Облыстық әділет департаменті майдангерлерге құқықтық көмек көрсетті.
Жақында Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу шеңберінде облыстық әділет департаменті соғыс ардагерлеріне құқықтық көмек көрсету бойынша айлық жариялаған болатын. Осыған орай, департамент қызметкерлері адвокаттар алқасы, нотариалды палата және облыстық жылжымайтын мүлік орталығы өкілдерімен бірлесіп, Ұлы Отан соғысының ардагері Оспан Жүсіптің үйіне барып, құқықтық көмек көрсетіп қарияны бір қуантып тастады.
Ардагер Оспан Садуақасұлы 1942 жылы 18 жасында майданға аттанып, Курск қаласы мен Ленинград қаласын жаудан азат ету шайқастарына қатысқан. Кейін 1944 жылы әскери комиссияның бұйрығымен тылға жіберіледі.
Ардагер бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Ұстаздың педагогикалық еңбек өтілі 52 жылды құрайды. «Білім беру саласының үздігі», «Жеңіс үшін» және «Қажырлы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Бұл жолы қарияға жылжымайтын мүлікті тіркеу және мұрагерлікке құқығын рәсімдеу бойынша құқықтық көмек көрсетілді.
Қазіргі кезде, облыс аумағында Ұлы Отан соғысының 216 ардагерлері мен мүгедектері тіркелген. Алдағы уақытта олардың барлығына да осындай құқықтық көмек көрсетілетін болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.