Боздақтарға тағзым

Есіл қаласының орталық алаңында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шара болып өтті. Қаланың басты көшелерімен жүріп өткен адамдар «Өлмейтін полк» деп аталды.

Яғни, сол сұрапыл соғыста, не одан кейінгі жылдары қаза тапқан жауынгерлердің суреттерін  ұстаған майдангерлердің жақындары тағзым шарасын осылай өткізді.   
Соғыс дүрмегін көзімен көрген ардагерлердің қатары да сиреп барады. Аудандағы көзі тірі сегіз соғыс ардагерінің үшеуі аталған шараға қатысып, өткен күндерді еске алды.   Олар: Ғұмар Кәрімұлы, Михаил Тимофеев, Николай Серебряков. Шараға қатысушылар  көзі тірі батырларға ерекше қошемет көрсетіп жатты.
Бұл күні алаңда соғыс жылдарының әуендері әуелеп тұрды.  Құрамында аудандық ішкі істер, өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері  мен мектеп оқушылары қатысқан сап түзеу рәсімі  мерекенің шырайын аша түсті.  Орталыққа шыққан адам санының көптігі сол бір өшпес ерлік үлгісіне тағзым етушілердің мол екенін көрсеткендей болды.
 Ұлы Жеңіс мерекесімен майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін  аудан әкімі Аманбек Қалжанов  пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Серғали Үсіпов, аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Мұрат Рақымбеков құттықтап, Отан үшін кеуделерін оққа тосқан батырлар ерлігінің ел жадында мәңгіге сақталатындығын, бүгінгі бейбіт күнде өмір сүріп жатқан ұрпақтың оларға мәңгі қарыздар екендігін айтты.
Бұл шарада есілдіктер қан майданнан оралмаған және осы күнді көре алмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.  Артынша аспанға үш рет оқ атылып, мемориалға гүл шоқтары қойылды. Аудандық мәдениет үйінде  сол бір ауыр жылдарды көз алдымызға әкелген театрландырылған қойылым жұртшылық назарына ұсынылып, шара соңы мерекелік концертке ұласты.  Осы орайда, «Соғыс балалары» және «Солдаттың анасына хаты» деп аталған көріністерді тамашалаған көрерменнің көзіне еріксіз жас келіп, толғанысқа түскенін айтқан жөн.
Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет  көрсету тек бұл мерекелік шарамен шектелген жоқ. Осыған дейін де ауылдық округтерде түрлі шаралар ұйымдастырылды, ең бастысы, Ұлы Жеңістің ұлық мереке екенін әркім жанына түйіп, оның қадірі қашанда асқақ екенін түсінгендей болды.
Қайша ӘБСӘЛІМОВА.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар