Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жолдаманы Анастасия алды - АРҚА АЖАРЫ

Жолдаманы Анастасия алды

«Достар» мәдениет сарайында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өзге ұлт өкілдері арасында облыстық «Абай оқулары» байқауы өз мәресіне жетті.

Байқаудың мақсаты өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, ақын  шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне этнос өкілдерінің ықыласын арттыру әрі еліміздегі рухани бірлікті нығайту.
Облыстық «Абай оқулары» байқауына 16 мен 22 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдерінен 12 үміткер қатысты. Олар ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жаттап, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді оқыды. Сондай-ақ, ақынның әндерін орындаудан сынға түсті. Осы орайда, Ольга Матвеева, Виктория Грудина, Анастасия Сломинская, Кристина Ильгузина есімді қатысушылардың жақсы өнер көрсеткенін баса айтып өтуге болады.
Төрелік еткен қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде қатысушылардың көркем мәтінді оқу мен ән орындау шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларының сақталуына баса назар аударды. Сондай-ақ, байқауда сахна мәдениеті мен қазақтың ұлттық киіміне ерекше мән берілді. Бірақ, әттеген-ай дейтін олқы тұстардың болғанын да айтып өтпеу мүмкін емес. Бірі өзге ұлттың киімін киіп шықса, бірі Абайдың өлеңдерін жатқа айтуда жаңылып қалды. Тіпті, өлең сөздерін ауыстырып айтқандар да болды. Байқауға қатысқан өзге ұлт өкілдеріне қаншалықты түсіністік танытуымыз керек болса да, ұлы ақынның, дара да дана Абайдың өлеңдерін бөтен сөзбен былғамауымыз керек. Бұл үлкен қателік.  Дегенмен, байқауда оза шауып, жүзден жүйрік атанғандар бар.  Сайыс қорытындысы бойынша  бірінші орынды Астрахан ауданынан келген Анастасия Сломинская алса, екінші және үшінші орындарға Кристина Ильгузина, Ольга Матвеевалар ие болды.
Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары облыстық тілдерді дамыту басқармасының арнайы дипломдары және Алғыс хаттарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал, облыстық «Абай оқуларының» жеңімпазы Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында қыркүйек айында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар