Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қауырт жұмысқа толы жарқын жыл - АРҚА АЖАРЫ

Қауырт жұмысқа толы жарқын жыл

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 27 мамырдағы Жарлығымен
Ақмола облысының әкімі болып тағайындалған Сергей Кулагиннің осы жауапты қызметке кіріскеніне бір жыл толды

  Сөз басы

Сергей Кулагиннің қарымды қабілеті, ілкімді іскерлігі, тегеурінді басшы ретіндегі қайраткерлік келбеті Қараөткел мен Көкшетаудың арасын жайлаған қалың елге бұрыннан да жақсы мәлім. 1998 жылдың қыркүйек айынан 2004 жылдың наурыз айына дейін Ақмола облысының әкімі қызметін атқарды.
Ақмола облысының орталығы әкімшіліктік-аумақтық өзгеріске байланысты Көкшетау қаласына көшірілген кезде шаруа шаш-етектен еді. Оның үстіне облыс орталығы мәртебесінен  айырылған екі жылдың ішінде Көкшетау қаласы әжептәуір жүдеп қалған. Облыс орталығының тұрғындарын жұмыссыздық жайлады, электр қуаты, сумен, жылумен қамту мәселелері тіпті ушығып тұрған. Облыс орталығы Көкшетау қаласына көшірілген күннен бастап тіршіліктің тамыры бүлкілдеп соға бастады.
Кәсіпорындарға, шағын және орта бизнеске жан бітті. Қордаланып қалған қыруар проблема кезек-кезегімен шешілді. Алдымен, жылу мәселесі, тозығы жеткен су құбырларын жаңарту қолға алынды. Қала орталығындағы көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры кірсе шыққысыздай қайта жаңартылған жаңа ғимаратқа көшті, «Көкшетау» мәдениет сарайы да сыншы көзден ұялмайтындай жаңартылып, жасандырылды. Денсаулық сақтау, білім беру салаларының ғимараттары жаңа заман талабына сай сәулеттендірілді. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер біртіндеп өсе бастады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген қала және облыс тұрғындары тұрақты табыс көзіне ие бола бастады.
Сондықтан, өткен жылы Елбасы Жарлығымен Сергей Кулагин араға біраз уақыт салып, екінші қайтара Ақмола облысының әкімі болып тағайындалғанда, ел бұл жаңалықты түсіністікпен қабыл алды. Өйткені, бұрын осы қызметте соңынан жақсы із қалдырған іскер басшының өңір дамуына жаңа тыныс бере түсетіндігіне көпшілік сенімі зор еді. Арада өткен бір жыл уақыт бүгінде сол сенімді растағандай. Шынында да, облысқа жаңа басшы келгелі экономиканың ілгері басуы тұрақты сипат ала түсті.
Оның үстіне соңғы кездері ақмолалықтардың аты шығумен болған ең күрделі деген негізгі үш-төрт мәселе де облыс әкімінің істің көзін табуымен сабасына түсіп, оң шешімін тапты деуге болады. Сол себептен де біз тынымсыз қарекетпен өте шыққан осы бір жылдың төңірегіндегі әкім қажыр-қайратын да жоғарыдағы ыңғайға келе бастаған проблемалармен бірге саралап өткенді жөн көрдік.  
Сел сынағы

Арқаның ақтүтек бораны мен үскірік аязы адамдарды қырына алып, ауық-ауық сынайтыны бар. Соңғы жылдардың бедерінде табиғаттың осы бір мінезіне көктемгі су тасқыны қосылып отыр. Өткен жылы облыстың бірқатар өңірлерінде, қар әдеттегіден мол түскен жерлерде көктемде алапат су тасқыны орын алды. Соның бірі – Атбасар қаласы.
Атбасар – көне қала. Қаланың шеткі аймақтарында салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен саман үйлер көп. Онсыз да тозығы жеткен үйлер сарқырай, ағындай ағып келген, біраз уақыт кептеліп тұрып алған селге төтеп бере алмады. Қала көшелері де бұзылды. Білім ошақтары мен басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар біршама зардап шекті.
Негізінде ел басына түскен ауыртпалықты бірлесе көтеру адамзат баласының ізгі дәстүрлерінің бірі. Бағзы заманда атам қазақ тағдырдың ауыр салмағын «көппен көрген ұлы той» деп тоба етіп, қандай қиыншылық болмасын «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған» ұйымшылдығымен жеңіп отырған. Қиын күнде қарайласу, ауыр күнде бір болу елді бірлікке жетелейтін иманды шаруа. Басына күн түскен отбасының немесе әулеттің ауыртпалығын арқалау ескіше «жылу» деп аталатын, яғни, жан жүректерінің, пейіл-ниеттерінің адамгершілікке негізделген қарапайым қамқорлығымен жылыту, көңіл шуағына бөлеу. Бұл жолы да ілкіден  келе жатқан ізетті дәстүр жалғасын тапты. Сел саябыр тапқан шақтан-ақ бүкіл облыс болып Атбасардағы ахуалды түзеуге бір кісідей білек сыбана атсалысты. Табиғат тақсіретін тартқан адамдардың қауіпсіздігі ең басты мақсат. Мал-мүлік, үй-жай кейінгі шаруа. «Орнында бар оңалар» демей ме, осы қолымыздан келді.
Түксиіп түнерген түннің артынан шуағына малынып, жарқырап күн шықпай ма? Бұл жолы да солай болды. Сергей Витальевич
Кулагин облыс әкімі болып Атбасар көктемгі су тасқынының зардаптарын жоюдың ең бір сындарлы сәті – табиғат апатынан үйлері қираған тұрғындарды тұрақты баспанамен қамтамасыз етудің нағыз шешуші кезеңінде тағайындалды. Сондықтан, жағдайды түсініп, бірден іске кірісті. Осы жұмыстардың тездетілуінің арқасында Атбасар қаласындағы №1 орта мектептің күрделі жөндеу жұмысына Үкіметтің қаулысымен 134935,913 мың теңге қаражат бөлінді. Осы қаржының арқасында білім ошағы толық жөндеуден өткізіліп, маңайы көгалдандырылды. Бөлінген қаржы толық өз орнына жұмсалып, көктемгі селде айтарлықтай зардап шеккен білім ошағы құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай түлеп сала берді. Бұрын да оншалықты шекесі шылқып тұрмаған қала көшелері ағымдағы жөндеуден өткізілді. Ұзын-ырғасы 18,3 шақырым көше жөнделіп, абаттандырылды. Бұл бағыттағы жұмысқа 158,3 миллион теңге қаржы жұмсалды. Әдетте сапасы сын көтермей жататын бұл жұмысты барынша тиянақты атқару қажет болатын. Сең талқандаған, сел қопсытқан көшелерді жөндеу жұмысын «Көкшеавтодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып шықты. Ағын судан көбірек жапа шеккен Жеңіс және Макарин көшелеріне ұзындығы 3,1 шақырым жерге тыңғылықты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ауқымды шараға 203515341 теңге қаржы жұмсалды. Қос көшенің бойындағы жұмысты да жоғарыда аталған серіктестік тиянақты атқарып шықты. Қай қала болмасын ағын суды өткеретін жолдардың жоқтығынан зардап шегіп жатады емес пе. Сондықтан, алдағы жылдардың салмағы сарапталып, су өткізетін үш құрылғы салынды. Оған 60,108 миллион теңге қаражат жұмсалды. Көшеге қарағанда сәл күрделілеу бұл істі «Саржомарт-2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып шықты.
Көше қалыпқа келгеннен соң ендігі бір ауқымы орасан зор іс құрылыс болды. Атбасар қаласындағы №1 мөлтек ауданда 45 пәтерлік екі үй салынды. Медицина училищесінің жатақханасы 49 пәтерлік тұрғын үйге лайықталып, қайтадан салынды. 45 пәтерлік төрт үйдің сыртқы құбырлары қалыпқа келтіріліп, үй маңындағы алаңқайлар абаттандырылды. №1 мөлтек ауданда «Электросетьстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әрқайсысы 45 пәтерлік жалпы құны 503075651 теңге тұратын екі тұрғын үйді желтоқсан айының 23-інде пайдалануға берді.
Бұл ұлан-ғайыр шаруаның бір парасы ғана. Сел зардабын тартқан Атбасар қаласының көктемгі қиыншылығы күзгі қуанышқа ұласты. Алғашқы бетте адамдар сең өздерін соққандай сенделіп қалғаны да шындық. Шарасыздыққа шырмалған. Тұйықтан шығарған осы уақыт аралығында дамыл таппай, Атбасарда бірнеше рет болып, барлық құрылыс жұмыстарының қыс түскенше уақытында, талапқа сай атқарылуын өз тарапынан үздіксіз қадағалап отырған   облыс әкімінің табанды тегеуріні мен ілкімді іскерлігі болды.

«Ұйқы» ауруынан арашалау

Есіл ауданындағы Калачи елді мекенінің аты былайғы жұрт «ұйқы ауруы» деп ат қойып, айдар таққан дауасы белгісіз дертпен шықты. 2013 жылы ең алғашқы белгісі білінген уақыттан бастап 170 оқиға орын алып, 133 адам медицина көмегіне жүгінген екен. Ұйқы дертіне душар болған адамдардың барлығына медициналық көмек көрсетілуде. Жергілікті дәрігерлік амбулаторияда он төсектік екі палата тәулік бойы жұмыс істейді. Дәрігерлер тұрғындардың бірі дауасыз дертке душар болған жағдайда сол сәтінде сырқаттарды ауруханаларға жеткізе алады. Амбулатория Есіл аудандық ауруханасының дәрігерлік бригадасымен нығайтылып, қажетті барлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілді. Калачи селосы тұрғындарының арасында әлеуметтік карта жасалды. Әрбір тұрғынның жеке денсаулық төлқұжаттары толтырылды. Ұйқы дертінің нышаны бар адамдар қадағалауға алынды. Бүгінгі күні облыс әкімдігі ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізіп, қасіретті Калачидің тұрғындарын облыстың өзге өңірлеріне көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үстіміздегі жылдың 25 мамырына дейін құрамында 169 адамы бар 62 отбасы көшірілді. Олардың көші-қон кезіндегі барлық шығындары өтелді. Осы арада өзге өңірлерге қоныстанған Калачи селосының тұрғындарына тұрғын үйдің тегін берілетінін және бірден жекеменшігіне көшірілетінін айта кеткен жөн. Оның үстіне жаңа қонысқа қазығын қадағандарға сол жердегі ауқатты кәсіпорындар уақытша пайдалануға мал да беріп жатыр. Төлі қоныс аударғандардікі. Бұл да жанашырлық.
Облыстық әкімдік мүдделі орталық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Калачи селосы, Красногорск поселкесі және бірқатар елді мекендерді көшірудің кешенді шараларын қарастыруда. Үстіміздегі жылдың ақпан айында республикалық бюджеттен жоғарыда аталған елді мекендердің тұрғындарын көшіру үшін екі миллиард теңге бөлуге бюджеттік ұсыныс жасалды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 953,5 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Оның 659,4 миллион теңгесі екі тұрғын үйді салуға, 214,6 миллион теңгесі бір тұрғын үйді қайтадан жөндеуге, 79,4 миллион теңгесі жоғарыда аталған құрылыстарға инженерлік-коммуникациялық жүйе тартуға бөлініп отыр. Бүгінгі таңда мердігерлік ұйымдармен жұмыс жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 5-7 ай көлемінде толық атқарылып бітпек.
Калачидегі ахуал үнемі облыс әкімінің ерекше назарында. Село тұрғындарын өзге өңірлерге көшірумен, елді мекендегі қордаланып қалған мәселелерді түбегейлі шешу шынтуайтында салмағы шаш-етектен келетін үлкен мәселе. Осы бір ауқымы зор мәселені алғаш көтеріп, оны ойдағыдай шешудің басында облыс әкімі Сергей Кулагиннің тұрғандығын екпін түсіріп айта кетуге болады.

Қоянды: айқын көзқарас

Ел астанасының іргесіндегі елді мекендерден қоныс тебу көп адамның арманы. Сұраныс та, ұмтылыс та көп. Целиноград ауданына қарасты Қоянды селосында жер телімін өз беттерімен басып алу фактілері мөлшерден тыс көбейіп кетті. 2007 жылы жалпы аумағы 23,9 гектар болатын 167 жер телімінің қоныстанушылармен заңсыз басылып алынғаны тіркелді. Осы жердің 12,3 гектары мемлекет меншігі болса, 11,6 гектары «Сарыарқа Табыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Бұл жағдай 2014 жылы да өрши түсті. Жер сату сияқты  алаяқтық оқиғалар да орын ала бастады. Қоянды селосында осындай 40 жағдай орын алса, іргедегі Шұбар селосында да өз бетімен жер телімін иеленудің 10 фактісі белгілі болды.
Адамдарға жер телімі қаншалықты керек болғанымен, істің бәрі заң шеңберінде жүзеге асуы тиісті. Мұндай жүгенсіздікке жол беруге болмайтын еді. 2014 жылдың 14 қазанында жергілікті атқарушы органдардың күшімен өз бетімен жер телімін иеленгендердің болашақ тұрғын үйлерінің іргетасы сыдырылып, батыл шара қолданылды.
Мұнан әрі жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік шиеленістің ошағын сөндіру үшін тығырықтан шығатын баламалы жол іздей бастады. Қоянды селосының бас жос-парына өзгерістер енгізілді. Онда құрылыс жүргізуге болмайтын шеңберлер есептеліп, нақтыланды. Тұрғын үй салу үшін ретті жерлердің мемлекеттік актілері дайындалды. Ел ішінде түсінік жұмыстары жүргізіліп, бақылаусыздықтың салдарынан, алаяқтықтың әсерінен орын алған кемшілік түзетілді.
Бүгінгі күні Қоянды селосында заңсыз алынған, жалпы көлемі 25 гектарды құрайтын 177 жер телімі бар. Оның 15,5 гектары мемлекет меншігіндегі жер. 9,5 гектары «Сарыарқа Табыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігі.
Халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізу өз бетінше жер телімін иеленудің алдын алып, өзекті мәселе шешімін тауып келеді. Ел ішіндегі ересен істі тәртіпке келтіру үшін Қоянды селолық округі аппаратының қызметкерлері көбейтілді. Ішкі істер органдары жер телімдерін заңсыз сатқан, пайдаланған адамдарға қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғады.
Әрине, халық баспана салу үшін жер теліміне зәру. Бірақ, барлығы заң шеңберінде болуға тиісті. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары әртүрлі жорамалдаса да, облыс әкімі Сергей Кулагиннің бұл мәселеде көзқарасы айқын. Қоянды елді мекені қатаң түрде бас жоспарға сәйкес дамытылуы керек. Заңсыз жер иеленушілерге мұнда жол жоқ. Белгіленген «қызыл сызыққа» заңсыз қазық қаққандардың әмірі енді жүрмейді. Тәртіпті талап еткен тегеуріннің арқасында шиеленіскен мәселе осылайша оңтайлы шешілуде.
 
Ауыз су азабы артта

Егіндікөл ауданы көптен бері ауыз судың азабын тартып келіп еді. Бүгінде ауданның барлық елді мекендеріне тәулік бойы су беріліп тұр. Мұндағы жағдайды оқырманның көз алдына елестету үшін 2013 жылы құбыр арқылы 125 текше метр су жеткізіліп, ауданның елді мекендеріне тәулігіне екі сағат қана су босатылғандығын айтсақ та жеткілікті. Тіпті, ауданның елді мекендері үш апта сусыз қалған оқиғалар да орын алған.
Бүгінгі таңда Сабынды селосындағы бас құрылғыға қосымша насостар орнатылып, жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен, аудандағы елді мекендер күні кешегі су азабын біртіндеп ұмыта бастады. Егер 2013 жылы 125918 шаршы метр су жеткізілсе, 2014 жылы 190299 шаршы метр су жеткізілетін болды. Су көлемін көбейтумен қатар, өткен жыл ішінде су құбырлары да жөндеуден өткізілді. Жөндеу жұмыстары судың шығын болмауы-на айтарлықтай септігін тигізді. Осындай ел қамын ойлаған іргелі істердің арқасында ауыл-село тұрғындары соңғы жылдары қол жетпес армандай болып көрінген су мәселесін біржола түбегейлі шешіп алды. 2014 жылы облыстық бюджеттен Егіндікөл ауданындағы су құбырларын жөндеуге, тозығы жеткен құрылғыларды ауыстыруға 20 миллион теңге қаражат бөлінді.
Су – тіршілік көзі. Апталап емес, сағаттап үзілгеннің өзі жүйкеге жүк түсіретін салмақ. Ал, егіндікөлдіктер әлденеше жыл бойы судың зарын әбден тартты. Бұрын Ұзынкөл селосының тұсында су жүйесі арқылы әрбір елді мекенге су бөлінетін. Ол насостардың көмегімен тікелей бөлінетін. Судың қысымына шыдамаған көнетоз құбырлар жиі-жиі істен шығып жатты. Қазір Сабындыдан жеткізілген су Ұзынкөл селосының жанындағы су жинайтын мұнара арқылы бөлінеді.
Бұрын істен шыққан құбырлар жөнделіп, жаңартылып, осы бағыттағы барлық жұмыс тиянақты атқарылды. Нәтижесін қазір аудан халқы анық көріп отыр.  Облыс әкімі өз күш-жігерімен қаншама жыл ауыз судың зардабын  тартқан егіндікөлдік тұрғындардың да ең басты мәселесін шешіп берді.

Елбасының оң бағасы

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әр күн сайын атқарылып жатқан қыруар істі бір мақалада толық қамтып шығу міндет емес. Біз бүгінгі сараптамада бас-ты-бастыларына тоқталдық. Үстіміздегі жылғы тұтас ел өміріндегі айтулы саяси оқиға кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы болды. Бұл жолы да ежелден жақсы еңбек дәстүрлері қалыптасқан, бірлігінің арқасында берекесі еселенген Қараөткел мен Көкшетаудың ен даласын жайлаған еңсесі биік жұрт арманының биік, ауызбірлігінің мықты екендігін көрсете білді. Сайлау ұйымшылдықпен, ынтымақпен өткізілді. Наурыз айының 16-сы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан
Назарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Көкшетау қаласындағы бірқатар өндіріс ошақтарын аралап, атқарылып жатқан игі істермен танысты. «Бурабай» спорт сара-йында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» республикалық форумына қатысып, сөз сөйледі. Өңір ахуалымен жете танысқан Елбасы облыстағы бірқыдыру оң шаруаларға жоғары баға берді.   

Түйін

Дағдарыстың дауылы төрткүл дүниені еріксіз есеңгіретіп тұрған бүгінгі шақта облыстың басшылығында отырған іскер азамат, тәжірибелі басшы Сергей Кулагин толымды тәжірибе, істің көзін білетін іскерлігінің арқасында елдің еңсесін түсірмес деп сенеді халық. Облыс орталығында ұзақ жылдан бері жылу электр станциясы салынады деген үміт бар. Республиканың барлық облыс орталықтарында дәл осындай станциялардың бар екендігі белгілі. Жоғы жалғыз Көкшетау. Станция салына қалған уақытта ыстық суға, сәл арзандау электр қуатына, ең бастысы, жылуға жарып қалар едік. Облыс орталығы үшін аса маңызды осы бір ауқымды шара Сергей Витальевичтің қажыр-қайратының арқасында жүзеге асатындығы кәміл. Солай болған жағдайда бұл облыс орталығының тарихындағы айта жүрерлік іс болар еді. Елбасы Жолдауында, күні кешегі баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет құрудың 100 қадамында тағы бір айқын көрініс тапқанындай, алда әлемнің азуын айға білеген отыз елдің қатарына ілігу басты мұрат болып тұр. Қазақ елін алып шаңыраққа баласақ, сол шаңырақтың бір уығын көтеріп тұрған Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің зымырандай зулаған жүйрік уақыт шеңберіндегі қас-қағым сәт тәрізді бір жылғы жұмысына ой жүгірте отырып, өзімізше осылай безбендедік. Алда асыл мұрат, биік меже, егеменді еліміздің асқаралы асулары бар. Тарихи дәстүрі бай, құтты мекеннің келешегі осындай аптал азаматтарға тікелей байланысты екенін дана ел де біледі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар