Кеше Тәуелсіздік алаңында мереке құрметіне өткізілген «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» достық фестиваліне қатысқан облыс әкімі Сергей Кулагин өз құттықтау сөзінде ел бірлігі мен ұлтаралық келісімді басты құндылығымыз ретінде атап өтті.
Мерейлі достық жылындағы айрықша мереке саналатын ынтымақ күнін ақмолалықтар арқа-жарқа болып атап өтті. Жылылық, мейірімділік мерекесінде күн де жылынып, төңірекке шұғыласын төгіп тұрды. Бұл күні Тәуелсіздік алаңына жиналған көкшетаулықтар мен қонақтардың қарасы көп болды.
Мерекелік шара Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры әртістерінің қатысуымен болған театрландырылған көрініспен басталды. Онда Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханның қол астынан бөлініп шығып, жеке хандық құруға бет алған сәті бейнеленіп, сол хандықтың заңды мұрагері ретіндегі тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктері паш етілді. 105 ұлт пен ұлыс өкілі мекен ететін Ақмола өңірі ел дамуына елеулі үлес қосуда. Облыс әкімі сондай-ақ, игі шаралардың ұйытқысы болған Тайқазанның арқасында өңірімізде біраз адамдарға қолдау көрсетілгендігін айтып, осынау көмек қолын созған жомарт жандарға алғысын жеткізді.
Ынтымақ тойында ұлтаралық татулықты сақтауға қосқан үлестері үшін бір топ ақмолалықтар «Қазақстан халқы Ассамблея-
сына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Еңбегі еленген азаматтардың арасында этно-мәдени бірлестіктердің басшылары мен облыстық ассамблеяның басқа да мүшелері бар.
Бірлік мейрамында өңіріміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға этно-мәдени бірлестіктердің қосып отырған үлесін айтпай кетуге болмас. Олар тек өз салт-дәстүрлері, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттап қана қоймай, ортақ мүдде жолында аянбай қызмет етуде. Сондай жанның бірі – «Видергебурт» Ақмола облыстық неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Корнеева.
–Бұл біздің ырыс пен ынтымақ деп аталатын баға жетпес байлығымызды баршаға, ең алдымен, өзімізге паш етер ғажап мейрам. Біз бүкіл жер бетінде осындай тыныштықтың орнағанын қалаймыз және барша адамзат баласын соған үндейміз, – дейді ол. Бұл күні қала мектептерінің 300-дей оқушысы «Абылай хан» алаңында достық ұғымын сурет тілімен жеткізді. Жерге бормен салынған суреттер әртүрлі болғанымен, бәрі де тілегі, ниеті бір қазақстандықтардың бірлігін көрсетіп тұр.
Өңірдегі тұрақтылықты сақтауға атсалысып жүрген азаматтармен бірге аймақ басшысы «Ынтымақ, жастар, болашақ» тақтасына қала тұрғындарымен бірге өз қолтаңбасын қалдырды. Бұл күні облыстық жастар ресурстық орталығы «Бірлік болсын әлемде, бірлік болсын елімде» жастар акциясын ұйымдастырды. Елімізде өмір сүріп жатқан сан түрлі халықтардың болмысын бейнелейтін қылқалам шеберлерінің қолынан туған көркемөнер туындылары да көпшілікті тәнті етпей қоймады. Ұлттық тағамдар көрмесі де өз әралуандығымен көз тартады.
Облыстық филармония әртістерінің және өзге де өнер шеберлерінің қатысуымен өткен мерекелік концерт пен күні бойы жалғасқан халықтық серуеннен мейрам рухы ерекше сезіледі. Достық мерекесі осылайша облыс қалалары мен аудандарында да кең ауқымда аталып өтті.