Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғылымдағы теңдессіз тұлға - АРҚА АЖАРЫ

Ғылымдағы теңдессіз тұлға

Облыстық әкімдіктің және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен бүкіл түркі халықтарының мақтанышы, қазақтың тұңғыш ғалымы, ұлы ағартушы, этнограф, саяхатшы, тарихшы Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына орай, дәстүрлі «Шоқан оқулары –19» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті.

Қазақ халқының маңдайына сыймай, құйрықты жұлдыздай ағып түскен ғалым Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған конференция оқу орнының алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оның рухына тағзым етуден басталды. Конференцияның пленарлық мәжілісін аталмыш оқу орны ректорының орынбасары Темірхан Жарқынбеков ашып, халықаралық конференцияның қонақтарымен таныстыра келе, құттықтау үшін сөз кезегін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Жабал Ерғалиев пен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновке берді.
– Шоқан еңбектерін зерттеуде Әлкей Марғұланның еңбегін атап өткен жөн. Ол бір еңбегінде «Біз Шоқанды әлі де зерттеп болғанымыз жоқ, мұрағаттардағы оның қолжазбаларын, естеліктерін, тарихи еңбектері мен материалдарын толық тауып болған жоқпыз. Ол кейінгі ұрпаққа аманат» деген болатын. Міне,  ғылыммен айналысамын деген жастарға ғылыми жұмыстар көп, – дей келе, Сенат депутаты Жабал Ерғалиұлы болашақ ғалымдарға үлкен сенім білдірді.
Сонымен қатар, ғылыми-мәдени іс-шараның қатысушыларына облыс әкімінің құттықтауын оның орынбасары Нұрлан Жаңбыршыұлы жеткізді. Ол өз кезегінде:
– Шоқан Уәлиханов аса көрнекті ойшыл, ағартушы-демократ, халқымыздың біртуар ұлы. Ол өз елінің оқу-ағарту мен ғылымын дамыту үшін күресті. Құнды тарихи еңбектер жазып, қазақ елін әлемге әйгіледі. Сондықтан, Шоқандай дара тұлғаны еске алып, тағзым ету бүгінгі өскелең ұрпақтың міндеті, – дей келе биыл елімізде аталып өтілетін іс-шаралар жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылардың жұмыстарына табыс тіледі.
Осы ретте, «Өңірлік зерттеу институтының» директоры, тарих ғылымдарының докторы  Қадырхан Әбуов ең алғашқы болып, осы білім ордасында «Шоқан оқулары» жобасын ұсынып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұруына себепші болған азамат екендігін атап өткен жөн. Міне, сол бастама жыл сайын жалғасын тауып келеді. Өз кезегінде сөз алған тарихшы ғалым конференция қатысушыларына осы күнге дейін ғалымдар арасында даулы мәселе тудырып жүрген Шоқанның  дүниеге келген жері және туған күні туралы Ресей мұрағатында сақталған нақты мәліметтерді айта келе, ағымдағы жылдың қазан айында Мәскеудің мемлекеттік кітапханасында шығыстанушы, тұңғыш қазақ ғалымының құрметіне конференция өткізілетіні туралы айтып берді.
«Шоқан оқулары–19» халықаралық ғылыми-конференциясының пленарлық мәжілісінде А.Мицкевич атындағы Познань университетінің Азиятану кафедрасының «Түркі, моңғол және корейтану» бөлімшесі, «Қазақтану» секциясының жетекшісі, PhD, профессор Гүлайхан Ақтай, Хакас республикасынан келген «Хакастың тіл, әдебиет және тарих ғылыми-зерттеу» институты әдебиет секторының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандитаты Нина Майнагашева, Омбы мемлекеттік жол қатынасы университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сергей Исачкин, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Қайролла Байшағыровтар әртүрлі тақырыптарда баяндама жасады.    
Ғылым көкжиегінде өшпес із қалдырған этнограф, географ, фольклортанушы, ғалым Шоқанның 180 жылдығына арналған халықаралық конференцияға алыс-жақын шетелдерден, атап айтқанда Польша, Венгрия, Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Хакасия, Якутия, Қырғызстан және еліміздің әртүрлі жоғары оқу орындарынан 60 астам ғалымдар келіп, 15 ғылыми-әдістемелік бағыттар бойынша шоқантану және әлемдік білім, тарих, тіл, саясат мәселелеріне қатысты көптеген ғылыми жобаларды талқылады.
Келесі күні конференция қонақтары Шоқан Уәлиханов туған Сырымбет ауылындағы «Айғаным» тарихи-мемориалдық кешеніне және «Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражайға» мәдени-рухани экскурсияға барды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар