеген арналар көрсетпей қалатынын айтады. Бұл немен байланысты? Сервистің сапасын жақсарту  үшін қандай шара қолданылуда?
– Телерадио хабарларын тарату сапасын Қазақстан Республикасы телевизия және радио жүйелері сапасының орталық мониторингі мен басқармасы тәулік бойы бақылайды. Дабылдың жоғалуы күннің әсер етуіне, ауа райына және жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты болып отыр.
– Бүгінгі күні неше арнаны көруге болады? Бұл қызметтің құны жайында айтсаңыз?
– «Отау ТВ» спутниктік хабар тарату «Базалық» пакетінде қазақстандық телерадионың 53 арнасы ақысыз көрсетіледі. Оның ішінде «Қазспорт» телеарнасы міндетті түрде көрсетілетін 14 телеарнаға кірмейді. Ұлттық спутниктік және сандық эфирлік жүйелерді ақысыз пакеттер құрамында көрсету үшін телерадио арналарын анықтау «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Үкіметтің Жарлығымен бекітіліп, телерадио мәселесі бойынша мемлекеттік комиссия конкурсы негізінде жүргізіледі. Осыған сәйкес бұрын Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен «Қазтелерадио»  акционерлік  қоғамы телерадионың ұлттық операторы тарататын ақысыз телерадио арналар тізімі бекітілген.
Бұл тізімде «Қазспорт» телеарнасы жоқ. Телеарна кезекті конкурсқа қатысуға өтінім бере алады. Абоненттің тілегі бойынша шетелдің ақылы 60 арнасына қосыла алады. Тұлғалар үшін «Стандарт» пакетінің 1 айлық құны 1 мың теңгені, «Элит» пакеті 2 мың теңгені құрайды.    

Сұхбатты жүргізген Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар