Оралхан Бөкей оқуларының жеңімпазы анықталды

Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сара-йында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен заманымыздың заңғар жазушысы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің ХVІІ облыстық байқауы болып өтті.

Қапыда үзілген қысқа ғұмырында қазақ әдебиетінің классикалық үлгілерінің қатарына небір тамаша туындылар қалдырып үлгерген жазушы Оралхан Бөкейдің шығармашылығын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, халық арасынан талапты да талантты жастарды іздеп табу мақсатында өткізілген облыстық байқауға қалалық және аудандық сайыста жеңімпаз атанған он алты мен жиырма екі жас аралығындағы жастар қатысты. Прозалық, драмалық шығармалардан үзінді оқу мен мәнерлеп өлең оқу секілді үш кезең бойынша бақ сынасқан үміткерлер байқау шарты бо-йынша міндетті түрде Оралхан Бөкейдің бір шығармасын оқуы керек болды.
Биылғы байқауға қатысушылардың аса жауапкершілікпен дайындалып келгендігі көзге көрініп-ақ тұрды. Мәселен, бұдан бұрынғы жылдары байқау барысында қатысушылар арасында қайталаушылық, сахнаға шыққандағы қорқыныш, қобалжу себебінен мәтінді ұмытып қалу сияқты кемшіліктер көп болатын. Осы жолы байқау қатысушылары көрерменді өздерін сахнада еркін сезінулерімен, шығарма таңдаудағы талғампаздығымен, дауыс мәнерімен, тіл тазалығымен, актерлік шеберліктерімен баурап алды десек болады.
Сонымен, Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев бастап төрелік еткен қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды көкшетаулық Ардақ Қасымханов иеленді. Ал, жүлделі екінші орын степногорлық талантты жас Өнер Әділқазыға берілді. Үшінші орын Аршалы ауданының намысын қорғаған Ділбар Қалпақпаеваның еншісіне бұйырды. Жеңімпаздар облыстық тілдерді дамыту басқармасының дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар, Есіл, Целиноград және Ақкөл аудандарынан келген Назгүл Нұртай, Дәмелі Ыдырысова, Ақмарал Хасен сияқты өнерпаздар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Облыстық байқаудың жеңімпазы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің алдағы уақытта өтетін республикалық сайысында облыс намысын қорғайтын болады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар