«Ақмола Медиа Орталығында» Еңбекшілдер ауданының әкімі Асқар Қиықов биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді.
–Ауданда экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін мемлекеттік және салалық бағдарламалар жүзеге асырылуда,– деді аудан әкімі. – Өңірде ірі кәсіпорындар темір, полиметалл, алтын, уран рудаларын және әктас өндіреді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері «Өркен-Атансор», «Каз Биф ЛТД», «Қазгер Құс», «Көкше-Цемент» жобалары жүзеге асырылуда. Өндірістік кәсіпорындар биылғы жылдың
4 айында 3,9 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Аудан бойынша ірі кәсіпорындар болып саналатын жауапкершілігі шектеулі «Өркен-Атансор», «Семізбай U» және «Жаңалық GOLD» серіктестіктері 142,4 мың тонна темір, 130,5 тонна уран, 08 мың тонна алтын рудасын өндірді. Ал, «Көкше-Цемент» серіктестігінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын,– деді аудан әкімі.
Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2,1 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл облыс көлеміндегі ең жақсы көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында мал шаруашылығын дамыту барысында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Ірі қара мал басы, қой-ешкі, жылқы мен құс саны көбейіп, экспортқа 83, 9 тонна ет шығарылыпты. Жыл басынан бері ауданның барлық санаттағы шаруашылықтары 1912 тонна ет, 4048 тонна сүт, 87,6 миллион дана жұмыртқа өндірген. Жұмыртқа өндірісін ұлғайту мақсатында екінші құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда 2 цех пайдалануға беріліпті. Биыл аудан бойынша асыл тұқымды репродуктор мен тауарлы сүт фермаларының құрылысын жүргізу көзделген. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 6 жоба жүзеге асырылған.
Аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеуге 73,3 миллион теңге қарастырылған. Биылғы жылы қалалық парктегі абаттандыру жұмысын аяқтау көзделіпті. Орталық бу қазандығына үш жаңа қазандық орнатылмақшы. Елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, санитарлық жағдаймен және ауыз су жүйесімен қамтамасыз етуге қомақты қаржы қарастырылған. Аңғал батыр ауылын дамыту шараларының кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Жұмыспен қамту қызметі арқылы 10 адам жұмысқа орналастырылса, 32 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілген. 69 жаңа жұмыс орны ашылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша Макинск орта мектебін жөндеу жоспарланып отыр. Бұл нысанда 10 адам жұмысқа орналасады. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша өз істерін ашатын 14 адамға несие беру көзделген.
Аудан орталығындағы мектепаралық өндірістік оқу комбинаты жоғары сынып оқушыларын автомеханик, автокөлік жүргізушісі, тігінші, референт-хатшы, ЭВМ операторы, механизатор және құрылысшы мамандықтарына оқытады. Жөкей көлінің жағалауында «Берқұтты» туристік мейманхана кешені жұмыс істейді. Жаз айларында мұнда спортпен айналысып, атпен саяхат жасауға болады. Қызылұйым ауылында «Зере» ат спорты кешенінің құрылысы аяқталады. Одан әрі аудан әкімі аудан алдында тұрған кезек күттірмейтін мәселелерге тоқталды. Биылғы жылдың тамыз айында «Көкше цемент» зауытын пайдалануға беру көзделген. Кәсіпорын өңірдің 700 тұрғынын жұмыспен қамтымақшы. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың соңында жауапкершілігі шектеулі «ҚазГерҚұс» серіктестігінің екінші құс фабрикасы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнда 93 жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Алтын өндіретін «Байлөсті — Алтын» серіктестігі жұмысының жаңғыртылуына үміт артылып отыр. Кәсіпорында 80 жұмыс орнын ашу көзделген. Қазір Мақпал ауылындағы мектеп құрылысы жанданды. Құрылысшылар бұл нысанды тез арада пайдалануға беру үшін бар күш-жігерлерін салуда.
Баспасөз мәслихаты соңында аудан әкімі Асқар Қиықов журналистердің сауалдарына тұшымды жауап берді.