Аудан диқандары көктемгі дала жұмыстарын екі аптаның ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.
«Көктемнің бір күні жылға азық» деген қағиданы ұстанған аудан диқандары маңызды науқанға ерте қамдана бастаған. Биыл аудан бойынша 69,3 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себу көзделген.
Қазіргі кезде 32,9 мың гектарда ылғал жабу жұмыстары тегіс аяқталып, көпжылдық және біржылдық екпе шөп пен күнбағыс тұқымын себу жұмыстары қызу жүргізілуде. Жоспар бойынша барлығы
9 мың гектар алқапқа көпжылдық екпе шөп егу жоспарланса, қазірдің өзінде оның 3 мың гектары егілді. Сондай-ақ, 800 гектарға күнбағыс тұқымы сіңірілді. Дән сіңіру жұмыстарына 200-ден астам егіс кешендері, сеялкалар сияқты өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылмақ.
Шаруашылықтардың ішінде «Торғай» және «Новомарковка» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің ісі ойдағыдай ойластырылғанын айта кеткен жөн. Бұл серіктестіктер материалдық-техникалық базасын жаңартып келеді. Топырақтың құнарлылығын арттырып, егін егу әдістерін жетілдіре түсуде. Өткен жылы 71,4 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себіліп, 357 мың тонна астық жиналған болатын.
Дәуіт ҚАРАТАЕВ,
Ерейментау аудандық
ауыл шаруашылығы
бөлімінің бас маманы.