Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласында жазғы жөндеу жұмыстарының қарқыны мен сапасын арттыру мақсатында бірқатар нысандарды аралап, осы іспен айналысып жатқан мердігер ұйымдардың алдына нақты міндеттер қойды.
шағын ауданындағы үй аулаларын жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Тұрғындардың көпқабатты үйдің жертөлесі, лифтісі мен шатырын жөндеу жөніндегі өтініштеріне назар аударып, тұшымды жауап берді. Биыл бұл шағын ауданның 8 көпқабатты тұрғын үйінің төрт ауласын абаттандыруға қомақты қаржы қарастырылған. Осы жұмыстарды «Тәуелсіздік-Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.
Үй аулаларында автокөлік тұрақтарын, балалар ойнайтын алаңдар мен өзге де арнайы орындар салу көзделген. Құрылысшылар қазір жаяу жүргіншілер жолының ескі асфальтбетоны, тастар мен плиталарын бұзып алуда. Барлық үй аулаларындағы ескі ағаштар да ауыстырылуда. Бірқатар тұрғын үйлердің ауласында жаяу жүргіншілер жолының құрылыс жұмыстары бас-талып кеткен. Облыс басшысы бірінші кезекте тұрғындар көп тұратын тоғыз қабатты үйлердің аулаларын абаттандыруды тапсырды. Одан кейін «Авиценна» медициналық орталығының жаңа ғимаратында болып, ота жасайтын және өзге де бөлмелерді аралап көрді. Мекеме жаңа ғимаратқа тамыз айында қоныс аудармақшы. Мұнда білікті дәрігерлер еңбек етеді. Қажетті медициналық қондырғылармен қамтамасыз етілген мекеме қала тұрғындарына әртүрлі медициналық қызмет көрсетуде. Өткен жылы мұнда 46 мың адам
емделген.
Облыс әкімі одан әрі теміржол вокзалының күрделі жөндеу жобасымен танысты. Жобада ғимараттың іші-сыртын, шатырын жөндеу, барлық инженерлік және желдеткіш жүйелерін ауыстыру, жарықтандыру жұмыстары қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда қазіргі заманғы медициналық пункт пен демалыс бөлмелері жұмыс істейтін болады. Өңір басшысы №11 «Арай» бала бақшасында болып, бөлмелерді аралады. Бүлдіршіндермен және педагогтар ұжымымен жүздесіп, хал-жағдайларын сұрастырды. Бала бақшада музыкалық зал, қазақ тілі, психолог, логопед, әдістемелік бөлмелер жұмыс істеуде. Қазір мекемеде 240 бүлдіршін тәлім-тәрбие алып жатыр.
Биылғы жылы Көкшетау қаласында
11 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ол жөнінде облыс әкімі Сергей Кулагиннің облыс орталығындағы нысандарды аралау барысында белгілі болды. Сөйтіп, 2015 жылы 26 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмекші. Өңір басшысы «Васильковка» шағын ауданының солтүстігінде бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысып, жұмыс сапасына назар аударды. Бүгінгі таңда абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Он күннен соң бес 30 пәтерлік тұрғын үйдің пәтер кілттері иелеріне тапсырылады. Бұл көпқабатты үйлер «Тұрғын үй құрылысы жинақтау банкі» акционерлік қоғамының салымшылары үшін салынған. Жұмыс сапары соңында облыс әкімі жаңа ашылған «Аристократ» мейрамханасын аралап көрді.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.