Әр отандасымыздың жүрегінен орын алуы тиіс

Біздің халқымызда «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген тілек сөз бар. Мемлекеттік рәміздерді жасау кезінде Елтаңба авторлары осы сөздерді басшылыққа алғаны айтпасақ та белгілі.  

Елдік рәміздер жайдан-жай жасалына салынған дүние емес, онда біздің өткеніміз, бүгініміз бен болашағымыз айқын көрініс тапқан. 1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалды. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп берді. Қазақстанның қазіргі таңдағы Елтаңбасы үлкен еңбектің арқасында, екі сәулетші Жандарбек Мәлібек пен Шота Уәлихановтың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келді. Елтаңбадағы шаңырақ – қазақ ұлтына ғана тән, сәтті таңдалынған нышан. Шаңырақ қай кезде де қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Елтаңбамыз еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, біздің ортақ үйіміз Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді.
Кез-келген халықтың тарихында заманында сол халыққа күш-қуат берген, рухын жанып, жігерін шыңдаған музыкалық шығармалары бар. Ол тарихтың белгілі бір уақытында сол жұрттың Әнұранына айналған. Мұндай әндер қазақ халқында да көп. Соның бірі – «Менің Қазақстаным». Ақын Жұмекен Нәжімеденов пен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлестігінен туындаған «Менің Қазақстаным» қазақ халқының рухын көтерген, келер күнге деген сенімін арқалаған бейресми Әнұран болды. Ал, «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілгеннен кейін «Менің Қазақстаным» ресми түрде Әнұран болып бекітілді. Сөйтіп, бұл күн тарихқа еліміздің жаңа Әнұранының туған күні ретінде жазылды. Әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған Әнұранның сөзін уақыт өлшемімен үндестірген бірлескен автор, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
 Мемлекеттік рәміздеріміз жайлы ауызша айтып қана қоймай, оны түйсігімізбен сезіну, оларды қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы саналады. Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелер, басқа да ведомстволар болсын елдік рәміздердің рөлін, маңыздылығы мен мән-мағынасын қоғам арасында насихаттауға өзіндік үлес қосуда. Бірі Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұран мәтінінің ғимараттарда дұрыс орналастырылуын назарда ұстап, арнайы комиссиялар тексеріс жұмыстарын жүргізсе, біздің міндетімізге елдік нышандардың маңыздылығын көпшілікке насихаттау кіреді. Ал, рәміздердің қай жерде қалай қолданылуы керектігі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңда тап-тұйнақтай етіп жазылған.   
Жыл сайын осы мақсатта біз айтарлықтай жұмыстар жүргіземіз. Қызметкерлеріміз түрлі семинар, дәрістер өткізу арқылы өскелең ұрпақтың бойына патриоттық тәрбиемен қатар, тәуелсіздігімізді айқындайтын бірден- бір құндылығымыз рәміздерге деген жоғары құрметті сіңіруге тырысады. Онсыз болмайды әрине. Өйткені, адамды өз туған жеріне тартып тұратын тылсым күш ол Отанға деген махаббат, сүйіспеншілік екені баршаға мәлім. Келешекте ұрпағымыз бабаларымыз бізге аманат етіп кеткен егемендікті, діліміз мен тілімізді, шекарамыз бен мемлекеттік рәміздерімізді басқа біреуге беріп қоймай, сары майдай сақтасын десек, ең алдымен патриоттық тәрбие мәселесінде тізгінді жіберіп алмағанымыз жөн деп ойлаймын.
Жұмыс барысымен көптеген шетелдікпен әңгімелескенімде, бір нәрсеге анық көзім жетті. Біздің мемлекетіміз, оның тұрғындары өте білімді, сондай-ақ, қарапайым. Біз қолда барды қадірлей білетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, өз туған өлкемізді бар жанымен  шексіз сүйе білетін халықпыз. Байқап қарасаңыздар, бір ғана облыс орталығының өзінде мемлекеттік рәміздердің қаншама суреттері ілініп тұр. Мемлекеттік рәміздерге деген мұндай құрмет басқа елдерде сирек кездесетінін өңірімізде болған шетелдік азаматтардың аузынан жиі естідім. Лайым осындай мақтау-мадақтауларға ие бола берейік. Аспанымыз ашық, әр күніміз қуанышқа толы болғай.  

Анатолий ДЕРМАНОВСКИЙ,
Ақмола облыстық әділет
департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар