Көкшенің өз Розасы

Қолына қалам алып, халқына қалтқысыз қызмет еткен нәзік жанды журналистер аз емес. Солардың қатарында алғашқы еңбек жолын 85 жылдық тарихы бар кешегі «Көкшетау правдасы» газетінде тілшіліктен бастаған Роза Нарымбетова қаламы үшкір, ойы ұшқыр қаламгер ретінде оқырман қауымға кеңінен танымал.

Ол 1955 жылдың 23 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. 1972 жылы Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1977 жылы бітіріп, жұбайы Тоқтар Баймағанбетов екеуі Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде еңбек жолын тілші болып бастайды.
Роза сол кезеңде газетте жұмыс істеген Жанайдар Мусин, Әуез Өтеев, Хакімтай Әміров, Мәтен Бижанов, Төлеген Қажыбаев, Нұрқан Ысқақов, Октябрь Бұқарбаев, Рүстем Бермағанбетов сынды баспасөз білгілерінен тәлім алып, шеберлігін шыңдады. Қазіргі сенатор Жабал Ерғалиев социалистік жарыс бөлімінің меңгерушісі ретінде жас маманға журналистиканың қыр-сырын үйретті. Белгілі ақын,  «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы қосынының жетекшісі, сол кездегі «Көкшетау правдасы» газеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қорғанбек Аманжолов Роза Нарымбетованың мәдениет тақырыбына қалам тартқан мақалаларын жылы лебізбен атайтын. Кеңес Одағына белгілі атақты әншілер Эдита Пьеха, Әлібек Дінішев, Лаки Кесоглу, Сара Тыныштықұлова, Роза Рымбаева, Қайрат Байбосыновтар туралы мақалалары кезінде мазмұндылығымен оқырманнан өз бағасын алған болатын. Кейіннен 1980-1981 жылдары жұбайы, жүйрік журналист Тоқтар Баймағанбетов екеуі Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетіне қызметке ауысты. Мұнда да қос журналист қаламдарының ұшқырлығын танытты.
Роза Нарымбетова 1981-1983 жылдары Целиноград облыстық телерадиокомитетінде радиокомментатор болып еңбек жолын жалғастырды. Сол жылдары Розаның мазмұнды сөзін, әсерлі үнін республикалық радиодан жиі естуге болатын. Іскерлігінің арқасында «Ақ бидай» бағдарламасының бас жүлдесіне ие болған кезі де бар. Республикалық радионың өкілдері Болат Оңғарбаев пен Жанмұрат Жанайдаров сол кезде қайтадан облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне ауысып, қызмет істеп жүрген Розаға жүлдесін әкеліп тапсырғанда, бас редактор Жанайдар Мусин өзі тәрбиелеген шәкіртіне риза көңілмен: «Біздің кадрлар осындай болса керек-ті» дегені бар еді. 1989-1991 жылдары Халық депутаттары Көкшетау облыстық кеңесінде бас маман болып қызмет жасаған кезінде ана тіліне деген жанашырлығын ісімен дәлелдеген еді. Кейін Көкшетау облыстық телерадиокомитетіне қызметке ауысты. Мұнда 1996 жылға дейін еңбек етті. Көкшетау облысы тараған тұста «Информ-Көкше» телерадиокомпаниясында өз жұмысын жалғастырды. Ал, 1999 жылдан бас-тап Түркістан қаласындағы «Тұран-Түркістан» телеарнасында редактор қызметін атқарды. Қазіргі таңда республикалық қоғамдық-саяси «Дөңгеленген дүние» газетінде бөлім меңгерушісі. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Жыл адамы-2002», «Ажар» сыйлықтарының иегері, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Әлеуметтік сарапшы» аталымының жүлдегері.
Көкше өңірінің халқы, ойлы оқырманы Роза Нарымбетованың есімін ұмыта қоймаған шығар. Жалынды да жігерлі, қаламы ұшқыр журналистің елге етене танылған кезі  Көкшетау облыстық телерадиокомитетінде еңбек еткен жылдар. Сол жылдары қатарлас қызмет еттік. Әлі есімде «Құлагер» ақпаратты-шолу бағдарламасының бүгінгі күннің көкейтесті тақырыбымен берілетін күнбе-күнгі жаңалықтары, облыстың тыныс-тіршілігі туралы ойлы хабарлары, «Айғаным» қыз-келіншектер сырласу отауы» атты авторлық бағдарламалар, түрлі тақырыптардағы тікелей эфирлер кәсіби деңгейінің биік екендігін көрсететін. Розаның сылдырап аққан бұлақтай мөлдір дауысы, маржандай тізілген сөз тіркестері, жылылыққа толы шуақты жанары көпшілікті өзіне баурап алатын. Бір жолы әлдебір жиында ұлағатты ұстаз Таңсық Жұрынова апамыздың «Осы Роза қайда екен?» – деген сағынышты лебізін естіп қалған едік. Өзінің сүйікті тележурналисін іздеген мұндай көрермендердің Көкше өңірінде көп екені кәміл.
Көкше аймағына белгілі, атақты тұлғалар Еркін Әуелбеков, Естай Мырзахметов, Баян Жанғалов тәрізді абыздармен жүргізген сұхбаттары ой тереңдігімен, сыршылдығымен есте қалып еді. Барша көкшелік қаламгерлердің ұстазы Жанайдар Мусиннің жұбайы Райхан Сүлейменқызы, белгілі жазушы Естай Мырзахметовтың асыл жары Гүлжәмила апай, аты аңызға айналған мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтың жеке өзі туралы да, аяулы анасы туралы да телехабар жасаған  журналист осы Роза. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің өзі туралы ғана емес, осынау атақты тұлғаның туған-туыстары, туған жері Қойсалған елді мекені жайлы да тартымды телехабарлар  әзірлеп, батыр ағасы жайлы мұрағатты толықтыра түскен еді. Курортты Бурабай өңірінің экологиялық жағдайы туралы жасалған «Бурабай неге жылайды?» циклды телехабарларын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында бір жыл бойы үзбей «Ер есімі – ел есінде» атты айдарды жан-тәнімен жүргізіп, асыл ағалар мен апалардың қан майдандағы ерлігін кейінгі ұрпаққа паш етті.
Тынымсыз журналист еңбегіне қосымша қақаған қыстағы іссапарлар, жауынды-шашынды, боранды-бұрқасынды ауа райының қиындығы әйел адам түгілі ер азаматқа да оңай еместігі белгілі. Міне,  осының бәрін жеңуге журналистикаға деген терең сүйіспеншілігі әсер етсе керек. Тынымсыз еңбек ете жүріп, сүттей ұйыған отбасының берекесін кіргізіп, Тоқтар екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Розаның бұл еңбектерінің бәрі де ескерусіз қалмай,  кезінде оқырман мен көрерменнен де, тиісті ресми орындар тарапынан да өз бағасын алып отырды. 2012 жылы Астана қаласында өткен Еуразиялық үшінші әйелдер саммитіне делегат ретінде қатысып, «Ажар» сыйлығына ие болуы киелі Түркістандағы еңбегінің де жемісті болғандығын айғақтаса керек. Роза Сыздыққызы бүгіндері Алматы қаласында тұрып жатыр. Алғашқы еңбек жолын бастаған көрікті Көкшені, оның жомарт жүрек жандарын сағынышпен еске алады. Біз де аяулы жар, абыройлы әріптес, өзі де, сөзі де сұлу Роза ханымға шығармашылығың шарықтай берсін дей келе, мына өлең жолдарын мерейтойына тарту етеміз:
Түркістаннан түлеп ұшқан тоты қыз,
Бойыңызда алаулайтын отыңыз.
Көкшетаудан қалам тербеп ұшып ең,
Оңтүстікте дараланды атыңыз!
Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар