Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Көкшетау қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, жазушы Мәлік Ғабдуллин ескерткішінің жанында жастарды әскер қатарына салтанатты жағдайда шығарып салу рәсіміне қатысып, ақжарма тілегін жеткізді.
–Әскер әрбір азамат үшін өмірлік мектеп болып табылады. Осыдан жиырма үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштері құрылған болатын. Президентіміз өзінің бір сөзінде: «Біздің жауымыз жоқ, басқа елдермен қарым-қатынасымыз жақсы. Алайда, тәуелсіздігімізді, шекарамызды сақтап қалу үшін бізге жақсы жарақтанған, жоғары мобильді әскер қажет» деп атап өткен еді. Батыр бабаларымыздың ерліктері сіздерге үлгі-өнеге болуы тиіс, – деп, жас ұландардың Отан алдындағы қасиетті борыштарын абыроймен атқаратындықтарына зор сенім білдіре келе, облыс әкімінің орынбасары бір топ болашақ сарбаздарға естелік сыйлықтарды табыс етті.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Жанат Ережепов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Чапай Әбутәліпов, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбырай және ата-аналар атынан сөз сөйлеген Айнаш Айтбаева жастарға сәт сапар тілеп, олардың әскер сынды өмір мектебінен жақсы шыңдалып, қатарымызға нағыз ержүрек сарбаз болып оралатындықтарына тілектес екендерін айтты. Ал, әскер қатарына шақыртылған Әділет Тайпақов замандастарының атынан аға буынның талап-тілектеріне сай болуға, туған жеріне адал қызмет етуге уәде берді.
Бұл күні шырқалған патриоттық әндер де болашақ ұландарға Отан алдындағы борыштарын өтеу жолында сәт сапар тілеп тұрғандай. Осы орайда жиналған қауым ауған соғысының ардагері Нұрбек Әбілқасымов пен жас әнші Әлихан Қайырбектің туған ел, жауынгерлер жайлы әуелете шырқаған әсем әндерін ұйып тыңдады. Шара соңында барлық қатысушылар естелік суретке түсті.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.