Көкшетауға үлкен футбол оралып, «Оқжетпес» командасы өз алаңында екінші ойынын өткізді. Қостанайдың «Тобылы» мен оқжетпестіктердің ел біріншілігіндегі кездесуін облыс әкімі Сергей Кулагин де тамашалады.
Осы күні сылбырай жауған ақ жауын да матчтың өтуіне кедергі бола алмады. Ойын басталысымен екі команда да алма-кезек шабуылға шығып, қақпаларға жиі қауіп төндірді. Оқжетпестік ойыншы тепкен бұрыштама допты қақпашы Александр Петухов атылып барып қағып алды. Ойын қыза түсті. Абайсызда құлаған біздің команданың ойыншысы Данил Чертов жарақаттанып қалды. Оның орнына Джозеф Дикьяр алаңға шықты.
Ойынның 10-ыншы минутында «Оқжетпес» командасының ойыншысы Елнұр Мангуткин ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін алаңнан қуылды. Қостанайлықтар алаңда ойыншы саны жағынан басым болғанымен жақсы ойын өрнегін көрсете алмады. Оқжетпестік Александр Павлов пен Виталий Волковтың тепкен доптары қарсыластар қақпасына дөп түспеді. Алаң иелерінің қақпасына да қауіп төніп, қақпашы Антон Цирин допты ұстап алды.
Біздің ойыншы Лука Роткович екі қорғаушыны алдап өткенімен, қақпа алдында допты дұрыс тебе алмай қалды. Ойынның екінші жартысында «Тобыл» командасының екі ойыншысы ауыстырылды. Бұл команда ойынды өз қолдарына алуға талпынғанымен, допты «Оқжетпес» қорғаушыларынан әрі асыра алмады. Біздің команда да ойыншылар ауыстырып, алаңға Еркін Нұржанов пен Михал Смейкал шықты. Ойынның 77-ші минутында қостанайлық Артем Дели тепкен допты қақпашы қақпа сыртына қағып үлгерді. Осындай қауіпті сәт тағы бір рет қайталанды.
Матч соңында оқжетпестік Лука Роткович тепкен айып добы қақпада тулап жатты. «Тобыл» командасын 1:0 есебімен жеңген «Оқжетпес» 6 маусымда Алматының «Қайратымен» кездеседі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.