Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасында қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Жетпісқалиевтің шығармашылығына арналған «Кеудемде жыр қайнағанда…» атты тақырыпта «Тұлға» электрондық басылымының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Электрондық басылым тоғыз бөлімнен тұрады. Басылымға автордың өмірбаяны, шығармашылығы мен 400-ден астам мақаласы жинақталған. Әрі аралас-құралас жүрген әріптес ағалары мен інілерінің жүрекжарды ілтипаттары да енгізіліпті.
Шараға жиналғандар электрондық басылыммен жете танысып, әр бөлімнің идеясы мен мән-маңызына бойлады. Әсіресе, көпшілік қауымға жазушының балаларға арналған шығармалары жылы әсер етті. Автордың әртүрлі тақырыптағы ертегілері мен хикаяттары оқырманды жетелеп отыратын қызықты сюжеттерге толы. Бұл туындылар жас ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке, тапқырлық пен батылдыққа тәрбиелейді.
Кеш барысында қаламгер туралы жылы лебіздер айтылды. Ақын-жазушылар Жұмабай Есекеев, Төлеген Қажыбай, Ғосман Төлеғұл, Иран Тасқара және Шәмшия Айтжанова С.Жетпісқалиевтің шығармашылығына оң баға беріп, облыстық филармонияның әншісі Абсалық Салық әсерлі кешті әнмен өрнектеді.