Кішкентай ауылының үлкен мерейі

Күре жолдың бойында қысы-жазы көкпеңбек бояуға малынған қарағайлы орманның бауырында бұйығып қана тұратын Кішкентай ауылы дүр сілкініп қалды.  Ауылдағы мамыражай тыныштықтың торғын шілтерін желпілдеткен ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілген іс-шара еді. Дүбірлі дүниеден тыс, құлаққа ұрған танадай марғау мүйісте күн кешкен кішкентай ауылдың тұрғындары бір атаның балалары еді.

Үйірім-үйірім әр жерде қызыл қайың,
Пейішке бағалаймын мен маңайын.
Ауқымы кішігірім болса-дағы,
Қаладай көрінуші-еді Кішкентайым, –
деп осы ауылдың тумасы, профессор Ахмет Алдашев жырлағандай, дәл қаладай болмаса да, өздеріне лайық бастауыш мектебі, шаруасы шалқыған шағын фермасы бар үш ауыл түтін түтетіп отырған еді.  
Ел көшкен жұртта Ысқақовтар отбасы ғана қалып, бір отбасы бір ауыл есебінде Кішкентай ауылының атын сақтап отыр. Бірінші ауылдың жұрты ғана қалса, екінші ауылда осы елдің тумасы Жамбағыс Жақыпов жеке шаруа қожалығын дөңгелетуде. Бағзы заманда Сатыбай байдың қыстауы болған екен. Қазіргі иесіз қалған елдің жұртын қорығандай күре жолдың бойындағы аялдаманың жанында орнатылған барыстың ескерткіші тісін ақситып тұр.  Өткен-кеткен жолаушылар осы ескерткіштің қасында суретке түсіп жатады. Аты Кішкентай болғанымен, азаматтары ірі еді. Арыға бармай-ақ беріден айтар болсақ білікті дәрігер, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты Серік Аяғанов, профессор Ахмет Алдашев, елге есімі мәлім Қымбат Мұстафина, полковник Әмірбек Жақыповтарды атасақ та жеткілікті. Заман ағымына байланысты жан-жақта жүрген ауыл азаматтары әртүрлі деңгейдегі қызметтер мен бизнес саласындағы жеке кәсіпкерлікті де  жап-жақсы игерген.
Адамзатқа алапат қырғын әкелген екінші дүниежүзілік соғысқа Кішкентай ауылынан  38 азамат қолына қару алып Отан қорғауға аттанған екен. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Сыздықовтар әулетінің жиені, Астана қаласындағы футбол федерациясының атқарушы директоры  Азамат Айтқожин соғыс ардагерлеріне арнап ауылдың көрнекті жеріне ескерткіш тақта орнатты. Бұл аманатты мойнына алған Азаматтың  елін, жерін қорғаған ардагерлерге деген перзенттік парызы әрі құрметі деп білуіміз керек. Мәрмәр тасты Қордайдан, сонау Жамбыл облысынан алдыртқан екен.  Ал соғыс ардагерлері туралы мәліметті нағашысы Тәубе Сыздықов екеуі Бұланды мен Еңбекшілдер аудандарының әскери комиссариаттарының архивтерінен іздестіріп тапқан. Жалпы Сыздықовтар отбасы жылда Жеңіс күнінде Астанадан немере-жиендеріне дейін тайлы-таяғы қалмай келіп, барлығы әскери киім киіп, Макинск қаласының  Ломоносов көшесінде әскери шеру өткізеді. Осы әскери шеруге Астанадан арнайы үрлемелі аспаптар оркестрін әкеледі. Осындай көрген жанның патриоттық сезімін оятатын салтанатты шараны соғыста қаза тапқан ардагерлер мен аталары Айдархан Сыздықов пен Шөптібай Айтқожиннің құрметтеріне арнайды. Енді міне, бүкіл ауылдың ардагерлеріне құрмет көрсеткен Азаматқа ел дән риза болып алғыстарын айтып, ақ баталарын беруде. Салтанатты шараға Бұланды ауданының әкімі Қуандық Еспергенов пен Еңбекшілдер ауданының әкімі Асқар Қиықов қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Асқар Қиықов Азамат Серікұлына елдің атынан алғыс білдіре отырып,  екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы мерейтойлық медалімен марапаттады. Салтанатты шарада Еңбекшілдер ауданының «Көкек» ансамблі өнер көрсетті. Соңынан ас беріліп, аруақтарға құран бағышталды.       

Амантай БЕЙСЕКЕЕВ.
Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар