Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ашық күннің әр сәті тиімді пайдаланылсын - АРҚА АЖАРЫ

Ашық күннің әр сәті тиімді пайдаланылсын

 Өткен демалыс күндері облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Целиноград, Қорғалжын, Егіндікөл, Астрахан, Шортанды және Еңбекшілдер аудандарының егіс алқаптарында болып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Оразақ ауылының жағдайымен танысып, селолық округ әкімдерімен және ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен көктемгі егісті ұйымшылдықпен өткізу, елді мекендерді абаттандыру және өзге де өзекті мәселелер бойынша кеңес өткізді.

  – Ашық күндерді тиімді пайдаланып, ауысымдық мезгілмен қауырт жұмыс істеу керек, – деді аталмыш аудандарда алқап басында өткен кеңестерде сөз сөйлеген облыс басшысы. –Алқапта ылғал көп болса, сеялканың соқасын алып тастауға тура келеді. 1982 жылы 12 маусымға дейін жауын жауған. Диқандар дәнді дақылдарды сіңіргеннен кейін тырмалау жұмыстарын жүргізген болатын. Кейін жаз жаңбырсыз болып, әр гектардан 7 центнерден өнім алдық. Қазір ауыл шаруашылығының техникалары өзгерді. Тиімділігі жоғары егіс кешендері жұмыс істейді. Өңір бойынша тұқым мен жанар-жағармай мәселелері шешілген. Біз дәнді дақылдар себудің тиімді мезгілін өткізіп алдық. Дегенмен, 5 маусымға дейін уақыт бар.
Одан кешіктіруге болмайды. Алқаптарда ылғал мол. Дәнді дақылдарды 5 сантиметрге дейін сіңіруге болады. Осы мәселелерді қадағалау қажет. Көктемгі егіс алдында өңделмеген жерлерде химиялық өңдеу жұмысын жүргізу керек. Одан әрі облыс әкімі биылғы жылы жылу беру мау-сымы дайындығына мемлекеттен қаржы бөлінбейтінін жеткізді. Облыстық бюджет қайта қаралып, кейбір құрылыс жұмыстары тоқтатылыпты. Сөйтіп, 2,5 миллиард теңге өңірдің жылу беру маусымы дайындығына бағытталған екен. Өңір басшысы өз сөзінде әлеуметтік саланың мекемелері жылу беру маусымына жос-парлы түрде ерте дайындалулары керектігін тапсырды. Ол үшін тариф қайта қаралатынын жеткізді. Коммуналдық қызметақы қарызынсыз жұмыс істеуге шақырды. Өзге өңірлерге қарағанда абаттандыру жұмысы сылбыр жүргізіліп отыр. Сондықтан, елді мекендерді тез арада күл-қоқыстан тазартып, үйлердің маңайын тәртіпке келтірген жөн.
Былтырғы жылы Атбасар қаласында болған су тасқынының зардабын жоюға 2,5 миллиард теңге жұмсалғаны белгілі. Қалада 5 көпқабатты үй салынды. 300 үй жөнделді. Көпірлер мен жолдар қалпына келтірілді. Биыл Целиноград, Қорғалжын және Ерейментау аудандарының тұрғындары су тасқынынан зардап шекті. Целиноград ауданындағы жағдайды қалпына келтіру үшін 9 миллиард теңге қажет. Аудан бойынша 350 пәтерлі үй, Оразақ ауылында 200 пәтерлі үй салу керек. Шнет, Ағанас ауылдарының тұрғындарын аудан орталығы мен Қосшы кентіне көшіру көзделіп отыр. Осыған байланысты Үкіметтен қаржы бөлу жөнінде жұмыс жүргізілуде. Оған дейін мердігерлермен келісіп, құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланды. Қайткен күнде де тұрғындарды қыркүйек айында қоныстандыру мәселесі қаралуда. Сондай-ақ, су құбырлары, жолдар мен электр жүйелері қалпына келтіріледі. Облыс әкімі Сергей Кулагин су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қолұшын созған шаруашылық басшыларына алғысын білдірді.
Өңір басшысы Оразақ ауылында болып, иесіз тұрған су мұнарасы мен көпқабатты үйді, су бөгеті мен көшелерді аралап көрді. Ауыл көшесіндегі су бірнеше су сорғышпен сорылуда. Облыс әкімі су бөгетінің үстінен жол салуды тапсырды. Бұдан кейін ол Оразақ орта мектебінде  болып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың хал-жағдайларына назар
аударды. Олардың назардан тыс қалмайтындарын жеткізді. Мектепте су тасқынынан зардап шеккендер үшін асхана жұмыс істейді. Қазір мұнда 24 отбасы тұрып жатыр. Облыс басшысы  шатырларда тұрып жатқан бірқатар тұрғындармен жүздесіп, салынатын шағын ауданның құрылыс орны мен мердігерлердің жобаларын көрді. Қазір  мұнда тұрғындар 30 шатырды паналауда. Олар үшін барлық жағдай жасалыпты.
Сол күні Степногорск қаласының әкімін тағайындау жөнінде мәселе қаралып, қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында  қалалық мәслихат депутаттары облыс әкімі ұсынған Әнуар Күмпекеевтің кандидатурасын   бірауыздан қолдап, келісімдерін берді. Өз кезегінде өңір басшысы осыған дейін қала әкімі болған Мұратбек Тақамбаевқа ризашылығын білдірді.
– Қалада орта және шағын бизнесті дамыту керек. Ал, кәсіпкерлер өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін ұмытпай, аурухана мен мектептерді жөндеуге көмектесулері қажет. Екі тоғыз қабатты үй қаңырап бос тұр. Ал, балалар үйінің түлектері пәтерсіз жүр. Қала таза болуы тиіс. Жылу беру маусымына дайындықты ерте бастаған жөн. Шаңтөбе кентінде шағын және орта бизнесті дамыту керек. Калачи селосының тұрғындарына қол ұшын созғандарға ал-ғысымды білдіремін, – деді қала активінде сөз сөйлеген өңір басшысы.
Суретте: Оразақ ауылының тұрғындарымен кездесу сәті.
Суретті түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар