Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жарық дүние шырайын келтірген - АРҚА АЖАРЫ

Жарық дүние шырайын келтірген

«Өмір – шексіз дария, Адам – дарияда жүзген кеме» десек, сол кеменің келешегі кемел боларын адам өз басына түскен ауыртпалықтан қашпай, қатал тағдырға қасқайып қарсы тұрып, жеңіп шыққанда ғана сезінеді екен. Сондай жанның бірі – адамзат баласына тән адамгершілік асыл қасиеттер өн бойынан табылатын, үлкенге ізет, кішіге құрметпен, жылы жымиып, қашан көрсеңде қарапайым қалпынан жаңылмайтын Сәбит Бекмағанбетов.

Отбасында алты баланың үлкені  Сәбит аға анасы көз жұмғанда 16 жаста. Ал, соңынан ерген шиеттей бес бауырының кенжесі небары үш жаста. Бұрынғы Көкшетау облысы Щучинск ауданының Кіндікқарағай ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келіп, бар өмірін бауырларына арнаған ол орта мектепті бітіргеннен кейін Астана қаласындағы сол кездегі Целиноград мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі.
Бала кезден анасының ауруын сезініп өскені соншалық, мектепте оқып жүргеннен-ақ, дәрігер болуды армандады. Өйткені, оның көкейінде анамды емдеп-жазсам деген ниеті болатын. Әттең, тағдырға не шара? Алғашқы сессиясын тапсырып жатқан кезде анасы қатты науқастан көз жұмыпты. Сессиясын тапсыра сала алып-ұшып еліне келсе, анасын үш-төрт күн бұрын, жер қойнына тапсырып та қойған екен. Сондағы балаң көңілі аһ ұрып, аяулы анасын қалай іздеді десеңші… Өйткені, сол шақтарда оның есіне кішкентайында анасы қатты ауырғанда қолынан жетелеп, аудандық ауруханаға апаратыны түсті ме екен, кім білсін?
Иә, 40 жасқа толмаған қайран ана алты ұл-қызының қызығына да тоймай мәңгілік мекеніне мезгілсіз кете барды. Ал, үш жастағы, ең кіші бауыры анасының аялы алақанын сезіне де алмады. Алайда, Сәбит аға өзі де құстың қауырсынындай нәзік бола тұра бір күнде қайраттанып шыға келді.
Өйткені, анасы осынау жарық дүниемен қоштасарын білсе де, «Балам оқысын, алғашқы сессиясы қиын болады», – деп ана жүрек соңғы демі үзілгенше бұлқынып, бар ауыртпалық Сәбитіне түсерін сезгендей ұлының оқығанын қалап, шақыртпайды. Сонымен, бар жүкті арқалаған Сәбит аға өзінен кейінгі бес бауырын жеткізу үшін қандай қиындықты бастан кешті десеңізші.  
«Әкесіз жетім – жартылай жетім, анасыз жетім – тұл жетім» – деген мұнымен өмір тоқтап қалмады. Әкесі екінші рет отбасын құрды. Сәбит аға оқып жүріп, демалыстарда үйге келгенде бауырларының жүдеп жүргенін көріп, ет жүрегі езіліп кететін. Сөйтіп жүріп, түнде жұмыс істеп, күндіз оқып, тапқан еңбекақысына ба-уырларына киім алатын… Бірде демалыста елге келсе, 8-9 жас шамасындағы кіші қарындасы қатты науқастанып қалған екен. Оны тездетіп аудандық ауруханаға апарып, өлім аузынан алып қалуға қол ұшын берген де өзі болатын.          
Студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын сезініп өтетін шағында шиттей бауырлары үшін шыбын жаны шырылдап, жанын шүберекке түйіп, уақытынан ерте қатая түсті… Бауырларын жеткізу үшін әкенің де ананың да жүгін бір өзі арқалауға тура келді. Иә, ол айтуға ғана оңай-ау. Сол жолға өзіңді қояр болсаң дене-құйқаң шымырлап, бір сәт дағдарып қаларың сөзсіз. Мұндай ауыр соқпақты Алла тағала өзінің көтере алатын сүйікті пендесіне ғана береді дегенді естуші ем… Бұл сірә, қиындықты қайсарлықпен жеңе алатын Сәбит ағадай абзал азаматтың бойында болса керек.
Оқуды бітірген соң, өзінің Көкшетауына келіп, бауырларымен бірге тұру үшін бір бөлме алып,  алғашқы еңбек жолын көз дәрігері болып бұрынғы Ленинград ауданынан бастаған. 1981 жылы жан жары Шынар Ибрагимқызымен отбасын құрып, өзіне тете қарындасы Сәулемен әркез ақылдаса отырып, бауырларын оқытып, жеткізді. Тағдырдың мойнына салған ауыртпалығынан қорықпай қайта үлкен жауапкершілікпен қабылдап, бауырларын жеткізуді өзінің парызы санады. Оларды аяқтандырып қолдарынан келгенше той жасап, ата-анасының орнын жоқтатпауға тырысты.
 Ленинград ауданында бас дәрігердің орынбасары болып абыройлы қызмет етіп, елдің ыстық ықыласына бөленеді. Өйткені, өзі бас болып, қоғамдық жұмыстарға қатысып, домбырамен ән айтып аудандағы мәдени іс-шараларға белсене араласқан.
Сөйтіп, 1995 жылы облыс орталығына қоныс аударып, көз ауруханасының жанындағы облыстық кеңес-диагностикалық емханасында офтальмолог болып қызметке орналас-
ты. Одан кейін «Оптимедсервис» ЖШС-да офтальмолог дәрігер, Көкшетау қалалық офтальмологиялық орталығында, облыстық көз ауруханасының таратылуына байланысты 2000 жылдың қаңтар айынан бері Көкшетау қалалық емханасында офтальмолог дәрігер болып, бүгінгі күнге дейін осы салада жарты ғасырға жуық үздіксіз қызмет істеп келеді.
Өткен жылы Астана қаласындағы медициналық академияда оқу орнын бітірген курстастарының 40 жылдық кездесуіне қатысып, көңілді кештің куәсі болған. Сонда Германия, Украина, Ресейден келген курстастарын көріп, бір жасап қалғаны бар. Сол кездесуде қызы Салтанат та ән шырқап, өнерімен тәнті етті. Ол Астана филармониясының хор директоры әрі камералық хор әншісі болып қызмет істейді.
Бүгінде Сәбит аға Шынар апаймен 35 жылға жуық тату-тәтті ғұмыр кешіп, бақыттың бағында, немерелерінің ортасында отырған өнегелі отбасы. Оған қоса, Көкшетау қаласындағы ең бетке ұстар көз дәрігері. Оны бүгінде көп адам іздеп жүріп, емделетін күйге жетті. Оның қай емделушісінің пікірін сұрасаң да қарапайым,  кішіпейіл, адал жан деп бағалайды. Өн бо-йына адалдық пен парасаттылықты ту еткен абзал азамат, бүгінде адал дос, асыл жар, ардақты әке, аяулы атаға айналды. Жастайынан ешкімге алақан жайып, біреуден марапат күтпейтін, еңбекпен ерте есейген қарапайым жан әр жылдарда алған дипломдарымен, Алғыс хаттарымен және емделушілерінің ыстық ілтипатымен марқайып, зейнет жасына да абыроймен жетті.
Мерейлі жасыңыз құтты болсын, ардақты аға. Сіздей жандар қатары ешқашан толастамасын. Міне, ел сыйлаған азаматтың жұдырықтай жүрегінің жемісі осылай бағаланса керек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар