Ел болып қастерлейтін басты құндылықтарымыз

Өзінің төл бастауын сайын даланы мекен еткен сақтардан алатын қазақтың бүгінгі тарихы небір тағылымдарға толы болып отыр. Азат ел боламыз деп үкілі найза ұстаған алаш бұл биік мақсатына да қол жеткізді. Ғасырлар бойы бодан болған халықтың ақ сарбас айтып, ақ түйенің қарны жарылған күнді аңсары ауып күткенін несіне жасырамыз.

Гүлжанар ШӨКЕЕВА,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы

Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен 90-ыншы жылдардың басында бабаларымыздың асыл арманы болған азаттығымызды алғанымыз тарихта алтын әріптермен жазылды.  
«Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді» деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің ел тәуелсіздігі мерекесі күні сөйлеген сөзінде. Одан әрі ол Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан мына дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі қазіргі тәуелсіздігіміз екенін атап көрсеткен. Сондықтан, еңселі ел болу үшін әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өзіміздің қолымызда екендігін айтты Елбасы.
Міне, Мәңгілік ел идеясының астарында кешегі бабаларымыздың Көк байрақты  асқақ ұстап, өз туған даласын қызғыштай қорғағаны жатқан жоқ па?! Бұл еңсесі биік бізді асқақ армандарға жетелейтіні де содан. Қазақ сияқты кең қолтықты елде сан ұлттың өкілі тату тұрып, ынтымағы жарасқаны қандай шарапат дерсің.
Елдіктің еңселі биігін аламыз деген талпыныстың астарында өз туған Отанымызға деген сүйіспеншілік сезімі жатыр. Біз өзіміздің мемлекеттік рәміздеріміз арқылы туған жерге деген қастерлі ұғымды асқақтата аламыз. Көк туымыз да, алтын пырақты Елтаңбамыз да, Алаштың ұранына айналған Әнұранымыз да ынтымақ пен бірлікті ғана паш етпейді, қазақ сияқты тағдырдың  талай тәлкегін көрген ұлттың биіктерге ұмтылған мақсат-мүддесін де айғақтайды.  
Әлі есімізде біздің тәуелсіз еліміздің ең алғашқы елдік рәміздері жасалып жатқанда арнайы комиссияның жұмысына Елбасының өзі де қатысқан екен. Сонда ол біздің байрағымыздың азаттықты аңсаған елдің бейбіт аспанын паш ететін көк түсті таңдағаны шынымен кездейсоқтық емес. Ал, шаңырақтың екі жағын өздерінің алтын қанаттарымен көмкерген пырақтар ше? Бұл да рәміздер талқыға түскен кезде сегіз бұрышты жұлдызды бейнелеуді ұсынғандарға  тосқауыл болған еді. Байрағымыздағы қанатты қыран да жаугершілікті емес, бейбітшілікті көксейтін биіктікті аңғартады.
Олай болса Елбасымыздың тұңғыш тәуелсіздік рәміздеріміздің ұлтымыздың төл тарихынан тамыр тартып, біздің болмысымызға қарай айшықталуын қалағаны жайдан жай емес. Бұл көреген елдің көсегесін көгертемін деген ерінің аңсар арманы еді. Ата Заңымызда: «Біз – қазақ ежелден еркіндік аңсаған…» деп басталатын жолдардың да бір-бірімен жарасым тауып жатқаны шынайы сезімнің бір көрінісіндей есте қалады.
Қазір біз жаһандық дағдарыстардың да тегеурініне қарымды қадамдар жасап жатырмыз. Кеше ғана Елбасымыз елді дамытудың 100 қадамы жөнінде ұлттық бағдарламасын ұсынды. Мұнда қазақ елінің жаңа заманға лайықталған жобасы жасалды. Өрлеу арқылы біз өркениетті биіктерге қол жеткізе аламыз. Ол үшін бізге қандай құндылықтар қажет? – деген сауал да ойға оралатыны бар.
Меніңше, біздің ең басты мақсатымыз  – қоғамдық келісімді сақтай отырып, ұлттық татулығымызды берік ету болып табылады. Осы арқылы біз барлық ұлттардың қасиетті Отанға деген шынайы сезімдерін ұштай аламыз. Өйткені, мемлекеттік рәміздер ешкімді ұлтына алаламастан, барлығының ортақ мүдде жолында өмір сүруін қалайды. Сондықтан, Отанға деген сүйіспеншілік – бұл әлемдік ареналарда ел намысын қорғау деген сөз ғана емес, осы елдің ішінде жүріп те әр салада еңбек етіп жатқан адамдардың санасында туған жерге деген қастерлі ұғым қалыптасуын да аңғартса керек.
Мемлекеттік  рәміздер – мемлекеттік идеологияның ең маңызды бағыттарының бірі. Халықаралық ареналарда біздің отандастарымыз биік дәрежеге көтеріліп, мемлекеттік рәміздерімізді асқақтатып тұрғанда қандай сезімде болатынымызды өздеріңіз де білесіздер. Ал, осындай сезім әр адамның жүрек түкпірінен орын алса қандай ғанибет. Біреу мұны өзінің білімімен, енді біреу өзінің адал еңбегімен көрсете алуы тиіс. Елге деген адалдық та осы мінез-құлықтар арқылы қалыптасады.
Мемлекеттік  рәміздер – елдіктің айшықты арнасындай көрінеді. Өз елін сүюдің шынайы айғағы іспеттес. Әр адам өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімді оның мемлекеттік рәміздерін құрметтеу арқылы көрсетеді. Біздің өңірімізде  «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңын қаншалықты біледі деген сауалға жауап іздеп көріп едік. Осы жылдың мамыр айында облыстық ішкі саясат басқармасы өңір тұрғындары арасында арнайы сауалнама ұйымдастырды.
Бұл зерттеудің нәтижесінде сауал қойған респонденттеріміздің әр екіншісі мемлекеттік рәміздер туралы заңды ғана емес, оның баптарын да білетіндігін анықтадық. Сұралған адамдардың басым көпшілігі аталған заңның қашан қабылданғанын да айтып берді.
Бізді бір қуантқаны респонденттерге жолданған мемлекеттік рәміздерімізді орналастыру кезегі туралы сұраққа да тұшымды жауаптардың берілгені дер едік. Олардың 58,4 пайызы ең алдымен  Ту, Елтаңба және Әнұран көрнекі жерге орналастырылатынын   атап көрсетті. Ал, Мемлекеттік Ту басшылар кабинеттерінде ілінетінін де сауалға жауап бергендер білетін болып шықты. «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының мәтінін білесіз бе?» деген сауалға респонденттердің 85 пайызы өздерінің жатқа айта алатынын жеткізеді. Осының өзінен Әнұранға деген құрметтің ерекше екенін көреміз. Мұны алқалы жиындарда барлық адамдардың бір кісідей айтып тұрғанынан да аңғаруға болады.
Әрине, сауалнама қойылған ақмолалықтардың басым бөлігі мемлекеттік нышандар туралы ақпараттың негізгі арнасы бұқаралық ақпарат құралдары екенін жоққа шығармайды. Екінші орынға визуалды жарнамалар құралдарын қояды. Өкінішке орай, баспа құралдары деп  тек респонденттердің 5 пайызы ғана жауаптарын жолдаған.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне қатысты қандай сезімді бастан өткересіз?» деген сауалға респонденттердің 50 пайызы мақтаныш сезімді иеленетіндігін жеткізеді. Ал, 48 пайызы құрметпен қараса, тағы 2 пайызы өздерінің нақты жауаптарын бере алмады.
Осы сауалнама нәтижелеріне қарап отырып, өңір тұрғындарының белсенді азаматтық бағдары бар екендігін байқаймыз. Өйткені, сауал қойылған адамдардың 62,6 пайызы азаматтық-патриоттық бағыттағы іс-шараларға белсене қатысатындығын атап көрсетеді.
Біздің негізгі міндетіміз мемлекеттік рәміздерді қолдануды насихаттауға барынша көңіл бөлу болып табылады. Бұл мәдени-ақпараттық, білім және әкімшілік тұрғыдағы арнайы іс-шаралар арқылы жүзеге асырылады. Осы орайда жергілікті жердегі мемлекеттік рәміздердің заңға сәйкес қолданылуы мен орналастырылуы жөнінде тексерістер де жүргізілді. Соңғы екі жылда облыс бойынша 78 нысан тексеріліп, заң бұзғандарына нақты ұйғарымдар жасалды.
Ал, оннан аса көшпелі семинарлар ұйымдастыру арқылы насихаттық жұмысты өрістеттік. Барлық мемлекеттік мекемелерде ақпараттық стендтер жасалды. Әрине, ақпарат құралдары арқылы насихат жүргізу басты орында тұрады. Ағымдағы жылдың өзінде 34 мақала, электрондық ақпаратта 21 сюжетті хабарлар жарыққа шықты.
Міне, біздің еліміз әлемдегі ең бір еркіндікті қалаған мемлекеттердің бірі екендігін осында өмір сүріп жатқан адамдардың қалауынан да байқаймыз. Ешкім өзінің ұлтына бөлініп, жыраққа да кетпейді. Елдік мүдде әрқашан биік екендігін олар сезінеді. Өйткені, біздің еліміз қаншама ұлттардың ынтымағын жарастырған алтын арқау ошағы іспеттес. Біз де осыны көріп, қуанамыз, себебі, елдік мүдде бәрінен биік тұрғаны қандай абзал дер едім.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар