Аудандық мәдениет үйінде Мемлекеттік қызметке қабылдау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланған аумақтық семинар-кеңес болып өтті.
Шараға Атбасар, Астрахан, Егіндікөл, Есіл, Жақсы, Жарқайың аудандарының активтері қатысты. Аудан әкімі Андрей Никишов ашып, жүргізіп отырған семинар барысында сөз алған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңес төрағасы Қуаныш Жапақов өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 39 жас екендігін айтты. Осы орайда, мемлекеттік қызметке өту үшін тапсырылатын тестілеудің қиын екендігі жайлы да мәселе көтерілді.
Тәртіптік кеңес төрағасының айтуынша, бұл жаңсақ пікір. Бүгінгі таңда осы салаға келушілердің деңгейі төмендеген. Себебі, бұл қызметтің қоғамдағы беделі тиесілі деңгейде емес. Мемлекет басшысы ұдайы мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптарды жоғарылату жайын айтып отырады. Сондықтан да, ел игілігі жолында еңбек етуді көздегендердің осы үдеден шыға білгені абзал. Түптің-түбінде, өздері тікелей жұмыс істеп, азаматтардың заңды мүдделерін қорғайтын бес-алты заңды білмеуі тіпті ұятты сияқты. Бұл тұрғыда ең алдымен, соған сай ар-ожданын ту еткен, адал да әділ «мемлекеттік қызметші» деген абыройлы атаққа сай болар кадрлар құрамын қалыптастырған абзал. Салаға мамандар тарту ісін мектеп түлектерімен жұмыстан бастаған дұрыс. Олардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді басты орынға қою керек.
Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы Есіл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнел Ерденова жемқорлықпен күрестің партия жұмысының негізгі бағыттарының бірі екендігін айтты. Осы тұрғыда аудандық филиал құқық қорғау органдары және қоғамдық жұртшылықпен бірлесе жұмыс атқаруда. Ол сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа барып, заңды бұзғандардың партия қатарынан шығарылғанын да тілге тиек етті.
Ал, департаменттің бөлім басшысы Райхан Братаева «Е-қызмет» электрондық жүйесін енгізу мәселесіне тоқталып өтті. Аталған жүйе персоналды басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Онда әр мемлекеттік қызметші жайлы толыққанды ақпарат жиналатын болады. Астрахан аудандық мәслихатының хатшысы Виктор Собеский ауданда жемқорлықтың жолын кесу үшін депутаттардың да тыс қалып жатпағандығын жеткізді. Сессиялар мен тұрақты комиссиялардың отырыстары өтіп, онда бұл кеселмен күрес жайы талқыланып отырады. Аудандық билеуші партия филиалымен байланыс та жолға қойылған. Сондай-ақ, жыл басынан бері 27 қызметкер өз біліктіліктерін арттырған. Мұның да мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға сәл де болса сеп болары сөзсіз.
Жақсы ауданы әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Ольга Бочарникова аудандық әкімдіктің мемлекеттік қызметшілер жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қолға алған шаралар легін баяндады. Ал, департаменттің бөлім басшысы Ақерке Бекахметова сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру жа-
йын сөз етті. Ол бұл іске тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның жауапты екендігін еске салды. Осы орайда, жуырда жемқорлыққа қарсы марафон өткізу жоспарланып отырғандығын айта кетейік. Ол бұл мәселеге жұртшылық назарын аударуға жол ашып, әр ақмолалықтың сыбайлас жемқорлық жайламаған, таза қоғамда өмір сүруге құлшынысын оятады деп күтілуде.
Атбасар ауданы әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Елена Виншу аймақта арнайы медиа-жоспардың жасалғандығы мен соған сәйкес ақпараттық насихаттың белсенді түрде жүргізіліп келе жатқандығын жеткізді. Колледж, мектеп, бала бақша, тәрбиеленушілері арасында болсын, қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзету мекемелерінде, басқа да кәсіпорындарда жемқорлықтың алдын алуға байланысты түрлі акциялар өткізілуде. Нәтиже де жаман емес. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, пара алып, заң бұзған мемлекеттік қызметшілер саны азайған. Тіпті, ауданды бұл тұрғыда өзге өңірлерге үлгі етуге боларлықтай. Шара соңында семинарға қатысушылар өзара пікір алмасты. Парақорлықпен қоғам болып күресуге уағдаласты.
Атбасар ауданы.