Жас дарындар байқауы

«Достар» мәдениет үйінде ұлттық жастар Дельфийлік ойындарының VI облыстық байқауының ашылу салтанаты болып өтті.

  Салтанатты шарада облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова құттықтау сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол халықаралық Дельфийлік ойындарда әр жылдары жүлдемен оралған жас дарындар Олжас Сәбижан, Болат Батырбаев пен таяуда Орел қаласында өткен халықаралық Дельфийлік ойындарында дәстүрлі ән аталымында жеңіске жеткен Бауыржан Нұрмұхановтың есімін тілге тиек етті. «Ұлттық Дельфийлік комитеті» корпоративтік қорының атқарушы директоры Бахыт Тәжінов те сөз сөйлеп, көрікті Көкше өңірі дарынды ұл-қыз тәрбиелеп өсірген қасиетті құт мекен дей келе, халықаралық Дельфийлік ойындарында ақмолалық жастар жүлдесіз оралмайтынын айтып көңілге сенім ұялатты. Ал, облыстық іріктеу кезеңінде қатысушылар
фортепиано, сырнай мен аккордеон, халықтық би, көркемөнер сайысы, театр, киім дизайны, халықтық аспап, дәстүрлі, эстрадалық ән, тележурналистика, қолданбалы-сәндік өнер, фотосурет аталымдары бойынша сынға түспекші.
Шарада облыстық, республикалық, халықаралық Дельфийлік ойындарының алтын медаль иегерлері Олжас Сәбижан мен Болат Батырбаев, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің «Шабыт» квартеті тамаша өнер көрсетті. Шалқыған шабытпен әуезді әні қалықтап, күйі күмбірлеген Көкшетау тағы да жас дарынның жұлдызы жарқырайды деген зор үмітпен тарқасты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар